ШЫМКЕНТ КӨШЕЛЕРІ – 300 ЖАҢА АВТОБУСПЕН ТОЛЫҚТЫ
Жыл басында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көлік қызметін жақсарту үшін қалаға 1000 автобустың жеткізіліп, муниципалды автобус паркінің ашылатынын айтқан болатын.
Кешегі аптада қала күні мерекесіне орай «Shymkent Bus» муниципалды автобус паркінің салтанатты ашылуы болды. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы қатысып әлеуметтік жобаның лентасын қиды. Бұдан бөлек, айтулы күнде жұмысын бастаған автобус паркіне Қазақстанда құрастырылған 300 жаңа автобус жеткізілді. Өз кезегінде қала әкімі жұмысын сақадай сай етіп бастауға қамданған муниципалды парк туралы былай деп пікір білдірді.
– Біз тұрғындарға берген уәдемізді орындадық. 300 автобус келді. Қоғамдық көлік – қаладағы ең өзекті мәселенің бірі. Жыл соңына дейін 700 автобус та келеді. Сол кезде барлық мәселені шешеміз. Жалпы, қалада қоғамдық көлік саласын реформалау басталды.
Су жаңа автобустардың 160-сы осы аптадан бастап халық игілігіне қызмет етуде. Ал қалған 140 автобус шілде айында Шымкентке жеткізіледі.
Қала әкімі Ғ. Әбдірахымов өзінің инста-парақшасында тұрғындарға қолайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 1000 автобус Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан Даму Банкі-Лизинг» АҚ-ның арнайы бағдарламасы арқылы «Сарыарқа Авто Пром» компаниясынан сатып алынғанын мәлімдеген.
Жаңадан ашылған «Shymkent Bus» муниципалды автобус паркінде жолаушылар тасымалы және жолаушылар қызметі үшін тиісті жағдайдың барлығы қарастырылған. Яғни, онда жанармай құю бекеті, сервистік орталық, автожуу орны, жатақхана, медициналық пункт пен жүргізушілерге арналған асхана бар. Ал су жаңа автобустар болса ауа баптағыштармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған.
Қазақстанда құрастырылған автобустардың сыйымдылығы 56 адамға шақталған.
Қазіргі таңда Шымкентте күн сайын 500 мыңнан астам адам қоғамдық көлік қызметіне жүгінетінін айта кетейік. Жаңадан ашылған автобус паркі 3000 жұмыс орнының құрылуына негіз болмақ.
uakit.kz