КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ: ТОҚАЕВ ҚЫТАЙ БАСШЫСЫНА ХАТ ЖАЗДЫ

194
0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге коронавирустың таралуына байланысты хат жолдады, деп хабарлайды uakit.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған хабарламада «Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасына қауіпті вирусты тоқтату және жою жөніндегі Қытай басшылығының шешімдері мен іс-қимылдарын жоғары бағалай отырып, Қазақстан үкіметінің Қытайға қажет болған жағдайда жан-жақты гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екені туралы шешімін жеткізді», — деп жазылған.  

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы коронавирустың Қазақстан аумағында тарап кетпеуі үшін үкіметтің қабылдап жатқан іс-шаралары туралы хабарлаған.

Бүгінге дейін Қазақстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ. Кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирус індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады.

Отандық zakon.kz сайты  коронавирус ауруының таралуы туралы «ДСҰ мәліметтері бойынша, әлемде қазірдің өзінде 7 834 адам бұл дертке шалдыққан. Ең көбісі Қытайда — 7 736, 98-і — әлемнің басқа 18 елінде. Мамандар вирустың адамнан адамға жұғуының сегіз фактісін растады. ДДҰ бас директорының мәліметінше, 1370 адамның жағдайы өте ауыр, оның 170-і қайтыс болды, тағы 12 167 адамға күдік келтірілген. Ұйым сонымен бірге «2019-nCoV жедел респираторлық дертіне» уақытша «2019-nCoV» атауын беруді ұсынды» деп жазады. uakit.kz
(Сурет ашық ақпарат көздерінен алынды)