«ҚАЛТАЛЫ АЗАМАТТАР ОТАНДЫҚ ТАУАР ӨНДIРЕТIН КӘСIПОРЫНДАР АШУҒА ҰМТЫЛУЫ ТИIС»
Оңтүстiкте iстiң көзiн тауып, қалталылардың қатарына қосылған жiгiттер көп-ақ. Бiрақ солардың бәрi бiрдей Атымтай Жомарттай қайырымдылық жасауды адами парызы санайды деп айту қиын. Ал, бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiздiң табиғаты мүлдем басқа. «Тектiнiң тұяғы» деуге тұрарлық азамат. «Жақсыдан – шарапат» демекшi, талайларға үлгi-өнеге болатын қыруар тiрлiк атқарып жүрсе де, кеуде керiп, масаттанғанын, қалтасы қанша қалыңдаса да, тоқмейiлсiп, айналасына мұрын шүйiре қарағанын байқаған емеспiз. Үнемi қарапайым, жайдары қалпынан айнымайды. Елбасының бастамасымен дүниеге келген бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында да бiраз шаруаны еңсергенi үшiн жұртшылық оған әрдайым сүйiспеншiлiкпен қарайды. «Әңгiме кiм туралы?» деймiсiз? Әлбетте, Нұралы Әбiшев хақында. Жүрегi кең азаматқа халық төбесiнен орын берген. Ол – бүгiнде соңғы екi шақырылымнан берi Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. «Құрмет» орденiнiң иегерi. Түрлi дәрежедегi мемлекеттiк медальдардан бөлек, бiрнеше рет Елбасының Алғыс хаты және грамоталарымен марапатталғаны да тегiннен-тегiн емес. Мiне, ел ардақ тұтар осындай азаматпен бiз жақынырақ сұхбаттасқанды жөн санадық.
– Мен Оңтүстiк Қазақстан облысы Шардара ауданының Көксу совхозында туылдым. Әкемiз зоотехник болатын. Кеңес дәуiрiнде Үкiмет қайда жiберсе, сонда барып жұмыс iстейтiн заман едi ғой. Әкемнiң қызмет бабымен есiмдi бiлер-бiлмес шағымда, ұмытпасам, 6 жаста едiм, Келес ауданының (қазiргi Сарыағаш ауданы – ред.) Бiрлiк совхозына қоныс аудардық. Бұл аудан бойынша қаракөл қойы шаруашылығымен айналысу үшiн құрылған тұңғыш совхоз-тын. Әкем соның «№1 ферма» деп аталатын елдiмекенiне зоотехник ретiнде жiберiлген. Яғни қаракөл шаруашылығының тiлiн бiлетiн жалғыз маман едi. Өңдеуге жiберiлетiн қаракөлдiң терiсiн алақанымен сипап сұрыптайтын. Бiр жылдан соң Бiрлiк совхозының орталығынан үй берiлiп, сонда көштiк. Және ол жақта ұзақ тұрақтадық: мектеп табалдырығын алғаш сонда аттадым, онжылдықты сонда тәмамдадым. Мектеп бiтiрген соң әскерге кеттiм. Мен әскерден келген жылы анам жол-көлiк апатынан қаза тапты. Небәрi 53 жаста-тын. Үйде әкем екеуiмiз-ақ қалдық. Содан не керек, ағам Ислам – ол уақытта Шардара ауданына қарасты Юбилейный совхозының директоры, сол жаққа көшуге тура келдi. Мұнда спорт секторының меңгерушiсi болып еңбек еттiм. Бiр жылдай жұмыс iстедiм де, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға кеттiм. Алайда 3 жылдан кейiн отбасылық жағдайыма байланысты, жасырып қайтемiн, қаржы тапшы кезең едi ғой, соған орай оқуымды Шымкентке ауыстырып, Қазақ химия-технология институтын бiтiрiп шықтым. Алматыда «инженер-механик» мамандығын таңдаған болатынмын, әйтсе де мұнда аталмыш мамандық бойынша мамандар дайындалмайтындықтан, оқуымды «электр байланысының инженерi» ретiнде жалғастырдым. Ал, бүгiнде құрылыс компаниясын басқарып отырмын, осыған орай Алматыдағы жоғары оқу орындарының бiрiнде «құрылысшы» мамандығы бойынша бiлiм алып жатырмын. Жұртшылық «Қазiр ақшаң болса, дипломды сатып-ақ алуға болады» деп жатады ғой, мен өйтпеймiн, жылына 1 ай оқуға барып, бұрынғы бiлiмiмдi шыңдап, жаңғыртып, жаңалықты бойыма сiңiрiп қайтамын. Бұйыртса, биыл күзде екiншi дипломым қолға тиедi.
Жалпы, әкемiз Әлмахан мен анамыз Айымкүлден бес ұл, үш қыз өрбiдi. Үлкенiмiз – Ислам. Өздерiңiз бiлетiндей, бүгiнде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Су ресурстары комитетiнiң төрағасы. Екiншi ағам Шералханның өмiрден озғанына да оншақты жылдың жүзi болды. Жол апатынан көз жұмды. Азиза атты әпкем Ордабасы ауданында тұрады. Ералхан – елге танымал әншi, сазгер. Қазiргi таңда Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының директоры қызметiн атқаруда. Сұлушаш әпкем Шымкенттегi Қазақстан халықтар достығы университетiнде проректор болып жұмыс iстейдi. Ал, мен – үйдiң алтыншысымын. Соңымнан ерген бiр қарындасым, бiр iнiм бар. Қарындасым – Алматыда. Кенжемiз Қаныбек – осында. Өзiнiң шаруа қожалығы бар: мал шаруашылығымен айналысады, 3-4 мың гектар егiс алқабына бидай, мақсары егедi.
– «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» дейдi қазекем. Әлмахан ақсақалды «Ол бiр әулие кiсi едi» дейдi бiлетiндер…
– «Тық десең, тауыққа тиедi», мен де қазақпын ғой, әйткенмен көпшiлiгiмiзге тән бiр түсiнiк бар: ұл өсiрсек те, қыз өсiрсек те, перзентiмiздi қаршадайынан «Менiң балам прокурор болады, әкiм болады, депутат болады, т.б.» деп тәрбиелеймiз. Рас, бәрi ұл-қызының жақсы адам болғанын қалайды. Бiрақ бiздiң бар ойымыз «Бала-шағамыз әйтеуiр бастық болуы керек» дегенге саяды. Ал, бiздiң әкемiздiң тәрбиесi мүлдем басқаша едi: «Оқысаң, оқы, оқымасаң, тракторшы бол. Жаман бастық болғанша, жақсы тракторшы бол!» дейтiн. Осы сөздi естiгеннен кейiн бiлiм алуға талпынбау мүмкiн емес. Әлi есiмде, менен үлкендер «Менiң оқығым келедi. Әкеме айтыңызшы!..» деп шешемiздi араға салатын. Қазiр, керiсiнше, әкелерi қалтасына ақшасын салып алып, баласын сүйреп жүргенi. Ал, бiз «Әкемiз ұл-қыздарын мақтан тұтсын» деп тырмысып өстiк. Бiрде бiр кiсiнiң әкемiзге «Әлмахан, сен өзi бұл өмiрде не бiтiрдiң?» дегенде, «Құдайға шүкiр, мен қазақ үшiн тер төгетiн Исламдай жақсы әкiм тудырдым, Ералхандай жақсы әншi, сазгер тудырдым. Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi атағын алды. Нұралыдай жақсы кәсiпкер тудырдым, Елбасы «Құрмет» орденiн табыстады. Бұдан артық маған не керек?!» деп марқайғаны есiмде. Әкемiз өзiн өте қарапайым ұстайтын. Жетпiс үш жаста дүниеден өттi, соған дейiн қаланың iшiнде қоғамдық көлiкпен жүретiн. Әйтпесе бiз «Көке, мынау – автокөлiгiңiз, мынау – жүргiзушiңiз» деп қанша айттық. Сөйтсек, «Айналайын-ау, бұл шопырыңның үйiнде жұмысы бар шығар, жiбер. Мешiтке дер уағында жете алмайтындай уақытым тығыз емес. Мына жерден №25 бағыттағы автобусқа мiнемiн, ана жерден Ордабасы алаңындағы мешiттен түсемiн. Қашан шыққанша, менi сарғайып күтiп неғылады бұл?!» дейтiн-тұғын. Адам баласына қысастық жасағанын естiген емеспiз. Бала-шағасының ешбiрiне қатты сөйлемейтiн, жай сөзбен түсiндiретiн. Тағы бiр ерекшелiгi, 67 жасқа толғанда, әкемiз бар тiрлiктi жинастырып, өз бетiнше iзденiп, үйiнде жатып араб тiлiн меңгеруге ден қойды. Екi жарым жылдың iшiнде араб тiлiн игерiп, арабтармен емiн-еркiн әңгiме-дүкен құратын дәрежеге жеттi. Жетпiс жасында қажы атанды. Қысқасы, «Тегiн адам таз болмайды» демекшi, елдiң мүддесi үшiн еңбек етiп жүруiмiзде әкемiздiң зор үлесi бар. Қазақта «тектiлiк» деген қасиеттi ұғым бар ғой. Бiздiң тегiмiз – сол әкемiз. Атамыз Әбiш те тектi кiсi екен, ал, әжемiз Өзбекстаннан КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып сайланған.
Анамыз да – тектi әулеттiң қызы. Ташкенттегi ипподромнан 4 шақырым қашықтықта ХХII партсъезд деген совхоз бар. Нағашы атамыз сол жерде көп жылдар бойына колхоз төрағасы болды. Ол кiсi Кеңес өкiметi орнамай тұрып-ақ мешiт ұстаған. Бiр қызығы, атеистiк кезеңде барлық мешiттердi бұзу жөнiнде пәрмен берiлгенде, нағашы атам мешiтiн сақтап қалды. Кейiн Өзбекстан тәуелсiздiгiн алған соң, өзбектер атамыздың құрметiне ХХII партсъездi Қаракөсе ауылы деп өзгерттi, себебi нағашымыз Қаракөсе руынан едi. Ал, байырғы мешiтке «Сапар ата мешiтi» деген атау бердi. Атамыз 96 жасында дүниеден өттi, халықтың сондағы ықылас-пейiлiн көрсеңiз! Сенесiз бе, қадiрлегенi соншалықты – сегiз шақырым қашықтықта орналасқан ауыл iргесiндегi мазаратқа дейiн ұзын-сонар қатарға тұрған дүйiм жұрт Сапар атамызды мәңгiлiк мекенiне қолдан-қолға өткiзiп жеткiздi.
Қазiргi таңда атамыздың атындағы мешiтке қайта жаңғырту жұмыстарын жүргiзiлген. Ол кiсi 1 ұл, 1 қыз сүйдi. Қызы – бiздiң анамыз. Ал, ұлдан тараған 11 бала бiр көшенiң бойынан қоныс тептi. Анамыз көзi кеткенше, үй шаруасымен айналысты. Себебi әкемiз – қызметте. Үйден қонақ үзiлмейдi. Дастарқан мәзiрi, оларды күтiп алып, шығарып салудың өзi үлкен жұмыс қой.
– Ең алғаш еңбек жолын қалай бастадыңыз?
– Мен жұмысқа ерте араластым. Мектеп бiтiрiсiмен-ақ 2 айлық курс оқып, Бiрлiк совхозында электр жабдықтарды орнатушы (электромонтер) болып жұмысқа тұрдым. Ол кезде совхоздың қарамағында 69 отар мал бар едi. Сол қойшыларға электр жарығын жеткiзiп беруде мамандар тапшы. Шардарада «Құрылыс материалдары комбинаты» деп аталатын мекеме бар-тын, кейiн сонда арматурашы болып тер төктiм. Жоғарыда айтып өткенiмдей, анамыз бақилыққа аттанғаннан соң, 1 жылдай Юбилейный совхозында спорт секторының меңгерушiсi болып еңбек етiп, оқуға кеттiм.
– Бiр кездерi Сiздiң мемлекеттiк қызметкер болғаныңызды бiреу бiлсе, бiреу бiле бермейдi…
– Ол рас. 1993 жылы Шымкетке көшiп келдiм. Әкiмдiк институттың ендi-ендi құрылып жатқан кезi. Шымкент қаласының
Абай ауданы әкiмдiгiне техникалық инспектор болып жұмысқа қабылдандым. Техникалық инспектор дегенiңiз қаланы көрiктендiру, ғимараттардың қасбетi дегендермен айналысатын. Бизнес деген ұғым ендi қалыптаса бастаған. Әркiм өзiнiң бизнес жоспарын қағазға түсiрiп әкеледi. Соларды қадағалаймыз. Кейiнiрек мен де кәсiпкерлiк салаға ауыстым. Ол уақытта ағам Ислам – «Батсу» корпорациясының президентi. Аталмыш корпорацияның Сайрам ауданы бойынша «көгiлдiр отынмен» айналысатын «Батсу ТрансГаз» деп аталатын мекемесi бар-тын, соған директор болып тағайындалдым. Одан «Батсу-энергия тарату» ЖШС-iн басқардым. 2006 жылға дейiн «Батсу корпорациясы» қауымдастығының президентi болдым. Мұнан соң iргетасы сонау 2003 жылы қаланған «Комби-строй-1» деп аталатын компаниямды қолыма алдым.
– Бизнестi қиын-қыстау кезеңде бастапсыз. Оңай болмаған шығар?
– Әрине. Бiр ғана мысал айтайын, мен «Батсу ТранГаз» ЖШС-нiң тiзгiнiн ұстап, Сайрам ауданын газбен қамтамасыз етудi мойныма алғанда, аудан түгiл облыс орталығы Шымкенттiң өзi жарықсыз, «көгiлдiр отынсыз» отыратын. Бұл – 2000 жылдары. Ол кезде отбасыммен Шымкенттегi Гагарин көшесiнiң бойындағы көпқабатты үйдiң 4-қабатында тұрамын. Кешке үйге келсең, я газ жоқ, я жарық жоқ. Әйелiм далада қыштан кiшкене ошақ жасап қойған, соған от жағып, тамақ әзiрлейдi. Қыс түссе, жылу болмайды. Қытайда жасалған, соляркамен жылытатын пештi пайдаланамыз. Ол уақытта Сайрам ауданының әкiмi – Қуаныш Айтаханов. «Батсу ТрансГазға» барған соң, халық нелiктен газдан тапшылық көрiп отырғанын зерттеуге кiрiстiм. Сөйтсем, газ жеткiлiктi екен, тек ақша болса болғаны. Жарық мәселесi де солай. Ал, ақшаны қайдан табамыз? Халықтан аламыз. Ендi не тұрыс?! Алмаймыз ба халықтан?! «Халық дер уағында төлемейдi қарызын, – дейдi әбден аузы күйгендер, – Қарызды жинау үшiн таңғы сағат 9-дан кешкi 6-ға дейiн үй-үйдi аралап, есiгiн қағамыз. Бiрақ бұл уақытта тұрғындардың көбiсi жұмыста болады. Үйлерiнен табу қиын. Қарызының мөлшерiн есептеп, түбiртектi пошта жәшiгiне қалдырып кетемiз. Өкiнiшке қарай, ол бойынша төлеп жатқан пенде жоқ. Ал, бiздiң жұмыс уақытымыз кешкi 6-ға дейiн. Яғни, «Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгiз өледiнiң» керi». Амал жоқ, Қ.Айтахановтың алдына бардым, «Егер рұқсат берсеңiз, мен жұмыс режимiмдi өзгертейiн, сонда ауданда газ болады» деп бастадым әңгiмемдi. «Қалайша сонда?» дейдi ол кiсi аң-таң болып. «Бiз күндiз таңғы сағат 6-дан 10-ға, ал, кешке тағы да 6-дан 10-ға дейiн жұмыс iстейiк». «Заң көтермейдi ғой». «Мен ауданның прокурормен келiсейiн. Халық үшiн заңды сәл-пәл бұзып, қаржымызды жинамасақ, газсыз отыра беретiн түрiмiз бар». «Сөйтсек, газ әкелуге бола ма?» дейдi әлi де күманданып.
«Мен болдырамын» деймiн алған бетiмнен қайтпай. «Жарайды, онда прокурормен келiс» дедi. Алды-артыма қарамай, тiке прокурорға тарттым. Мән-жайды толық түсiндiрдiм. «Ендi халықтан «Бiздi таңғы 6-7-де немесе түнгi 9-10-да мазалайды» деген тұрғыда арыз қаптайды. Сiз бiзге қолдау көрсетiңiз. «Қарыздарыңызды уақытылы төлесеңiздер, сiздерде ешкiмнiң шаруасы болмайды…» деп түсiндiру жұмыстарын жүргiзсеңiздер екен. Таң атпастан және күн батқаннан кейiн жұмыс iстеуге жұмысшыларымды әрең көндiрдiм…» дедiм. Прокурор келiстi. Жұмысқа бiлек сыбана кiрiстiк те кеттiк. Күндiз-түнi еңбектенудiң арқасында 2 айдың iшiнде Сайрам ауданын «көгiлдiр отынмен» толық қамтамасыз еттiк. Шымкентте газ жоқ әлi. Бiздi бұқаралық ақпарат құралдары мақтап жаза бастады. Содан 280 мың халқы бар Сайрам ауданын электр энергиясымен қамтуды да маған жүктедi. Көзiн тауып, бұл проблеманы да реттедiк. Халықтың басын қосып, әр он үйдiң iшiндегi бiр үймен келiсiмшартқа отырып, төлемақыны жинау үшiн соны жауапты етiп бекiттiк. Бiр айдың iшiнде жарық мәселесi шешiмiн тапты. Мақтанғаным емес, кейiн менiң идеям бүкiл облысқа тарады. Осыдан соң «Батсу» корпорациясына президент етiп тағайындалдым. Корпорация ол кезде Ордабасы, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандарын газ және электр энергиясымен, ал, Шымкент қаласын газбен қамтуды мойнына алған болатын. Құдайға шүкiр, еңбегiм зая кеткен жоқ. Облыстың әкiмi Болат Жылқышиев менi «Ең үздiк кәсiпкер» деп марапаттады. Бұл ретте сол жағдайда жүрiп Бадам стансасынан оралмандарға баспана салып бергендiгiмiз де ескерiлсе керек.
– «Батсудан» кеттiңiз. Қазiр «Комби-строй-1» ЖШС-iн басқарасыз. Бүгiнгi тiршiлiгiңiздiң бағыт-бағдары қалай?
– «Батсуды» бүгiнде басқа адам басқарады. Кәсiпорынның қызметi құрылыс саласына негiзделген. Ал, «Комби-строй-1» компаниясы негiзiнен су, газ құбырларын, сондай-ақ электр желiлерiн тартумен айналысады. Қазiргi таңда өрiсiмiздi кеңейтiп жатырмыз. Бұрындары қажеттi құбырларды Қытайдан, Өзбекстаннан тасымалдайтын болсақ, ендi полиэтилен құбырларды өз зауытымызда өндiрудi қолға алдық.
Бұл барлық жағынан тиiмдi: бiрiншiден, ақшамыз шетелге кетпейдi, екiншiден, қаншама адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бұдан бөлек осыдан 3 жыл бұрын 2 гектар аумаққа жылыжай салдық. Тек Шымкент қаласын қияр және қызанақпен қамтамасыз етудi мақсат тұтып, жылына екi рет, бас-аяғы 400 тонна өнiм алып отырмыз. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы 40 миллион теңге несие бердi, өзiмiз де бiраз қаржы шығардық, сөйтiп жылыжай iсiн бiр арнаға түсiрдiк. Орайы келгенде айта кетейiн, қазiр жылыжайдың қасындағы 1 гектар аумақта спорт кешенiнiң құрылысын бастадым. Онда 2 футбол стадионы, 1 волейбол, баскетбол стадионы, 1 спорттық жүзу бассейнi болады. Кешегi Лондон Олимпиадасында су спортынан ешқандай орынға iлiкпедiк. Сол көкейiмнен кетпей қойды да, «бассейн салу керек» деп шештiм. Ол жерге арнайы жаттықтырушы бекiтiп, су спорты түрлерiн дамытуға атсалыссам деймiн. Сондай-ақ қазақ төрт түлiктiң бабын бiлген халық қой. Мал шаруашылығымен айналысамыз, 4-5 жылдан берi уақ малды қолдан ұрықтандырып, асыл тұқымды қой өсiрудi қолға алдық. Бiртiндеп мүйiздi iрi қара өсiрмек оймен қоражай салып жатырмыз. Алла бұйыртса, елiмiздiң индустриялы-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру үшiн 2013-2014 жылдары екi зауытты iске қоспақ ниеттемiз. Мәселен, Германияның аумағы шағын ғана. Бiрақ соған қарамастан, қаржы дағдарысына бой бермей, iлгерiлеп келедi. Мұның себебi неде? Себебi, Германияда шағын және орта кәсiпкерлiк ерекше дамыған. Менi қуантатыны, өркениеттi мемлекеттердiң озық тәжiрибесiн көрген Елбасымыз тәуелсiздiк алғалы берi кәсiпкерлiк саласын өркендетуге барынша күш салуда. Рас, iрi бизнес 20 жылдың iшiнде әжептәуiр жолға қойылды. Мұнай, газ, уран өндiрумен айналысатын алпауыт компанияларымыз мемлекет қазынасын толтырып отыр. Ал, көп облыстар мен аудандарды дотациядан шығару үшiн тек қана шағын және орта кәсiпкерлiк қол үшiн созуы керек. Сондықтан бұл ретте әрбiр кәсiпкер «Туған жерiмдi түлету үшiн мен не iстедiм, қандай еңбек сiңiрдiм?» деп ойлануы шарт. Қолында ақшасы бар азаматтар отандық тауар өндiретiн кәсiпорындар ашуға ұмтылуы тиiс. Облыстық мәслихаттың депутаты ретiнде бiр аңғарғаным, соңғы кездерi бiздiң облыстың бюджетi жылдан-жылға көбейiп келедi. Ненiң есебiнен деп ойлайсыз? Әрине, республикалық бюджеттiң қарасуынан. Биыл облыс бюджетiнiң көлемi 300 миллиард теңгеден асты. Соның 17 пайызын-ақ облысымыз өзi тапқан. Бiзде өз нанының бес-ақ пайызын өздерi табатын аудандар бар. Яғни бiздi құтқарып тұрған – тек қана мұнай мен газ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертең аталмыш ресурстар сарқылса, қалай күнелтпекпiз? Ғалымдар «Ендi 10 жылдан кейiн мұнайға баламалы энергия көзi пайдаланылады» деп болжам жасауда. Егер «қара алтын» керек болмай қалса, не iстеймiз? Қарапайым қаламсапты, тiс тазартқышты, үстiмiздегi көйлектi, т.б. неге өзiмiз шығармасқа?! Менiң ойымша, ол үшiн облыс әкiмдiгiнiң кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасы сауатты мониторинг жүргiзiп, жүйелi жоспар жасауы қажет. Географиялық жағдайына, табиғатына қарай қай ауданда қандай өндiрiс ошағын құруға болатынын терең сараптап, кәсiпкерлерге жөн-жоба нұсқауы керек. Құдайға шүкiр, қазiр бiзде қалталы жiгiттер өте көп, солардың бiразы ақшасын қайда жұмсарын бiлмей жүр. Банкке салып қояды, әлгi банктердiң кейбiрi банкротқа ұшырауда. Ақша банкте жатқаннан гөрi зауыт боп тұрғаны мың есе пайдалы ғой. Ақша – жай қағаз ғана, күндердiң күнiнде жаңа валюта айналымға енсе, құны әп-сәтте көк тиынға айналуы кәдiк. Әр адамның психологиясы әр түрлi ғой, мысалы, кейбiреулер қап-қап ақшасына 20-30 пәтер алып қояды. Әйтеуiр, ақшаны ақша тапсын деген ой. Неғылады оны, өзiнiң бiр-ақ баласы бар. Одан-дағы шағын болса да кәсiпорын ашып, он адамға жұмыс тауып бер.
– Нұреке, әу баста өзiңiз бизнестi неден бастап едiңiз?
– Айтсам, күлесiз. Бизнестi Өзбекстаннан жем тасудан бастадық. Оған қоса Шардара ауданының Юбилейный совхозында спорт секторында жұмыс iстеп жүргенiмде, бiр ой келдi. Оның үстiне еңбекақым да анау айтқандай қомақты емес. Ол кезде Өзбекстаннан кәрiстер Шардараға келiп, гектарлап пияз, қарбыз егетiн. Қазақтар жалданып, соларға жұмыс iстейдi. Содан «Нелiктен өзiмiз екпеске?!» деп ойландым. Ислам ағам – совхоздың директоры. Алдына бардым да «Бiр гектар жер алып, пияз немесе қарбыз егу үшiн не керек?» деп сұрадым. Сөйтсем, кәрiстер совхоздың 1 гектар жерiн алып, 10 гектар жүгерi алқабын суарады екен. Келiстiм. Ағамның маған тигiзген жәрдемi тиiстi жердi жыл сайын мол өнiм алып жүрген диқанның қасынан бердi. Қарбыз ектiм. Оныкi – 5 гектар, менiкi – 1 гектар. Жаңадан үйленген кезiм, iнiм, қарындасым бар. Бәрiмiз жабыла қараймыз. Кәрiс не iстесе, соны қайталаймын. Сол жылы өнiм жақсы болды. Ендi оны сатуымыз керек. Iшкi нарықта арзан. Сөйттiм де, кәрiспен бiрлесiп, қарбызымды Ресейге апару үшiн жүк көлiгiне арттым. Кәрiс менi Ульяновск қаласына қалдырды да, өзi Украинаға қарай жол тартты. Аллаға шүкiр, жаман болған жоқпын, қарбызымды толық саттым. Ауылға келген соң ағам «Жаңадан отау тiктiң. Ал, ендi үйлену тойыңды жасайық! Мен жәрдем беремiн» дедi. Алайда той жасағаннан гөрi тапқан ақшама автокөлiк сатып алғанды құп көрдiм. Ол кезде 22 жасар жiгiтпiн ғой. Бизнес әлемiне апыл-тапыл қадамдар осылай басталған.
– Өзiңiз танитын кәсiпкерлердiң iшiнде кiмдi үлгi тұтасыз?
– Өте еңбекқор кәсiпкер ретiнде Серiкжан Сейiтжановты үлгi тұтамын. Қыруар тiрлiк атқарып жатыр. Өзiне де пайда, елге де пайда. Бизнесте қиналған сәттерi де болды. Бiрақ мойыған жоқ, тек алға ұмтылды. Сол үшiн де оның ризық-несiбесi ортайған емес. Кәсiпкер болсаң, Сейiтжановтай болу керек. Сол кiсiге қатты қызығамын. Өзгелер де «Сейiтжановтай болсам ғой» деп армандауы қажет.
– Биыл қаңтардағы саяси додада екiншi мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландыңыз. Сiзге бұл мандат не үшiн қажет?
– Кәсiпкердiң мемлекеттiк қызметкерден айырмасы, ол өз уақытын өзi билейдi. Өз еркiң – өзiңде. Яғни, халыққа көңiл бөлу үшiн бос уақыт табуға болады. Бұл – бiр. Екiншiден, қарға тамырлы қазақпыз. Ағайын-туыс, құда-жекжатыңнан бастап қалың бұқараның барлығының мұң-мұқтажы бар. Соны жергiлiктi билiктiң құлағына дер кезiнде жеткiзiп отырайын деген мақсатпен депутаттыққа бел будым. Жұртшылықпен ақылдасып едiм, «Ауылдың әл-ауқатын көтеремiн десеңiз, жол ашық» деп қолдай жөнелдi. Жалпы, депутат болмай-ақ, Қазақстан заңдарының талаптарын сақтап, өз бизнесiмдi өрлетуiме толық мүмкiндiгiм бар.
Оның үстiне мемлекет басшысының да кәсiпкерлерге деген ықыласы мен қамқорлығы айрықша, түрлi жеңiлдiктер жасап, аяққа нық тұруымызға орасан жәрдем беруде. Төртiншi шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты ретiнде бiрталай игi iстерге мұрындық болдық. Атқарушы органдардың назарын аудара отырып, жаңа мектептердiң бой көтеруiне, жолдардың салынуына, елдiмекендердiң ауызсумен қамтылуына ықпал еттiк. Менiң ойымша, депутат – жергiлiктi билiк пен халықтың арасын жалғайтын көпiр. Бұл – әкiмдер елден алшақтап кеткен деген сөз емес. Мысалы, мен сайланған Мақтарал ауданында 300 мың халық тұрады, ал, әкiм жалғыз. Ол қайсыбiрiне үлгередi?! Депутат, мiне, осындай жағдайда аса қажет. «Адам баласы шайтан емес, о дүниеге барғанда, бұл дүниеде не тындырғанымыз алақандағыдай көрiнiп тұрады ғой» деген ой менi әрқашан мазалап жүредi. Сол себептi де жұртшылыққа кiшкене болса да жәрдемiм тисе екен деймiн.
– Депутаттық мандаттың жүгi ауыр ма?
– Шынымды айтайын, өткен шақырылымда бiрiншi, екiншi жылдары өте қиын болды. «Үмiт артып, қаншама адам дауыс бердi, қолымда мандатым бар, жұмысты ендi неден бастаймын? Көпшiлiктiң сенiмiн ақтай аламын ба, жоқ па?» деген сұрақтар дамыл таптырмайтын. Тек үшiншi жылға аяқ басқанда ғана депутаттықтың қыр-сырын меңгере бастадым, тәжiрибе жинақтадым және елдiң алдында «Мен мына жұмысты атқардым» дейтiндей сатыға көтерiлдiм. Егер мен түк бiтiрмесем, 5 жыл бойына қиналар едiм. Рас, депутат әкiм емес: оның қолында қаржы жоқ, бюджет – әкiмнiң құзырында. Оның үстiне менен өзге 49 депутаттың әрқайсысы бюджет қаражатын өздерi сайланған округтерге бөлдiрудi қалайды. Сондықтан халыққа уәде берiп, оның аманатын арқалап жүру оңай емес.
– Мәслихат депутаттары жұмысының жемiстiлiгi ең алдымен жергiлiктi билiкке тiкелей байланысты. Сiздiң ойыңызша, облыстық мәслихаттағы 50 депутаттың аузы қаншалықты дуалы?
– Облыс әкiмдiгiнде еңбек етiп жүргендердiң баршасы – өзiмiз секiлдi адамдар. Депутаттың сөзiнiң өтiмдiлiгi оның айтқан әңгiмесiнiң қаншалықты жiбi түзу екендiгiне байланысты. Сiз құлақ кiретiн, негiзi мен дәлелi бар мәселе көтерсеңiз, ешкiм ат-тонын ала қашпайды. Ал, қисынға келмейтiн нәрсенi айтып, буынсыз жерден пышақ ұра берген депутаттың қадiрi болмайды. Менiң ойымша, депутат күн тәртiбiне шығарылған мәселе төңiрегiнде пiкiр бiлдiруi үшiн оның он дәлелi болуы керек.
– Асқар Мырзахметовтiң облысқа әкiм болып тағайындалғанына үш жарым жыл толды. Жұмысына қандай баға бересiз?
– Мақтап-мадақтағаным емес, Асқар Мырзахметов – өте iскер азамат. Жүйесiн тауып жатқан тiрлiктер өте көп. Ал, егер сенiм артып, қасына тартқан адамдар үдеден шыға алмай жатса, Асекең кiнәлi емес. Себебi «Адам аласы – iшiнде». Кадрлық саясатына бiрқатар сын да тағылуда. Менiң ойымша, әлгi адам Асқар Исабекұлына «Менi мына қызметке тағайындасаңыз, алтыннан тау тұрғызамын» деп ант-су iшетiн болуы керек. Пенде емеспiз бе, талаптанып тұрғасын, сенемiз. Өкiнiшке қарай, ол кадры белiне байлаған шоқпарын көтеруге әлi жетпей, митыңдап қалады. Амал жоқ, ауыс-түйiс жасауға тура келедi. Үш миллион тұрғыны бар облысты үш жыл басқару көп уақыт емес. Ендi жұмысты ретке қойғанда, ауыстырып жiбермесе екен.
– Лоббизмге көзқарасыңыз қандай? Сiздiң депутаттық мандатыңызды пайдаланып, өз мүдделерiн тықпалайтындар кездесе ме? «Тендер әперуге көмектесiңiзшi!..» дегендей, мәселен.
– Жо-оқ, бiз өзiмiздiң фирмамызға тендер ала алмай жүргенде, бiреуге қалай қол ұшын созамыз?! Баяғыда Ислам ағам ОҚО әкiмiнiң 1-орынбасары болып тұрғанда, ағайын 1-2 жiгiт «Тендер әпер» деп келген. «Мен Исекеңнен өз компанияма да тендер сұрамағанмын. Саған қайтiп әперемiн?!» деп бетiн қайтарғанмын. 2009 жылы Исекең Өскемен қаласының әкiмi болып тағайындалды. Сонда байқадым, талай адамдар артынан барып тендер сұрады. Мен осы жерден қозғалған емеспiн. Қазiр Су ресурстары комитетiнiң төрағасы. Ол жерде тендердiң ата-атасы бар. Жұрттар «Нұралы қарық болатын болды ғой…» деп тон пiшiп жатқан ұқсайды. Әркiмнiң өзiнiң жолы бар, әркiмнiң Алла маңдайына жазып қойған тiршiлiгi бар. Бiз бiр-бiрiмiзбен аға-iнi деп сыйласамыз. Көргенде «Жұмысың қалай?» деп сұрайды. «Бұйырғаны» деймiн.
– Бұл шақырылымда облыстық мәслихаттың құрамы бiраз жаңарды. Жасы бар, жасамысы бар, жаңа халық қалаулыларымен толықты. Өзара пiкiр алмасып, тәжiрибемен бөлiсiп тұрасыздар ма?
– Өте орынды сұрақ. Әдiлхан Исабаев деген азамат осы шақырылымда облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланғанынан хабардарсыздар. Екеуiмiз бұрын Сайрам ауданында бiрге еңбек еткенбiз. Сол кiсiге мен өткен шақырылымда алғашқы екi жылда жiберген кемшiлiктерiмдi ашық айтып, бағыт-бағдар бердiм. Әдекең әзiрден-ақ нәтижелi шаруаларды тындыруда. Ал, өзге әрiптестерiмнiң депутаттықтың мәнiсiн қаншалықты түсiнiп-түсiнбей жүргенiн бiлмеймiн. «Сен түсiнбей жүрсiң бе?» деп қайтiп сұраймын. Ал, халықтың мүддесi үшiн менен кеңес сұрап келген жаңа депутаттарға бiлгенiмдi ынты-шынтыммен айтамын.
– Отбасыңыз жайлы айтыңызшы.
– Жұбайымыз екеуiмiз екi ұл, екi қыз өсiрiп отырмыз. Үлкен ұлымыз биыл «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiн үздiк дипломмен тәмамдады. Ендi магистратураға түсiп, оқуын жалғастырмақ. Елшi болмақ ниетi бар. Екiншi ұлымыз биыл мектептi бiтiрдi. «Келешекте кәсiпкер боламын» дейдi өзi. Шетелде бiлiм алмақ ниетте. «Халықаралық бизнес және экономика» мамандығын таңдап, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне емтихан тапсыруға кеттi, сүрiнбей өтсе, жоғары бiлiмдi сонда алады. Ал, қыздарымыздың үлкенi – мектеп қабырғасында, кенжемiз биыл наурыз айында 4 жасқа толды. Мен де әкем секiлдi бала-шағама «Оқығың келсе, оқы, қолымнан келгенше, жәрдем беремiн. Оқығың келмесе, компанияға кел де, еңбек ет» деймiн. «Оқысаң да, оқисың, оқымасаң да, оқисың» деген қағидадан аулақпын. Ер азамат болғандықтан, ұлдарыма сыртта оқуға рұқсат бердiм, ал, қыздарымды Оңтүстiк Қазақстан облысының аумағынан шығармаймын. Осында да мемлекеттiк жоғары оқу орындары жеткiлiктi. Қалағанына оқытамын. Өйткенi қыз – жат жұрттық. Үнемi көз алдымда болуы керек. Өзiнiң елiн, өзiнiң өмiрлiк серiгiн тапқан соң, Америкаға кетсе де, қарсы емеспiн.
Жұбайым Гүлнар Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық институтын бiтiрген. Мамандығы – мұғалiм. Бұрын Шардарада тұрғанымызда, 1-2 жыл жұмыс iстедi. Одан берi үй шаруасында. Келiмдi-кетiмдi адамдар бар. Қонақ күтедi. Балаларды мектепке, балабақшаға апарады. Менiң бизнесiме араласпайды. Қай жерде қандай бизнесiм барын да бiлмейдi. Табиғаты сондай: дүниеге қызықпайды. «Нұрай» атты мейрамханам бар, тiптi соған да келмейдi. Бiр жағынан ол дұрыс шығар. Екеуiмiз екi жақта дүние табудың қамымен жүрсек, бала-шағаның тәрбиесiмен кiм айналыспақ?! Жетпей жатқан ештеңе жоқ қой.
– Хоббиiңiз туралы бiлсек.
– Футбол ойнағанды ұнатамын. Үйде бассейнiм, жаттығатын залым бар. Спортпен айналыспасам, өзiмдi қартайып бара жатқандай сезiнемiн. Тағы бiр қызығатыным, төрткүл дүниенi түгел шарлап шықсам деймiн. Саяхат жасағым келедi. Әлемнiң бiраз елiн көрдiм, бiрақ Америкада, Жапонияда болмадым. Антарктиданы көрсең, не арман бар?!
– Әдетте демалысыңызды қайда өткiзесiз?
– Биыл Қазақстанда демалдым. Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай деген табиғаты керемет жерде 10 күн демалып қайттым. Ол жаққа былтыр да барған едiм.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.
Сiз не дейсiз?
– Нұралы Әбiшевтi 15 жылдан берi бiлемiн. Мен ол кезде Сайрам ауданының әкiмi едiм. Қиын-қыстау кезең: жарық жоқ, газ жоқ, жылу жоқ. Жылдап жалақы берiлмейдi. Халықты бiрiншi кезекте уақытылы электр энергиясы және «көгiлдiр отынмен» қамтамасыз ету керек болды. «Шымкент-Алматы» трассасының бойындағы, ауданның iшiндегi тал-дарақтардың барлығы тып-типыл болып барады. Мен әкiм болып барғанға дейiн түрлi компаниялар «Газбен, жарықпен қамтамасыз етемiз» деп уәденi үйiп-төгiп тендердi ұтып алады екен де, түк бiтiрмейдi екен. Бiр күнi «Батсу» компаниясын басқаратын Ислам Әбiшев келдi. «Ауданды электр жарығымен, газбен қамтамасыз етсек» деп ұсыныс жасады. Исламды бұрыннан танитын едiм. Шардара ауданында, комсомолда жұмыс iстедi. Бiлiмдi, iскер, алғыр жiгiт. Сонымен iске кiрiстi. «Батсудың» Сайрам ауданындағы филиалына директор етiп iнiсi Нұралы Әбiшевтi тағайындады да, негiзгi жұмысты сол мойнына алды. Нұралы – ол кезде жас жiгiт. Әрбiр көше, әрбiр орам, көпқабатты үйлердiң бәрiмен жұмыс iстеп, әрқайсысымен келiсiмшарт жасасты. Ақшаны қалай төлеу керек, қай мерзiмде қандай есептегiш құралдар орнатылуы керек, т.б. ежiктеп түсiндiрдi. Ардагерлерге, жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналарға жеңiлдiктер жасады. Бас-аяғы 3-4 айдың көлемiнде Сайрамды тұтастай газ-жарықпен қамтыды. Кәсiпкер болса да, бiрiншi өз пайдасын емес, қара халықтың қамын күйттедi. Тиянақты, ешкiмдi алдамай, сапалы жұмыс iстейтiндiктен, кейiн мен Отырар ауданына әкiм болып тағайындалғанда да Нұралымен қоян-қолтық еңбек еттiк. Қайырымдылығы мол, қарапайым, iскерлiгi мен бiлгiрлiгi, ұйымдастырушылық қабiлетi жоғары, қазiргi заманның иiсiн сезетiн кәсiпкер азамат деп бағалаймын. Оны облыс әкiмдiгi дұрыс бағытта пайдалануы керек. Нұралыдай жiгiттер елдiң билiгiн қолына алса, үлкен жағдай жасайды. Ол Елбасы мен облыс әкiмi қойған талап-тiлектердiң үдесiнен толық шыға алады.
Сiз не дейсiз?
– Нұралы Әбiшевтiң адамгершiлiгi мен қадiр-қасиетi өте жоғары. Жан дүниесi таза. Ата-бабаларымыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтiн даналығын бiр сәтке де есiнен шығармайды. Қарапайым. Қисыны келгенде көптiң алдында жылт етiп көрiнiп, арзан ұпай жинайтындардың қатарынан емес. Өз-өзiн ешуақытта жарнамаламайды. Iстiң адамы. Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ретiнде өзiндiк ұстанымға, өзiндiк көзқарасқа ие азамат. Бизнесте өзi негiзiн қалаған жолы бар. Берекелi жұмыс iстеп жүр. Оның үстiне «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өте белсендi мүшесi. Барлық жұмысқа зор жауапкершiлiкпен қарайды. Сол үшiн мен Нұрекеңдi қатты сыйлаймын.
Сiз не дейсiз?
– Мен Нұралы Әбiшевтi жас кезiнен бiлемiн. Ол – өмiрде өзiнiң жолын тапқан азамат. Әлмахан ақсақалдың киелi шаңырағынан түлеп ұшқан азаматтардың баршасы халқына қалаулы, елiне елеулi болып, мемлекетiмiздiң дамуына өз үлестерiн қосып жүр. Әрине, алдындағы ағалар жол көрсетедi, сол жөн-жобаны түсiнiп, жүзеге асырудың өзi – үлкен қабiлет. Әкесi мықты, ағасы мықты талай жiгiттердi көрiп жүрмiз ғой. Өкiнiшке қарай, көбiсi үлкендер салып берген сол жол мен iзден адасып қалып жатады. Ал, Нұралы – жақсылар мен жайсаңдардың iзiмен, тәжiрибесiмен келе жатқан азамат. Бизнес саласында аяққа нық тұрды. Жалпақ жұртқа өнеге боларлық мәдени һәм қайырымдылық iс-шараларының ешқайсысынан шет қалмауға тырысады. Айналасына шуақ шашып, кiшкене болса да жақсылық жасауға ұмтылу оның адами болмысында, тегiнде бар. Жасанды нәрсе болса, әлдеқашан көрiнiп қалар едi. «Халыққа еңбек етсең, оны ешқашан ұмытпайды. Алдыңнан шығады» дейдi үлкендер. Нұралы бауырымның осы бағыттан таймай келе жатқаны қуантады.
Сiз не дейсiз?
– Нұралы Әлмаханұлын бизнес саласында өте сауатты еңбек етiп жүрген азамат деп бiлемiн. Жүрегi кең, жомарт. Қашанда көмекке мұқтаж жандардың қасынан табылады. Жығылғанға сүйеу болып, жетiмнiң басынан сипап, қамкөңiлдiң жүзiне күлкi сыйлап жүргенi Нұрекеңнiң тектiлiгiн танытады. Асып-тасымайды, өзiн бiрсыдырғы ұстайды. Үнемi елдiң қамын ойлап жүредi. Депутаттыққа лайық мiнезi бар жiгiт. Биыл қаңтар айында өткен саяси додада осымен екiншi рет Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайлануы қалың бұқараның алғысын алып, ыстық ықыласына бөленгенiн аңғартады. Депутаттық мiндетiн адал атқарып жүргендiгiнiң дәлелi болса керек, сайлаушылары тарапынан Нұрекең жайлы тек жақсы әңгiме естiп жатамыз. Менiң ойымша, халықтың сенiмiн ақтаудан артық бақыт жоқ шығар.
Сiз не дейсiз?
– Биылғы сайлаудың қарсаңында Нұралы Әлмаханұлымен Мәскеуде жолығып қалдым. Мұнда депутаттықтан үмiткерлердiң жан берiсiп-жан алысып, үгiт-насихат жұмыстарының нағыз қызып жатқан шағы. «Нұреке-ау, бiр аптадан берi Мәскеуде жүрсiң, сайлаудың жайы не боп жатыр?..» деймiн таңғалып. Ал, ол болса, бетiме жайбарақат қарап «Қайреке, сайлауға тықыр таянғанда емес, осыдан 5 жыл бұрын дайындалу керек қой. Өткен шақырылымда мандатымды қолыма алысымен-ақ 5 жыл бойына халыққа қызмет еттiм. Сондықтан жұртшылық бұл жолы менi қолдайтынына сенiмдiмiн» дейдi. Өте ақылды әңгiме. Депутаттардың барлығы да осылай ойласа ғой, шiркiн! Тағы бiр айтар жайт, мәслихат сессиясының жүйелi өтуi оның төрағасына тiкелей байланысты. Нұралы Әбiшевтiң төрағалығымен өткен сессияларды өзiм бiрнеше рет көрдiм, белгiлi бiр тәртiппен, жүйемен өтедi. Риза боласың. Бұдан бөлек Нұрекең – бизнестiң көзiн бiлетiн азамат. Iскер. Бизнесi жан-жақты. Полиэтилен құбырлар шығаратын зауытты iске қосты. Облыстың түкпiр-түкпiрiндегi елдiмекендердiң баршасына ауызсу жеткiзiп жатыр. Мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде қандай жұмысты мойнына алса да, кейбiр компаниялардай емес, жанын салып атқарады, жауапкершiлiкпен қарайды. Өзiне-өзi талапшыл. Адам ретiнде қарапайымдылығын сыйлаймын. Аузын ашса, жүрегi көрiнедi. Қолынан келсе, айналасына жәрдем бергiсi келiп тұрады. Үлкенге – құрмет, кiшiге iзет көрсете алады. Нұрекеңнiң көпшiлiк бiле бермейтiн бiр өнерi бар: гитарада кәсiби деңгейде ойнап, керемет ән салады. Мiне, осындай азаматтың ел тiзгiнiн қолына алғанын қалар едiм.
Сiз не дейсiз?
– Нұралы Әбiшев – бiздiң Мақтарал ауданындағы №26 сайлау округiнен облыстық мәслихатқа сайлаған депутатымыз. Халықтан асқан сыншы да, таразы да жоқ, көптiң үмiтiн ақтағаны шығар, биылғы саяси додада екiншi мәрте асығы алшысынан түстi. Электораттың түгелге жуығы Нұрекеңдi жақтап, дауыс бердi. Бұл – үлкен көрсеткiш және зор мәртебе. Ең бастысы, тынымсыз тiрлiктiң жемiсi. Өз округi бойынша қыруар жұмыс атқарып жатқанына халық куә. «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисiн, Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисiн» деп ата-бабаларымыз айтқандай, шын мәнiнде «Титтей де болса, елге пайдам тисiншi!» деп күндiз-түнi тер төгiп жүрген азамат ретiнде мен Нұралы Әлмаханұлын ерекше құрметтеймiн. Ол – нағыз халық қалаулысы. Үлкен азамат.