БАСЫҢА ІС ТҮССЕ, ЖАҚСЫ КӨМЕК ЕТЕДІ

484
0

Шымкентте он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазанда бірнеше қайырымдылық шаралары өтуде. Игі шаралар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің «Рамазан – қайырымдылық айы» атты акциясы аясында ұйымдастырылуда.

Кешегі аптада «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бірнеше құрылыс компанияларымен бірлесіп 400 отбасыға арналған азық-түлік себеттерін таратты. Құрылыс компанияларының қатарында «SDN construction», «Kanfar building» және «Bek stroy service» мекемелері бар. Ақжарма көңіл, игі тілекпен таратылған азық-түлік себеттерінің құрамында макарон, күріш, ұн, май, қант, шай, печенье, кәмпиттер және құрма сынды тіске басарлар бар. Азық-түлік себеттері Шымкентттің бес мешітіне жеткізілді. Ғибадатхана қызметкерлері азық-түлік себеттерін аудан әкімдіктері мен мешіт имамдары бірлесе жасаған тізім бойынша тиісті азаматтарға үлестірді.
Бұдан бөлек, қасиетті Рамазан айында Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары 1000 отбасыға азық-түлік себеттерін тарту етті. Шара орталық мешітте бастау алды. Одан соң, мәслихат депутаттары қаладағы төрт аудан бойынша 8 мешітке барып, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетті.
Көрсетілген көмекке ризашылық көңілдерін білдірген қала тұрғындары мәслихат депутаттарына алғыстарын айтып, батасын беріп тарқасты.
Естеріңізге сала кетейік, мұқтаждарға таратылып жатқан азық-түлік себеттері аудан әкімдігі мен мешіт имамдары бірлесе жасақтаған тізім бойынша таратылуда. Іс-шаралар барлық санитарлық талаптар мен карантин ережелерін қатаң сақтай отырып өткізілді.