БҰЛ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МАЗАҚ ЕТУ МЕ?

257
3

Койлек деген немене?

Қарабұлақ  ауылынан ары-берi өткен сайын көзге оғаш көрiнер көрiнiстерге куә болып жүрмiз. Газетiмiздiң өткен санында «Қарабұлаққа бардым, не көрдiм?» атты мақала жарияланып, бұл жөнiнде толық қамтығанбыз. Газет сынынан соң Қарабұлаққа арнайы барып, ауыл әкiмiнiң орынбасары Бақтияр Шамұратовқа жолықтық.

— Сын орынды жазылған. Сiздердiң көтерген мәселелерiңiзге байланысты бiраз тiрлiктердi жүзеге асырдық. Алайда дүкен иелерi мен жол жағасындағы «жабайы» саудаға бiздiң құзiретiмiз жүрмейдi. Тек өзбек тiлiнде жазылған жарнама тақтайшаны алып тастадық. «Сухроб» деген атаудың астына «Азық-түлiк дүкенi» дегендi жаздырдық. Әкiмшiлiк алдындағы демiкпемен ауырмауға шақырған бильбордты алып, орнына Елбасымыз Н. Назарбаевтың портретiн қойдық. Ал ендi, 3 тiлде жазылған маңдайшаға келер болсақ, «Тiлдер туралы» Заңда бұған рұхсат берiлген, -деп ауыл әкiмiнiң орынбасары айды аспанға шығарды.

Бiздiң «НИК» сауда кешенiне iлiнген өзбек тiлiндегi жарнаманы не үшiн алып тастамағанын немесе заңға сәйкес жазылуын сауда кешенiнiң иесiнен неге талап етпейтiндiктерiн сұрағанымызда, ләм-мим деп жауап бермедi. Демек, ауыл әкiмдiгiнiң  облыстық мәслихаттың депутаты, «НИК» корпарациясының президентi Бадриддин Нышанқұловқа «мұныңыз дұрыс емес» деп айтуға бата алмағандары. Сондай-ақ  Қарабұлақта қадам аттаған сайын жарнама мен маңдайшалардағы мемлекеттiк тiлде жазылған сөздерде грамматикалық қате көп. Былайша айтқанда, мемлекеттiк тiлдегi жазуларды оқыған сайын тұтығып қаламыз. Бұл туралы бiз айтарымызды айттық, ескертерiмiздi ескерттiк. Ендiгi жауапты ауыл әкiмiнен емес, аудан әкiмi У. Қайназаров пен облыстық тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Б. Көмекбаевадан күтемiз.

 

Е. СӘРСЕНБИН.