92 РЕТ ТЕҢСЕЛГЕН ТЕҢГЕ ҚАЙТСЕ НЫҒАЯДЫ?

236
0

Аптаның алғашқы күні 15-қарашада – Ұлттық валюта төл теңгеміздің айналымға енгеніне 28 жыл толды. 1993 жылдың дәл осы датасында ел Президентінің Жарлығымен теңге айналымға енгізілген еді. Сол уақытта 1 АҚШ доллары 4 теңге 70 тиын болатын. Ал 1994 жылы 1 доллар 54 теңге 26 тиынға бағаланды. 1999 жылы АҚШ ақшасы 150-160 теңгеге дейін көтерілді.

 

Теңгенің әлсіреп, доллардың нығаюы мұнымен түгесілмеді. 2009, 2014 жылдары тағы да құнсыздана түскен ұлттық валютамыз 2015 жылдан бастап еркін ағымға жіберілді. Сол уақыттан бері бүгінге дейін теңгенің теңселуі тоқтаған емес. Қазіргі таңда айырбастау пункттерінде АҚШ ақшасы 431-432 теңгеден сатылып жатыр.

Айналымға енген 28 жыл ішінде теңге биржада 92 рет құнын жоғалтқан екен. Экономист сарапшылар алдағы уақытта теңге тағы әлсіреуі мүмкін екенін ашып айтады. Олар теңге тұрақталып, ұлттық валюта нығаюы үшін Үкімет пен Ұлттық банк үндесе жұмыс істеу керек екенін ескертеді. Мәселен экономикалық сарапшы Арман Бейсенбаев Қазақстан Норвегия, Біріккен Араб Әмірлігі, Австралия, Канаданың даму үлгісін пайдаланса ұтылмайды деген пікірді ұсынады. Ал экономист Мақсат Халық теңгенің құндылығы артуы үшін Үкіметтің «Қарапайым заттар экономикасы», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» сынды негізгі бағдарламалары сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асуы керек деп есептейді.

«Уақыт».