АЙКӨЗОВА АДАСЫП ЖҮР, ОНЫСЫН ӨЗІ БІЛE МЕ?

ОҚО ПРОКУРОРЫ И.ИМАНОВТЫҢ НАЗАРЫНА!

Жапанда адасқан жалғыз жан қарақшыны көргенде қуанады. Біз де ерте ме, кеш пе, прокуратура, қаржы полициясы жемқорлар мен алаяқтардың тамырына балта шабар деп үміттенеміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев құқық қорғау органдарына коррупцияға қарсы күресте барлық мүмкіндік пен билікті берді. Егер құқық қорғау органдары өз міндетін орындаса.Әйтпесе:
Ұрылар – түрмеде,
Жемқорлар – іргеде.
Алаяқтар қашып жүр… – деген өлең киелі сансыз баптар мекені Сайрам ауданының әнұранына айналмас еді. Айтайын дегеніміз, аудандағы білім саласындағы жемқорлық пен адамгершілікке жат келеңсіз оқиғалар. Білім беру саласына 2012 жылы 136,9 млрд. теңге қаралып, 2011 жылмен салыстырғанда 11,88% -ға артты. Сала бойынша құрылысқа 17,8 млрд. теңге бағытталып, күрделі жөндеу жұмыстарына 5,9 млрд. теңге бөлініп, 2011 жылдан 11%-ға артты. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1,9 млрд. теңге қарастырылып, 2 есеге артты. Алайда, осынау қыруар қаржының игілігін қарапайым халық толық көріп отыр ма? Салынған құрылыстың сапасын былай қойғанда, оқушылардың білім сапасы, тәлім-тәрбиесі қандай? Биыл облыс бойынша ҰБТ қорытындысының орташа көрсеткіші 66,9 балды құрады (2011 ж. – 87,2 балл), Сайрам ауданының орташа көрсеткіші облыстың орта балынан 2,98 балға төмен. Ал «Алтын белгі» туралы айтудың өзі ұят, осылай ауданды жерге қаратқан басшылар, беттері быттиып орындарында отыр. Егерде кішкентай ар-намысты болса, неге өз еріктерімен жұмыстан кетпейді? Облыс әкімі А.Мырзахметов мырзаның айтуынша, ҰБТ-да төмен балл алған оқушыларға талдау жасау мақсатында облыста арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүргіді, 11 мектеп директоры қызметінен босатылып, 14 мектептің директорлары мен орынбасарларына тәртіптік шара көрілді.
Иә, облыс басшысы келеді, болады деп жүргенде суға салсаң батпайтын, отқа салсаң күймейтін Сайрам аудандық білім беру бөлімінің бастығы Д.Айкөзова ханым бәрін өзінше кесіп-пішіп қойғанға ұқсайды. Жоғарыда алаяқтар қашып жүр дегеніміз бекер болып шықты, шындығында олар Елбасымыздың саясатына, Ата Заңымызға, Ар-Намыс кодексіне түкіріп, бір қызметтен екінші бір қызметке ауысып жүр. С.Сейфуллин мектеп-гимназиясының бұрынғы директоры С.Сұлтанов мектепте орын алған қанды оқиға: мектеп оқушылары арасындағы атыс-шабыстан соң өз «еркімен» орнынан босаған болатын.
Қалтасы қалың С.Сұлтанов мырза, көп ұзамай Д.Айкөзованың тілін тауып, конкурссыз келесі бір оқу орнының директоры болып шыға келді… Күштілердің (жемқорлардың) арты диірмен тартқан заман-ай! Қонкурс арқылы «жеңіске» жеткен Г.Қолдасова «Жұлдыз» ауылдық округінде орналасқан №79 жалпы орта мектебінде бір ай жұмыс істемей жатып, С.Сефуллин мектеп-гимназиясына директор болып келді. Осы орынға екі ай бойы (конкурс жарияланбай) бос тұрғанда, №79 жалпы орта мектебінің директоры Қырықбаева жұмысқа ауыстыру тәртібімен директор болып келген еді. Биыл өткен ұлттық бірыңғай тестілеу барысында С.Сейфуллин мектеп-гимназиясы өте нашар білім көрсеткішін көрсетті. Бұндай жерде қандай тәлім-тәрбие болуы мүмкін: ақша жинау, ұрыс-төбелес, атыс-шабыс, осындай келеңсіз жағдайларға жүйке жүйесі шыдамаған жастардың асылып өлуі үйреншікті жағдайға айналған. Бұндай келеңсіз оқиғалар біреулерге қайғы-қасірет әкелсе, Д.Айкөзова ханымның жанына майдай жағып отыр. Д.Айкөзованың үстінен осы оқу жылында отыздан астам арыз түсіп, бірнеше мәрте ісі сотта қаралған. Бұл бикеш әзірше ешкімге бой берер емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында нақты фактілерге сүйенген көлемді мақалалар шықты. Менің де «Ұстаздан ұят кетсе, тәрбиеден мән кетеді» атты мақалам жарияланып, мыңдаған ата-аналар қолдау көрсетті. Мақаламда мен жемқорлықтың тыйылмауын көптеген жағдайда жемқорлардың жауапкершілікті сезінбеуінен туындайтығын айтқанмын.
Ары кетсе шартты түрде сотталып немесе жеңіл-желпі айыппұл ғана төлейді. Мысалы, Сарам аудандық білім беру бөлімінің кадрлар бөлімінің бас маманы Т.Макеноваға Сайрам аудандық соты қаржылық қылмысы үшін айыпты деп танып (ст. 314 ч.1. УК Республики Казахстан) 71224 теңге айыппұл салған. Мемлекеттің қыруар қаржысын жалған табель жасап, ұйымдасқан түрде қалталарына басқан қылмыстық топ осылайша жазадан құтылып кеткен. Бас маман Т.Макенованың жұмыстан босамағаны былай тұрсын, қазір ол Д.Айкөзова ханымның арқасында конкурстық комиссияның хатшысы. Сол өзінің баяғы іс-әрекетін жалғастыруда. Ең сорақысы, қыруар қаржыны осы аудандық білім беру қызметкерлері мен олардың туған-туысқандары алып отырған. Неге олар жауап бермейді? Әлде, мемлекет олар үшін сауынды сиыр ма? Осындай қылмыстық іс-әрекеттің басы-қасында жүрген, білім бөлімінің қызметкері Г.Тыныбаева мемлекеттік қызметкер ретінде штат бірлігінен қысқарған. Бірақ та, аудан әкімінің орынбасары С.Сапарбаевтың «қамқорлығымен» штат ашылып, әдіскер болып қайта қабылданды. Ол аз дегендей, балабақшаларға мемлекеттік лицензия беру жүктелген. Ал мұндай мемлекеттік лицензияны аудандық оқу бөліміндегі мемлекеттік қызметкерлер бақылауы тиіс. Бұл бикештер сотқа емес, төркініне төркіндеп барып, аунап-қунап қайтқандай сайраңдап жүр. Заңның құндылығы – оның дұрыс орындалуы.
БАҚ-та бір мақаланы оқып, жағамызды ұстадық. Ата-бабамыздың «қатынның қулығы қырық есекке жүк» дегені рас екен. Д.Айкөзова ханымға жетіспегені – осы ауданның бас имамы Р.Жұмаділлаев мырза еді. Енді төрт құбыласы сай болғанға ұқсайды, ауданның бас имамы №102 жалпы орта мектебінің психологы.
ҚР Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны туралы жазылған. Зайырлы дегеніміз, діннің мемлекеттен бөлек екендігін, яғни мемлекеттік білім берудің де діннен бөлінгендігін айқындайды. Заңды орындау – әркімнің басты парызы.
Біз, ата-аналар, осындай суыққолды, білімсіз, біліксіз оқу бөлімі басшыларының, сенімді ақтамаған мектеп директорларының орнынан тез арада кетуін талап етеміз!

Н.СЫДЫҚОВ,
Сайрам ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ