«Атымды адам қойған соң…»

3-3Қазіргі мына заманда ер азаматтарға қарағанда әйелдердің рөлі басым сияқты. Оған бірден-бір себеп, жұмыссыздық болып отыр. Ерлеріміз үйде бала-шағаны бағып, қара қазанды қайнатуды өз міндетіне алғандығы шынайы шындық. Ал әйелдер күн көрістің қамы деп арысы – Ресей, берісі – Бішкек қатынап, ала дорбаны арқалап сауда-саттық жасап жүр. Базарларды иемденіп алған олар таңның атысы, күннің батысы, қара кешке дейін сыртта болады. Бұрынғы ата-бабаларымыздың «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөзі мүлдем ұмыт қалғанға ұқсайды. Бірақ, бұл сөздің қаншалықты шындыққа жанасатынына қазіргі мына қоғамда расын айтсам, өзім де сенбей қалдым.

«Сенемін» десем өтірікші боларым анық, «Сенбеймін» десем, арпа ішінде жүрген бір бидай болатындай, қыз-келіншектердің арасында да ел қамын күйттеп жүрген баз біреулерге ұнамай қалуым мүмкін. Әйтсе де, олар көп емес, бірен-саран ғана. Сондықтан өзім куә болған, көріп, сезіп жүрген бірнеше мәселелерге қалам тербеп, оқырмандармен ой бөліскенді жөн көрдім.
Бүгінгі қыз-келіншектер кешегі қыз-келіншектерге мүлдем ұқсамайды да, тіпті олар емес деп толық айта аламын. Неге, дейсіз ғой? Оның да өзіндік себептері бар. Мына қоғамдағы кейбір қыз-келіншектеріміз өзінің заты әйел екенін ұмытқан. Ана деген ардақты атқа кір келтіріп жүргендері қаншама, қыз-келіншектерге тән инабаттылық деген мүлдем жоқ.
Менің жасым дәл қазір елу үште. Бірақ, көп жасадым,көпті көрдім, бәрін білемін деп айтудан аулақпын.Үйренгенімнен үйренетінім көп екенін де жақсы білемін. Құдайдың берген жасын жасап, көпшілікпен аралас-құралас жүріп, өмірден өз түйгенім бар деп ойлаймын. Бір жағынан мамандығым жорналшы болған соң ба, қоғамдағы болып жатқан келеңсіз жағдайларға теріс қарап өте  алмаймын. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген сөзді жақсы білемін. Менің айтарым тек жанашырлық, достық лебіз әрі намысқойлық. Қазақ деген үлкен бір ұлтпыз. Бүгінде қазақты әлем таниды. Дамыған елу елдің де қатарынан орын алдық. Бұл қуанышты жәйт, әрине.
Бірақ сырт көзге жақсы көрінгенімен, өзіміздің ішіміздегі кикілжіңдер мен көргенде көз ұялатын келеңсіз көріністерге назар аударып, көңіл бөлетін уақыт жетті емес пе?
Бірде күн жексенбі болған соң бір таныс жігітке телефон соғып, демалуға ұсыныс жасадым. Ол да ерігіп отырған болуы керек шамасы, бірден келісе кетті. Қаламыздағы жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптаған бір кафеден орын таптық. Кафе ауласындағы орындықтардың біріне жайғасқан соң екі бокал сыраға тапсырыс бердік. Өткен кеткенді айтып, әңгімеміз қыза түсті. Біз отырған орындықтың оң жақ қапталында әжетхана орналасқан екен. Біреу шығып, біреу кіріп жатыр. Кенет жасы қырықты алқымдап қалған, басында орамалы бар, қара торыдан келген келіншек пен бір бойжеткен әжетхана есігінің алдына барып қуыс жерге отырып алды да, темекіні бұрқырата бастады. Әжетхананың есігі ашық тұр. Әжетханадан шығып жатқан қолаңса иіс мұрынды жарып барады. Екеуі не әжетхана ішіне кірмейді, не сыртқа шықпайды. Төзіміміз таусылған соң оларға тіл қатуға мәжбүр болдық. «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» демекші, айтуын айтып алып, басымыз бәлеге қалды.
Ол, ол ма, арада жарты сағат өткен соң одан да зор сорақысын көрдік. Біздің жанымыздағы орындықта отырған жігіттердің столына бір қазақ келіншек келіп құлады. Сылқия араққа тойып алған өзі. Әлгі жігіттердің үсті-бастары төгілген сырадан малмаңдай болды. Міне, масқара, деп осыны айт. Біздің қазақтың қыз-келіншектері қайда барады? Ар-ұят, намыс деген қайда қалды? Абай атамыздың мына бір дана сөзі менің құлағымда жаңғырады да тұрады. «Атымды адам қойған соң, қайтіп адам болмайын» деген сөздің кімге айтылғанын атын атап, түсін түстеп бермесек те түсінікті шығар, ағайын. Адам болған соң адам болып өмір  сүру керек қой. Жоғарыда тілге тиек етілген қазақтың қыз-келіншектері кімге үлгі-өнеге көрсетуі мүмкін? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөздің мағынасына құлақ түрелік, ағайын!

Талғат БЕКТӨРЕЕВ.

ПІКІР ЖАЗУ