Бас дәрігерге депутат болу міндет пе? әлде мандат шүленге үлестiрiлетiн нәрсе ме?

15152012 жылдың қаңтар айында бүкіл елдің үлкені мен кішісі бір аласапыран кезеңді бастан өткергенін әлі ешкім естен шығара қойған жоқ. «Мен депутат боламын, ертең халқым үшін етжүрегім елжіреп, барымды да, нарымды да жасаймын» деген талай нанталаптар депутаттық мандат үшін жан алып, жан берген бір кезең болған еді. Сонау шалғайда жатқан Бәйдібек ауданының атынан бір орын үшін төрт бірдей азамат сол сайлаудың бәйгесіне аттарын қосып, жанашырлары мен жақындары тақымын қысып, мойнына бұршағын салып, солардың тілеуін тілеген еді. «Нұр Отан» партиясының атынан тізім бойынша депутаттыққа үміткер болып ОҚО кардиологиялық орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Спандияр Байжігітұлы Бекжігітов ұсынылған болатын.

Оның қасында соған дейінгі шақырылымда депутаттықтың суын ішіп, нанын жеген «Қазпошта» АҚ ОҚОФ директоры Асан Заманхан да үкілеген үмітін демеу етіп, тағы да бағын сынады. Асан Заманханмен бір кездері әкесі, кейін өзі мансап тартысына түсіп жүрген «Қырғы базар» сауда орталығының директоры Серік Шалқарұлы мен Спандияр Бекжігітовтің көлеңкесіндегі тағы бір «қуыршақ» кандидат осы аламан бәйгеге аянбай кірісіп кетті. Спандияр мен Асан – бір ауылдың, бір атаның балалары, ағалы-інілі болғанмен, атынан түсіп бір-біріне жол бермеді. Билік партиясы күш салды ма, Алматыдан ауысып келгеніне соншама көп мерзім өте қоймаған бас дәрігер әйтеуір бәйгеден басқаларынан оза шауып келіп, облыстық мәслихат депутатының алақандай мандатына ие болды. Әр кандидаттың алдағы күндерге меже етіп қойған сайлауалды бағдарламасы болатыны секілді, Спандияр мырза да «ананы олай етемін, мынаны бұлай етемін» деп келер күндерге кең жоспар түзді. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі болып сайланды.
Соңғы екі шақырылымда, басқаны қайдам, Оңтүстік өңірінде облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына кілең дәрігерлер сайысқа түсіп, жеңіске жетіп келеді. Мүмкін ол сайлаушылардың дәрігерлерге деген сеніміне, сыйластығы мен құрметіне байланысты шығар. Бірақ, бір нәрсені ұмытпаған жөн шығар. Ақ желеңді жандардың халқына депутат болмай-ақ, дәрігер ретінде қызмет еткені әлдеқайда пайдалы болмас па еді?! Біздің мұндай біржақты пікірімізбен дәрігер-депутаттардың келісу-келіспеу еріктері өздерінде.
Облыстық мәслихаттың депутаты Спандияр Бекжігітов өз сайлаушыларымен кездескен кезде біраз уәдені үйіп-төгіп, егер өзіне дауыс берсе  елмен бірге болатынын айтып сендірген еді. Бірақ дәрігерлік, оның үстіне басшылық жұмыстары бұл азаматқа шеткей ауданның шалғай ауылдарына барып өз сайлаушыларымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесуіне мүмкіндік бере қоймайды ғой. Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян аулынан жүздеген шақырым арыда, таудың қойнауында, қысы алты айға созылатын Борлысай ауыл әкімдігіне ол кісінің ат басын бұрмай жүргені жауапкершілігінің жоқтығынан емес, уақытының болмағандығынан деп өз-өзімізді бір сендіріп, бір көндіріп, бір жұбатып қоямыз. Біз сол елге барған сапарымызда халықтың өзі қалаған Спандиярдай қалаулы азаматтың бұл өңірге қашан келіп, кімдермен кездесіп, қандай мәселелерді шешкендігін сұрадық. Көп адам оның аты-жөнін де ұмытып қалыпты, базбіреулері тіптен танымайды да. Осыдан кейін ішімізді жиып қалдық.
Азаматтың алқалы топтың алдында айтқан сөзін орындай алмағандығы, халқымен қауышуға уақыт таппай жүргендігі ол кісі түгілі бізді де қынжылтты. «Осы Сәкең тып-тыныш қана жұрттың жүрегін емдеп, аурухананың жұмысын құнттай қылып ұстап, науқастардың жанына арашашы болып жүре берсе несі кетеді екен? Қайдағы бір депутаттықтың қамытын киіп, аманатты арқалап, бір аяғы онда, бір аяғы мұнда жүріп әбіржу не үшін қажет болды екен? Әлде мансап-атақ деген нәрселер алпысқа келген ағаға ауадай қажет пе еді?» деген сансыз сауалдар көңіліміздің терең түкпірінде қалды.
«Байдың асын байғұс қызғанады» деген жайсыздау бір теңеу бар. Бұл біз бен сіздерге қатысты емес. Депутат-бас дәрігер мырзалар, дәрігердің Гиппократ антына адалдығы – ең басты міндеті. Қалам ұстағандарға қатысты «Ақын болу парыз емес, азамат болу парыз» деген бір тағылымды ұғым бар. Сол секілді кейде көрсеқызарлыққа ұқсастау депутатшылдық соңғы уақыттарда мүлдем белең алып барады. Халықтың аманатын өз жауапкершілігіңе алу – аса ауыр міндет. Екінің бірі оның үдесінен шыға алмайды. Сондықтан да біз бір ғана Спандияр Бекжігітов мырза туралы оймақтай ғана ойымызды айта отырып, «келінім саған айтам, қызым сен тыңда» дегенді меңзедік. Әр кәллада — бір қиял. Егер депутат-дәрігерлер біздің осы айтқанымызға төрт аяқтап қарсы тұрып, халық қалаулысы болудың не үшін қажет екендігін дәлелдеп берсе, ондай пікірді біз кез келген сәтте газеттің бетінен жария етуге әзірміз. Мүмкін олардың айтпағы, дәлелді дәйектемесі бар шығар. Ендеше, кең отырып кеңеселік, ойды ортаға салалық.

Мәулен СЕРІКҰЛЫ

Редакциядан:

Депутат болу – шындығында да тек абырой ғана емес, ол елдің сенімін арқалау, көптің үдесінен шығу. Егер бизнесмен, саяси партия өкілдері мандатты иемденіп жатса, ол басқа әңгіме.  Мәселен, облыстық мәслихаттағы жалғыз әйел депутат Рәшкүл Оспанәлиева мен «Нұр Отан» партиясы ОҚО Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдехановтың жөні бір басқа. Олардың уақыты, мүмкіндігі шектеулі емес. Қай уақытта болсын өз сайлаушысын тауып алып, олардың ортасында ой бөлісе алады. Дәрігерді кемсіткеніміз де, кеміткеніміз де емес, олардың міндеті мандатты иемдену емес, халық денсаулығының қырағы күзетшісі болу.