ПРЕЗИДЕНТТIҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ САЯСАТЫН ҚОЛДАМАУ МА?

4Кейде тарихтың терең қойнауына еніп кеткен Кеңестер Одағының дүрілдеген дәуірін жүрегіміз сыздап, ішіміз уылжып, сағынышпен еске аламыз. Қара күйемен ақ парақты күлденеңнен шимайлап тастаудың өзі кейде тарихқа қиянат болады. Өткен күндерді өзегіміз сәл ашып еске алуымыздың, қайқаптағыны қайта қоздыруымыздың үлкен бір себебі – қазіргі Кентау қаласымен тікелей байланысты болып отыр.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында Оңтүстік өңіріне арнайы атбасын бұрып, «Өскен өркеніне» мағлұматтар жинаған заманының заңғар жазушысы, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов жаңа бой көтерген жас қала Кентауға келгенде: «Па, шіркін, мынау бір Қаратаудың төсіндегі алтын тәж ғой» деп таңдана басын шайқап, бағасын берген екен. Бүгінде ойланасың, қиялдайсың, егер ғайыптан тайып, сол Әуезов жарықтық тіріліп келіп, бүгінгі Кентауды көрсе: «Туһ, ой сендерді–ай, баяғы алтын тәждей болған мынау қаланы жұлым–жұлымын шығарып, әбден тоздырып бітіпсіңдер ғой» деп айтатынына ешқандай күдік келтіруге болмайды, өйткені «Қаратай тәжі» атанған қала қазір тозығы жеткен ескі тақияның күнін кешіп тұр. Әр жылы әйтеуір бір ырың–жырың әңгіме Кентауды айналшықтап, атын жақсы жағынан емес, жаман жағынан шығарып жатады. Ел басқаруға келген, өздеріне таудай сенім артылған әкімдердің әрекетінің әрекетсіздігі құпырған Кентауды құрдымның құлдилаған құдығына қарай тартып барады. Кімді кінәлаймыз, жаратқан Тәңірді ме, әлде қолдарына қолақпандай билік берілген әкімдерді ме? Дәл осы сауалдың жауабын іздеп, оған әділ бағасын беретін басшы әзірге Оңтүстік өңірінде табылмай тұрғаны өкінішті.
Өткен дәуірде батыста Форт–Шевченко, ал Шымкентте Кентау деген екі жас шаһарды көргендер аузынан суы ағып, әңгіме ететін. Сол батыстағы қала Ақтау атанып, айбыны асып, абыройы тасып, атақты Ақтау болды. Ал Кентау кенінен де, барынан да, ажары мен сымбатынан айырылып, жәйтау болып қалды.
Жақында жол түсіп, Қақаған қаңтарда қаңғалақтап Кентауға бардық. Құрысын, Шымкентке қайтқанша асығып, дегбіріміз қашып, көңіліміз бұзылып, көлденең көлікке міне қаштық. Кентаудың көшесінен жүре алмайсың. Қары сырылмаған. Аяқ жолға төселген сары құмдақ сырылмаған қармен араласып, сарыбалшыққа айналған. Дәу көшелер қары тапталып, кішкентай Медеудің сырғанайтын айдыншығына айналған. Кентаудың орталағында «Нұрлығайын» сауда орталығы бар. Қалға кірген, қаладан шығатын жолаушылар тасымалдайтын барлық көліктер осындағыжаңадан салынып жатқан көлік бекетінің алдына тоқтайды. Кірер, шығар жолдағы асфальттар әбден тозығы жетіп, жарамсыз хәлге ұшыраған. Қала әкімі бұл жолмен жүрмегендіктен, оның ахуалынан мүлдем бейхабар қалған сыңайлы.
Кентау – жасыл қала. Төрт-бес көп қабатты үйлердің арасына көп жылдық қараталдар бұрынғы әкімдердің кезінде отырғызылған. Қазір олардың биіктігі бес қабат үйдің балкондарына барып тіреліп тұр. Қаланың сан-салалы, алуан ағымдағы, ірілі-уақты жұмыстарының қатарында қаланы көркейту, көгалдандыру жұмысы да ерекше маңызға ие. Бір өкініштісі егілгелі бері бұталмаған, кейбіреуі қурап кеткен, жасыл желек болатын сол ағаштарды бұтау, қысқарту жұмыстары секілді ағымдағы тірлік бүгінге дейін тындырылмаған. Ірі-ірі мәселелерге шамасы келмесе де, қала әкімінің тал-теректі бұтаттыруға құдіреті жетіп, құзіреті жететін шығар. Тек құнттылық пен жауапкершілік ғана жетіспей жатыр.
Ақпанның басында қала әкімі халықтың алдында өткен жылғы атқарылған жұмыстарға байланысты кеңейтілген есебін берді. Көп мәселе ашық ортаға салынбады десек артық айтқандық болмас. Егер әкім бұған екі қолын көтеріп, «МЕН БАРЛЫҒЫН АТҚАРДЫМ, ҮЙЛЕСТІРДІМ, ҰЙЫМДАСТЫРДЫМ» деп айқайлап тұрып, бар істі өзі меншіктеп алар болса, осы есепті жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов мырза «КЕНТАУДАҒЫ ЖҰМЫСТЫ ОБЛЫСТАҒЫ БАСҚАРМАЛАР, ДЕПАРТАМЕНТТЕР, БАСҚА ДА САЛАЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕР ІСТЕП ОТЫР» деп айтпас еді. Сондықтан әкім Бахытбек Байсалов өзінің өткен жолына тұтас денесімен бұрылып қарап, «МЕН НЕ ІСТЕДІМ?» деген сансыз сауалдарға шынайы жауап іздеген жөн. Әйтпесе алақанды бірде Шымкентке, енді бірде Астанаға жая бергеннен мәртебесі өсіп, қызметі жоғарламайды. Бір кезде банкротқа ұшырай жаздаған трансформатор зауытының өн бойына нәр беріп, қанын жылжытқан облыс тарапынан болған қозғау мен қолдауды өзіне меншіктеп алуы мүмкін.
Д. Қонаев атындағы көшедегі “1941-1945” деген айқыш-ұйқыш ескерткіш темірдің күтімі емес оның алдындағы бір машина топырақ па, әлде көң бе, әйтеуір бірдеңе үйіп қойыпты. Орыстың бір “бауырластар зираты” секілді.
Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев барын салып, жанын қинап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, егемендігін енді алған, тәуелсіздігінің таңы кеше ғана атқан елімді қайтсем жақсылыққа бастаймын, қайтсем жағдайын жасаймын деп жүрген елдің тұтқасы. Сол игі мақсат жолында жиырма жыл ішінде қаншама тірлік атқарылды. Қазақстан деген елді жер құрлығының пендесі түгел таныды. Елдің өркендеуі, өкономикасының нығаюы, халықтың әлауқатының артуы жолында Президент тарапынан өмірлік маңызы бар аса ірі бағдарламалар белгіленіп, олардың біршамасы жүзеге асып, көптің игілігіне айналды. Бір кездері арман болған, әлемнің алдыңғы қатарлы елу мемлекетінің сапында болуға жоспарланған «Қазақстан-2030» бағдарламасы мерзімінен бұрын жүзеге асты. Бұған Кентаулық билік басындағылар әлі де сенбейтін секілді. Бүкіл Қазақстан жұмылып, былтырдан бері Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуына арналған стратегиялық аса ірі бағдарламаны орындауға жұмыла кірісіп жатқан кезде, кентаулықтар 2030-дың төңірегінен шиырлап шыға алмай жүр. Сенбесеңіз киелі Түркістаннан бұрылып, қырдың басындағы «Кентау» деген кіре берістегі жазудың оң жағында баяғы да іске асқан «2030» әлі тұр. Қимағандық па, қиналғандық па, оны енді әкім Қ.Байсалов біледі. Күні кеше жиналысқа барған облыс әкімі қалаға ұшақпен емес, автокөлікпен барғанда осы өткеннен қалған бағдарламалық белгіні байқамаған болуы мүмкін. Әйтпесе қортынды сөзіне оны да қосып айтар еді. Идеологиялық жұмыс Кентауда қай жағынан алып қарағанда да өмірдің бүгінгі талабына сай жүргізілмей отырғандығы жасырын емес.
Әзірге мақаламыздың бірінші бөлімін жеңіл түрде қортындылай отырып, оқырманды Кентаудағы идеологияның толыққанды тыныс-тіршілігімен және моно қала ретіндені атқарылып жатқан жұмыстардың жай жапсарымен таныстыруды, талдауды, сарапқа салуды келер күндердің еншісіне қалдыра тұрғанымыз жөн деп ойландық. Бірақ қаласының қарын күреп, тазалап, ағашын бұтап қарық қылмаған әкім мырзадан моно қаланың жарқын келешегін күтуге шынымен бола ма? Бізді осы бір жағдай қатты ойландырып отыр.

Қыдыр ҚАЛИЕВ

ПІКІР ЖАЗУ