«Менің де опық жеген кездерім болған»

473
0


Шежіресі мол, киелі аймақ – Созақты талай әкім басқарды. Сол жақсылардың жақсы ісін жалғастырып келе жатқан ауданның қазіргі әкімі Мақсат Исаев өзіне лайықты тірлігін оң жетістіктермен жалғастырып келеді. Аудан облыстағы айтулы аймақтардың қатарында. Мұның барлығы басшының іскерлігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Біз Созақ өңірінің басшысымен арнайы болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

—Созақ – шалғай аймақ. Табиғаты қатал. Тарихы терең. Қойнауы құт. Байлығы баршылықпен астасқан қиын аудандардың қатарындағы Созақты басқару сіз үшін ауыр емес пе?
—Сіздің айтқаныңызбен толық келісемін. Облыс орталығы Шымкент қаласынан алыс жатқан аудан. Өзіңіз айтқандай Созақ өлкесінің тарихы терең, тылсым құпиялары мол. Ол әрбір пенденің пейіліне қарай кейде дархандық, кейде қаталдық көрсетіп жатады. Теріскей елінің аяулы перзенті жазушы Асқар Сүлейменовтің «созақ-мінез» дегені осыдан шықса керек. Ел арасында көп боламын. Көнекөз қариялардан Созақ туралы мына бір әңгімені естіп едім. Бірде көпшілік отырған жерде бейауыз біреу қасында отырған өзі сияқты қонақтан «қайдан келдің» деп сұрапты. Сонда әлгі кісі «Созақтан келдім» десе, «Е, Созақтан дегенше тозақтан келдім десейші» деп қарқылдап күліпті. Кейін әлгі бейауыз діттеген жеріне жете алмай, Созақтың боранды, қарлы асуында қалып кетіп, аяқ-қолы үсіп, мүгедек болып қалыпты. Қасындағылар дін аман қалса керек. Осы бір әңгіменің өзі Созақтың қаншалықты қасиетті мекен екенін білдірсе керек. Осындай киелі жерге басшылық жасау, осында тұрған халықтың талап-тілегінен шығу – абырой, әрі соншалықты жауапты жұмыс екенін несіне жасырамын? Қуанышы мен қиындығы қатар жүрген мына өмірде аудан үшін игі іс істесек, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар ашылып жатқанда, алдыма өтінішпен келген адамдар риза болып кетіп жатқанда марқайып қаламын. Ал, керісінше аяқтан шалып, арыз жазып, жұмысыңа кедергі келтіргенде көңілің түсіп қалады. Дегенмен, туған ел алдындағы азаматтық борышымды қашан да абыроймен орындағым келетінін несіне жасырамын. Түрік елінде билік құрған Білге қағанның «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген сөзі бар. Ең бастысы –елдің бірлігі. Бірлік бар жерде толағай тірлік, қыруар шаруа мен игі істер жалғасын таппақ.
—Кадр саясаты – қиын саясат. Мақсат мырза, мәселен, жоғарыдан сізге орынбасарлық қызметке бір азаматты алу жөнінде ұсыныс болса, ал сіз өз орынбасарыңыздың қолынан не келетіндігін, білігін, іскерлігін, қандай ұйымдастырушы екендігін жақсы білесіз. Ұсынылған нашар кадрға қарсы ұсыныс айтып, жоғары жаққа өз тарыпыңыздан қарсылық жасаған кезіңіз болды ма?
—Былтыр ғана Елбасы Н.Назарбаев жариялаған 100 нақты қадам Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы айтылған. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменнен басталуы, яғни меритократия қағидасын басшылыққа алынуы тиіс. Бүгінде Қазақстан республикасында меритократия қағидасы қол жетімді форматқа айналды. Кез келген адам өзінің қарым-қабілетін көрсетіп, қызметтік сатыдан өсуіне барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі мемлекеттің кадр саясаты жөніндегі сәтті реформалар десек қателеспепін.
Жақында ғана үш айдан бері бос тұрған аудан әкімінің орынбасарын тағайындадық. Бұл қызметке Бағдат Айдарбеков деген жергілікіті азаматты лайық деп таптық. Шынын айту керек, Бағдат Айдарбеков қызмет жолын мектепте мұғалім болып бастап, оқу ісінің меңгерушісі, директор, бірнеше жыл ішкі саясат бөлімінің басшысы, он екі жыл мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарған азамат. Дайын кадр. Осындай ел мен жердің ұңғылы мен шұңғылын білетін, өз саласын жетік меңгерген азаматтар тұрғанда, «асфальтта» өскен азаматтарды жауапты қызметке шақыру қисынсыздау дер едім. Біріншіден сырттан келген азамат жергілікті жағдайды онша білмейді. Екіншіден мемлекеттік жұмыс «күйіп» тұрған сәтте дайын кадрдың болғанына не жетсін?! Бұл сөзім қаладан кадр келмеу керек деген сөз емес. Ең бастысы — Елбасы ұстанып отырған меритократия қағидасын ұмытпауымыз керек.

—Әкімдік қызметке қалай келдіңіз? Қызығушылықпен бе, әлде жоғарғы жақтан біреулердің ықпалы болды ма? Кейде қызметке деген құмарлық адамдарды биліктің тізгінін ұстауға жетелейді. Сізде осының қайсысы басым болды?
—Өзім Созақтың тумасымын. Менімен аралас-құралас азаматтардың барлығы біледі, туған жерімді қашан да мақтаныш етіп отырамын. Көз ашқалы жырақтап ешқайда кеткен емеспін. Өмірбаянымды қарап отырсыңыз, қызметтік жолым осы жерден басталды. «Алмас» шаруа қожалығында есепші болып қызмет етіппін. Аудан әкімдігіне жұмысқа қабылдандым. Сол кездегі аудан әкімі Қуаныш Айтахановтың жақсы дәстүрі болатын. Әкімдікке жұмысқа тұратын адаммен жеке жолығып, пікірлесетін. Әңгімесін тыңдайтын. Мен үш адамның бірі болып Қуаныш ағамыздың алдына кірдім. Аудан әкімінің алдына кіріп қатты қобалжығаным есімде қалып кетіпті. Дегенмен сұрақтарына дұрыс жауап берсем керек, үш адамның ішінде маған тоқталып, экономика бөліміне бас маман болып жұмысқа қабылдандым. Содан бері мемлекеттік қызметте аудан әкімдігінің аппаратында аумақты дамыту және кадрлық жұмысы жөніндегі бөлім меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының басшысы болғанмын. Облыс әкімдігінде бас инспекторы, Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін істедім. 2007 жылы туған жеріме ат басын тіреп Созақ ауданы әкімінің орынбасары болдым. Адам өмірінде түрлі жағдайлар болады, бір жылдай «Қыземшек-Демеу» ЖШС филиалының директоры болып жұмыс істеу де маңдайыма бұйырыпты. Бұл кезде де өзіме, өміріме қажетті тәжірибелер жинадым. Осы қызметте жүргенде жергілікті халықтың ұсынысымен аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Бесінші сайланған Созақ аудандық мәслихатының хатшысы болдым. Мемлекеттік қызметтегі өзгерістерге байланысты «А» корупсы бағдарламасында Ұлттық комиссиядан өттім. Өздеріңіз білетіндей аудан әкімі болып отырмын. Қызметтік жолымда көке салып, ықпалды адамдарды арқа тұтқан емеспін. Қандай қызметте жүрсем де маңдай тер еңбегіммен келемін. Жоғарыда айтқандай меритократия қағидасы болмағанда аудан әкімі болмас па едім, кім білсін?! Менің бағыма орай талай мықты азаматтармен қызметтес болдым. Қуаныш Айтаханов, Созақбай Әбдіқұлов, Бәйділда Жылқышиев, Қайназаров Уалихан, Жылқышиев Болат сияқты азаматтарды өзіме ұстаз тұтамын.
—Облыс басшысы тарапынан берілетін тапсырмалар кейде аудан әкімдері үшін аса ауқымды және ауырлау болып жататыны жасырын емес. Қиналған кезде қиындықтан шығатын, тығырықтан жол табатын ыңғайлы әдістер өз тарапыңыздан ұдайы жақсы нәтиже алып келеді ме?
—Аудан әкімі болып тағайындалған соң, осындағы алпыс мың халықтың әлеуметтік жағдайы сенің мойныңда. Біз мынаны түсінуіміз керек. Жоғарғы жақтан келген тапсырмалар, мемлекеттік бағдарламалар халықтың хал-ахуалын көтеру үшін жасалады. Ал, оны орындау — біздің міндетіміз. Қисыны келмей, күрмеуі шешілмей жатқан жұмыста басты талап болу керек. Ұлы Абай айтпақшы үш-ақ нәрсе адамның қастерлі қасиеті «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» деп, осы үдеден шығуға тырысамыз. Дегенмен кей кездері тапсырылған жұмыстар орындалмай жатқанда ашуға ерік беріп қоятын кездеріміз де жоқ емес. Ұрысамыз, таласамыз мұның бәрі қызмет барысында болатын қалыпты жағдайлар. Бізден жоғарғы басшылық қалай талап етсе, менде өз саласына жауапты бөлім басшысы, ауыл әкімінен соны талап етемін. Қол астымдағы қызметкерлер жақсы біледі. Жұмыс уақытым таңертегі сағат 9:00 басталып түнгі 22:00 дейін созылады. Менің де жұмыстан ерте қайтып, бала-шағамның қасында әңгіме-дүкен құрғым келеді. Алайда қазіргі заманда жұмыстың талабы мүлде бөлек, шындығы оған көп мүмкіндік бола бермейді.

—Дағдарыстың екпіні әлеуетке, әлеуметке, экономикаға қаншалықты кері әсерін тигізуде? Алғашқы жарты жылдықтағы рейтингтік көрсеткіштер көңілге қонымды деп есептейсіз бе? Неден ұтып, қай жерде ұтылысқа жол бердіңіздер?
—Қазіргі елімізде дағдарыс орын алып жатыр дегенге келіспес едім. Дағдарыс деп сонау тоқсаныншы жылдарды айтса болады. Жұмыссыз халық, әлеуметтік төлемдер төленбей жатқан кез. Ауыл-аймақ азып-тозған. Дорба сүйреген жұрт базар жағалап, сауда жасап кетті. Құдайға шүкір, қазіргі таңда халық айлығын уақтылы алып жатыр. Халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынуда. Жейтін нанымыз, ішетін суымыз бар. Теріскей өңіріндегі әлеуеттің де, әлеуметтің де жағдайы тұрақты. Созақтың донорлық аудан екенін ұмытпаңыздар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы аудан қалалар арасында белесті жоғары көрсеткіштермен аяқтаған болатынбыз. Алты айдың қортындысы енді шығады. Дегенмен тапсырылған жұмыстарды орындап, мүмкіндігінше жақсы қорытындылаймыз деп ойлап отырмын.
—Жоғарыдан тапсырма көп. Кейде оны орындау мүмкін емес секілді. Тығырықтан шығу үшін жүргізілетін жұмысты өзіңіз жоспарлайсыз ба, болмаса орынбасарларыңызға, бөлім басшыларына көбірек арқа сүйейсіз бе? Өзгелерге деген сеніміңіз ұдайы қайтарым бере ме?
—Барлығына өзім үлгеремін десем өтірік болар. Сан салалы тапсырмалар көп. Тиісті орынбасарларымнен, бөлім басшыларынан талап етемін. Ретті жерінде қызды-қыздымен жұмысқа өзімде бел шешіп кірісіп кетемін. Кейде сеніп тапсырма берген адамдар жұмысты тиісті дәрежеде атқармай жатса кәдімгідей қарның ашып қалады. Бірі сенің әкеңмен жасты, үлкен азаматтар енді бірі балаң қатарлас. Оларға қатты сөз айтудың өзі ауыр. Дегенмен сабырға келіп, жұмыстың мәні мен маңыздылығын түсіндіремін. Қандай жағдай болмасын тапсырмалардың орындалуына әрқайсымыз міндеттіміз. Сондықтан талап та осы деңгейден көрінеді.

—Сізді таңертеңгі жұмысын құран оқумен бастайды деген бір сұхбаттағы көзіміз шолған жай шындыққа қаншалықты жақын?
—Ия, ол жағдай рас. Жетпіс жыл атеистік қоғамда өмір сүрсекте, діннен алыстаған жоқпыз. Ислам қағидаларын берік ұстанған ата-көкелерімізді көріп өстік. Олардың тәлімі мен тәрбиесін алдық. Дініміз мұсылман, өзіміз қазақ болған соң, күнде жұмысқа келгенде бір Аллаға сыйынып «бисмиллә» деп жұмысты бастайтыным рас.
13705186_1163419083709070_139898217_n
—Үйдегі мінез түз жұмысында өзіңізбен бірге әрекет ете ме? Сырттағы Мақсат Исаеевтың бойында лауазымға байланысты өзгеріс пен жасандылыққа орын бар ма?
—Жасандылықтан мүлде ада адамнын деп шынымды айтайын. Оны қасымда жүрген қызметтестер мен өмірде, аралас адамдар біледі. Ойыма келгенді бетің бар, жүзің бар демей айтып саламын. Екіжүзділікті жаным сүймейді. Табиғатымда адам алдау, уәдені бұзу мүлде жоқ. Үйде де, түзде де мінезім осы. Құдай берген мінез. Кейде қызбалыққа салынып кетеміз. Кейде айтар нәрсені дер кезінде айта алмай, қолымды кеш сермеп, бармақ тістеп қаламын.
—Қол жетпеген армандарыңыз көп пе? Соның ең бастысы не?
—«Армансыз адам – қанатсыз құс» дейді емес пе? Бала кезімде қиялға қанат бітіріп, ойша талай жерді шарлап қайтатынбыз. Марқұм әжем мен кішкентай кезімде алдына алып отырып «Мақсатжаным совхоз директоры болады» деп отырады екен. Ол кезде совхоз директорының абыройы биік, табысты болатын. Әжемнің сол тілегі періштенің құлағына шалынды ма қазір аудан әкімі болып отырмын. Алланың бергені өсіріп отырған төрт ұлым бар. Солардың қызығын көру бір арман. Анам мен бауырларымның көз алдымда аман-есен жүруі бір арман. Халықтың ойынан шығу бір арман. Әсілі, адамда арман таусылған ба?!
—Жеке басыңыздың қадірлілігіне, өн бойыңыздағы адами қасиеттеріңізге өзіңіздің көңіліңіз тола ма? Өзіңізге бағынбайтын, арыла алмай жүрген кемшілігіңіз бар ма? Одан опық жеп, өкінген кезіңіз болды ма?
—Әрине, адам өзіне-өзі баға беріп, болдым толдым деген кезде, оның өшкені. Мен үлкенді сыйлап, кішіге ізет жасау секілді қасиеттерді ата-анамнан, үлкен ағаларымыздан көріп өстім. Өзіме бағынбайтын, арыла алмай жүрген кемшілігім де жоқ емес. Жауапты қызметте отырған соң, кез – келген нәрсені мың ойланып жүз толғанатыным бар. Пенде болған соң өкініп, опық жеген кездерім болғанын несіне жасырамын.

—«Уақыт» газеті мен «www.uakit.kz» ақпараттық порталының оқырмандарына айтар тілегіңіз қандай?
—Апта сайын шығатын «Уақыт» газеті мен «www.uakit.kz» ақпараттық порталының оқырмандарының дендеріне саулық, бастарына бақыт тілей отырып республика көлеміндегі жақсы жаңалықтарды оқи берулеріңізге өз атымнан және аудан тұрғындарының атынан ақ тілегімді білдіремін.
Cұхбаттасқан Талғат ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.