ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӨРНЕКІ АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

27
0

Түркістан – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесі үшін рухани, тарихи және мәдени құндылығы орасан зор қала. Ел Президентінің бастамасымен Түркістан қаласының жаңғыруы мен қайта түлеуі – ұлттық болмыс пен мемлекеттік идеологияның нақты көрінісіне айналды. Осы ауқымды өзгерістердің аясында тіл мәселесі де маңызды стратегиялық бағыт ретінде күн тәртібінен түспей келеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Түркістан қаласына рухани, тарихи-мәдени және туристік орталық мәртебесі берілген. Сонымен қатар, ол сәулет мұрасы ретінде де арнайы қорғауға алынған. Мұндай мәртебе – қаланың келбеті мен мазмұнына қойылатын талапты арттырады. Бұл тек құрылыс, көгалдандыру мен туризм салаларына емес, тілдік ортаға, яғни көрнекі ақпарат пен жарнама тіліне де тікелей қатысты. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – Тәуелсіз Қазақстанның ұзақ мерзімді саясатының бір бөлігі. Бұл бағытта Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы нақты ережелер мен міндеттерді бекіткен. Атап айтқанда, заңның 21-бабы көрнекі ақпарат мәтіндерінің мемлекеттік тілде жазылуын талап етеді. Сонымен қатар, бұл нормалар 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының 20-тармағында да өзекті түрде айқындалған. Осы негізде Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ мамандары нақты іс-шараларға көшті. Олар Жаңа қала аумағында орналасқан бірнеше нысандарды қамтып, тіл заңнамасын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген мониторинг барысында 18 нысан қамтылып, олардың сыртқы жарнамалары мен көрнекі ақпараттарындағы заң нормаларына сәйкестігі тексерілді. Нәтижесінде 7 кәсіпкерге заң бұзушылықтарды жою жөнінде ауызша ескерту берілді. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты сақтықтың әлі де болса жеткіліксіз екенінің белгісі. Көп жағдайда заң бұзушылықтар жарнама мәтіндерінің тек шет тілінде немесе мемлекеттік тілсіз жазылуымен, орфографиялық қателіктермен, мазмұн мен құрылымдағы үйлесімсіздіктермен байланысты болып отыр. Бұл тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар қаланың рухани келбетіне нұқсан келтіретін жағдай екені даусыз.

Кәсіп иелерінің жарнамалық өнімдеріне тікелей жауапты екенін ескеру қажет. Заңға сәйкес, жарнама, маңдайша, тақтайша, хабарландырулар мен мәзірлердің барлығы мемлекеттік тілде және қажет болған жағдайда басқа тілдерде де жазылуы керек. Алайда көптеген жағдайда бұл талап орындалмайды немесе тек формалды түрде іске асады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – бұл тек үгіт немесе тәрбие жұмысы емес. Бұл – заңдық міндет, оған бағыну – әрбір азамат пен кәсіпкердің жауапкершілігі. Жергілікті билік тарапынан берілген ескертулерді елемеу – болашақта әкімшілік шараларға ұласуы мүмкін. Түркістанның ерекшелігі – оның халықаралық деңгейдегі рухани орталық болуы. Мұнда алыс-жақын шетелден мыңдаған туристер келеді. Қаладағы әрбір жазу, әрбір көрнекі маңдайша – Қазақстанның бет-бейнесін көрсететін визуалды мәдениет элементі. Сондықтан олардың сауатты, мазмұнды әрі заңға сай болуы – ұлттық абырой мәселесі. Мемлекеттік тілде сауатты жазылған жарнама – кәсіпкердің де беделін арттырады. Сонымен қатар, бұл қала тұрғындары мен қонақтарының мемлекеттік тілге деген көзқарасын қалыптастырып, оның беделін өсіруге сеп болады. Сондықтан әрбір мекеме иесі осы мәселені идеологиялық емес, іскерлік және мәдени тұрғыдан қабылдауы тиіс.

Мәдениет және тіл саласындағы жауапты мекемелер тарапынан жүргізілген мониторингтік жұмыстар тамыз айында да жалғасын табады. Бұл – бір реттік акция емес, жүйелі түрде жүргізілетін бақылау жұмысы екенін білдіреді. Сонымен қатар, ескертумен шектеліп қалмай, келешекте айыппұл және басқа да әкімшілік шаралар қолданылуы да ықтимал. Түркістан қаласындағы көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерінің тілдік талаптарға сай болуы – заңдық, мәдени және моральдық тұрғыдан да аса маңызды. Бұл – елдің рухани астанасы саналатын қаланың мәртебесіне сай келетін маңызды қадам. Мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта кеңінен қолданылуы – ұлт болмысын сақтаудың бір тетігі. Қала билігінің қолға алған бастамасы – уақытылы әрі маңызды шара. Ал оның нәтижелі болуы – тек мемлекеттік мекемелердің емес, барша қоғамның, соның ішінде кәсіпкерлердің де азаматтық жауапкершілігіне байланысты.