САЛАФИЛЕРДІҢ ЖҰБАЙЛАРЫНАН САҚТАНУ КЕРЕК ПЕ?

437
0


Дін – наным, ғылым, мәдениет. Өкінішке орай, қазіргі кезде осы бағалы құндылығымыздың қадірін кетіріп, бағасын түсіруді мақсат еткен жағдайлар болып жатқаны баршаға аян. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2050». Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жәңа саяси бағыты» Жолдауында Жаңа Қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деген тарауының «XXI ғасырдағы Қазақстандық дін» деп аталатын тармағында дін мәселесіне байланысты талдау жасап, бағыт- бағдар беріп, айқын мақсаттар қойған.

Өз басым мен мұсылманмын деген жүрегі таза пенделердің діни экстремизмге, терроризмге қатысы жоқ деп ойлаймын. Мәселе жүректе, санада, адамның түйсігінде. Пенденің адамгершілік сезімдері қалай дамығандығында. Ислам діні біреуге қиянат жасауға үндемейді. Адамдарды бірін бірі сыйлауға, құрметтеуге шақырады. Шын мәнінде қазақ отбасындағы көптеген ырымдар мен тыйымдар діни дәстүрлермен байланысты. Халық мәдениеті жөнінде толық түсінік алуда діни дәстүрлерді ғылыми түрде ой елегінен өткізудің елеулі маңызы бар. Дегенмен соңғы кездері қоғамда жастар арасында ата-анаға қарсы шығу, тыңдамау, тіпті теріс ағымды дұрыс көріп, сол ағымның түсінігімен жүру етек алып барады.

Салафизм – Құран аяттары, хадистерді түсінуге ешбір фиқһи ережесіз тікелей түсінуді ұстанатын жол. Мағынасы анық емес, әрі көптеген мағыналарды білдіретін аят-хадистерді жамағатқа түсіндіруде әлеуметтік-тарихи, рухани-саяси өмір талаптарын ескермей, мүжтаһид ғалымдардың ортақ пікіріне, ортақ тұжырымдарынан бас тартып, соның салдарынан жадағай шешіммен аят-хадистердің сыртқы мағынасымен ғана амал етеді. Аят, хадистерді түсінуде белгілі ереже-қағида, арнайы тәсілдерге сүйеніп келген исламның он төрт ғасырлық мәдениеті мен ғымыми қорын жоққа шығарып, ханафи мазһабын толық ұстауға қарсы шығады. Олар мұндай пікірлерді ғасырлар бойы ханафи мазһабын ұстап келген аймақтар арасында бүлік тудыру үшін таратып отыр. Олардың киім үлгісі, жүріс тұрысы, намаз оқуы да ерекше. Келте балақ, ұзын әрі күтілмеген сақал оларды өзгелерден ерекшелейді. Олар сақал қоюды уәжіп санайды. Талтайып тұрып намаз оқу соларға тән. Тура солай әйелдеріде басқаша, қара түсті киім, етегі ұзын, жерге сүйретіліп жүреді, тіпті беттерін тұмшалап тек көздері ғана ашық болады. Балаларын бөтен балақайларға жолатпайды, кәпірдің ұрпағы санайды. Қазақ халқының дәстүрін мойындамайды. Қарттардың жастарға берген батасын теріске шығару, келіннің ата-апасына иіліп сәлем бергенін теріске шығару, бұл олардың пікірінше Алладан басқа тағы да біреуге табыну. Мұсылмандардың молаға зиярат етуін, құранды өлген адамдарға арнап оқуды теріске шығару. Бұлар мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізеді, даму үстінде тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудырады.

Әуретті жабу – тек Исламға тән құбылыс емес. Бұл Алланың әйел затына міндеттеген киім үлгісі. Ол жөнінде Құранда «Нұр» сүресінде баяндалады. Киім киюдің бұл үлгісі яһуди (еврей) мен христиан дінінде, мәдениеті тым бүрыннан басталатын кәріс, жапон секілді елдерде де болған. Әйелдің орамалсыз жалаңбас жүруі, жалаңаш жүрумен тең саналғандықтан, яһуди дін өкілдері мұндай жағдайда оның жанында дұға қылуға, ғибадат жасауға тиым салған. Олардың көзқарасы бойынша орамал – әйелдің абыройы мен беделін, әлеуметтік жағдайын білдіретін дін белгісі. Сондықтан төменгі таптағы әйелдер жоғары таптағы әйелдердің қатарынан көріну үшін орамал тағуға тырысатын. Орамал тағуды тектіліктің нышанына балаған жәйттер кезінде Израйльде зинақор әйелдердің орамал тағуына рұқсат бермегеніне қарт тарихтың өзі куә. Еуропадағы еврей әйелдері XIX ғасырға дейін басынан орамалын тастамаған. Батыста жалаңбас жүру күштеп енгізілгеннен кейін еврей әйелдері оның орнына парик киген. Яһуди дінінің «hassidism» бағытын ұстанушылар орамалға балама ретінде әлі күнге дейін парик киюде.

Ал христиан дінінде орамал тағу мәселесіне келсек, котолик шіркеуіндегі монах әйелдердің мың жылдан бері орамалын тастамай киіп келе жатқаны белгілі. Христиан дінінің Тертуллиан есімді ғалымы бойжеткендердің шашын бүркемелеуге байланысты баяндамасында былай дейді: «Бойжеткендер, көшеде жүргенде бастарыңа орамал тағыңдар, шіркеуде, бөгде адамдардың жанында бастарыңды ашық ұстамаңдар …».
Елу жылдық еңбек өтілі бар профессор Мәкен Молдабаевамен тілдескенімізде, университетке қысқа белдемшемен келетін студенттерді дәрістен шығарып жіберетін кездері де болған. «Бұл туралы өздеріне қатты батырып та айтамын», бірі тыңдайды, ал кейбірі өзіңе айбат көрсетеді. Өздерінің анасымен жасты ұстазға дауыс көтергенін қайтерсіз? «Ұяты жоқтың – иманы жоқ» деген сөздің рас екеніне сол кезде көзім жетті. Ал орамал тағып, иманын сақтаған қыздардан байқағаным, оларда адамдармен қарым-қатынаста үлкенге құрмет, кішіге ізет, өтірік айтпау, сөзінде тұру секілді адамгершілік қасиеттер басым. Қазақ жерінің әр аймағының ауа-райына тән әйелдердің кимешегі әр түрлі болған, сондай-ақ ол жас ерекшеліктеріне қарай түрлі үлгіде тігілген. Ата-бабаларымыз Құран қағидасына қарсы шықпаған. Керісінше, оны ғұрпымен сабақтастырып,ою-өрнегімен көркемдеп, өзінің төл киім үлгісіне айналдыра білген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдеріне әр заман талабы мен ұлттық түсінігімізге сай әртүрлі киім үлгілерін неге тікпеске? Кимешекті неге кимеске? Осылай істер болсақ «арабтың киімі» деген қасаң көзқарастан арылар ма едік?! Демек тарихты қалай ақтарсақ та қазақ жеріндегі әйел заты ұятты жерін жауып жүрген. Бойжеткен қыздарымыздың өзіне жарасқан сәукелесі, апаларымыздың киген кимешектері қандай керемет, барлығы шариғатқа негізделген. Өкінішке орай қазір түрлі байланыс жүйесінің тармақтары санамызды улап, батыстың мәдениетімен неше түрлі жағымсыз көрініс кіріп жатқаны жүрегімізді ауыртады. Батыстың жаңалықтарына қызығамыз-ау, бірақ тарихта барлық ғылыми жаңалықтардың атасы Ислам ғалымдары екенін білсе ғой халқымыз! Ал енді хиджап мәселесіне қайта оралсақ. Қазіргі қоғамда қолданыста жүрген жаңа сөздер: ахи, хиджап, ниқап тағы сол сияқты. Бұл сөздер арабтың күнделікті қолданылатын сөздері және Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа ұлттың халқы арабша сөйлеспесеңдер істерің қабыл болмайды делінбеген. Олай болса еліктемей өзіміздің ана тілімізді жетілдірсек сол сауап. Ахи ол бауыр, хиджап ол орамал,бұл сөздер бізге таңсық емес. Әрине халық арасында қазір ренжулі сөздер бар, біздің ата-бабамыз бұрын айға қарап келген бе деп айтулары дұрыс-ақ. Бұл жағдайға байланысты Құран аяттарында мысалдар да бар. Дінге кіріңдер дегенде олар «ата-баба жолын тастамаймыз» деген. Ол жағдай мен біздің ата-баба жолын мүлдем салыстыруға болмайды. Өйткені ол кезде надандық кезеңінде дін жаңадан келді. Содан Алла олардың ата-баба жолын сынады. Ал бізде қалай? Жоғарыда айтқанымыздай қазақ елі Ислам құндылықтарымен VII-VIII ғасырлардан сусындап келеді, тек кейінгі жетпіс жылда алыстап, түрлі ағымдар қосылғаны бар.
Шариғат белгілі бір киім жобасын айтпаған. Сондықтан да осы ұғымды терең түсінген бабаларымыз басқа сәукеле, кимешек кигізген. Осы орай басқа ағымға еліктеп қара киінудің немесе тек көздерін ғана ашып жүрудің қажеті жоқ. Өзіміздің қазақи киімдер шариғатқа сай. Суық күндері әйелдер, қыздар амал жоқ жабық киініп жүреді, қалай күн жылыса тәндерін көрсетумен жарысқа түсетіндей. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қатаң ескертулері бар. Құранда «Нұр» сүресінің екінші аятында «Зинашы әйел мен ердің әрбіріне жүз дүре соғыңдар, егер Аллаһқа, ақырет күніне сенсеңдер, оларға жұмсақтықтарың ұстамасын. Әрі екеуінің жазасын мүміндердің бір тобы көріп тұрсын» . Осы жерде Алла әйел затын бірінші айтып отыр. Неге десеңіз көбінесе зинақорлыққа себеп болатын әйел. Әрине, қарындастарымыз ұятты жерлерін көрсетпесе, жігіттер жағының шахуаты болмайды. Бұл зинақорлыққа жол бермейді. Егер олай болмаса күнә істер көбейіп, зинақорлық етек жаяды. Мысалы, ашық-шашық жүрген қызға көзі түскен еркек онымен қалай болса да жақындасуға тырысады, тіпті зорлау әрекетіне барады. Ал жабық киінген қызға еркектер тиісу былай тұрсын, қайта құрметпен қарайтын болады. Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігімен қымбат. Ол осы қасиеттерімен әрдайым жоғары тұрады. Осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию – әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден бір қорған. Әрі әйел затын мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты тағы басқа әйелге тән асыл қасиеттерімен танытар нышан. Әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі – Құранның тікелей бұйрығы.

Жартылай жалаңаш киінген әйелдер еркектерді еліктіріп, нәпсіқұмарлығын қоздырады. Бұл жағдай бүгінде көптеген шаңырақтың шайқалуына, көпшілік бойжеткендердің абыройдан айрылуына себеп болып отыр. Нәтижесінде көзі жәутеңдеген мыңдаған пәк сәбилер тастанды болып, жетімханаларға тоғытылса, жылына қаншама қыз баласы қолдан түсік жасатуда.
Пайғамбарымызға (с.а.у.) бірде бір сахаба келіп «Уа, Алланың Елшісі, мені жұмаққа жетелер бір амал айтсаңыз», — дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ашуланба! Ашуыңды жең, ашудың жетегінде кетпе»,- деп қысқа да нұсқа жауап берді.
Иә, ашу атүсті қарайтын жеңіл мәселе емес. Себебі, ашуға бой алдырған адам санаға сыймайтын үлкен күнәларға да оп-оңай барып жатады. Мысалы, ашуға булыққан адам бір сәттік өзін ұстай алмай мылтықтың шүріппесіне басып кеп жіберу кесірінен жылдар бойы түрмеде отырады. Сөйтіп, ғұмыр бойы өкінумен өтеді. Міне, ашудың осындай кесірлі нәтижесін білгендіктен пайғамбарымыз (с.а.у.) кейбір сахабаларына «ашуыңды жең, ашуға салынба, ашудан аулақ жүр» деген ескертулер жасаған.
Ал енді ашу дегеніміз тек қана жүйкенің тырысумен ғана болатын құбылыс емес. Ашудың «жыныстық ашу» дейтіні де болады. Ол – адамның нәпсіқұмарлық сезімдерінің өршіп, шәһуатының қозып, өз-өзін ұстай алмай, ақылға сыйымсыз қылықтарды жасайтындай көзсіз соқырға айналуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде «құмарлық сезімі қозған кезде адам ақыл-есінің түгелі немесе үштен екісі кем» деген. Яғни, мұндай адам ақыл тізгініне ие бола алмай, құмарлыққа алданады. Соқыр адамша шайтанның тұзағына оп-оңай түсе кетеді. Құмарлық сезімі өршіп, нәпсісі қозған адам ақылға да, заңдарға да, ар-ожданға да қарамай, небір арам істерге барады. Сондықтан еркектердің осы бір осал тұстарын түрткілемеу үшін әйел адамдар ашық-шашық киінбеуі керек. Міне, сондықтан әйел адамға ашық-шашық киінбеуді ислам оны төмен санағандықтан емес, қайта оны қорғау, абырой-беделін көтеру мақсатында бұйырған. Әйел өзінің орамалымен көрікті. Жарасымды ғып ұзын киінуімен ибалы. Қазақтың «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес. Күнделікті өмірде біз құнды, асыл заттарды қоғамдағы бұзық ниеттілердің арам пиғылынан қорғаудың сан түрлі жолын іздейміз. Орамал тағудың физиологиялық тұрғыдан да әйелдерге пайдасы бар. Әрине, бұл өз алдына жеке зерттеуді қажет ететін бөлек мәселе. Десек те, С.Асфендияров атындағы Мемлекеттік медицина университеті Емдік гигиена кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева бұл жайлы былай дейді: «Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы магнит тәрізді ауадағы кір-лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның, әсіресе, бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Осы жолдың авторының өз тәжірибесінде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», т.б. дертінен жазылып кететіндер аз емес. Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзіне қажет емес артық қуат алады, сөйтіп, онда еркектерге тән гистостерон гормоны пайда болады, нәтижесінде ағзаның гормональды бұзылуы етек алып, жыныс органдарындағы қатерлі ісік, т.б. ауруларға жол ашады».
Исламда әйел өз көркін бөгделерге емес, тек өзінің некелі еріне ғана көрсетеді. Сондықтан, шариғат әйелдердің некелі ерлерінің алдында барынша әдеміленіп жүру, күйеулерінің назарын көшедегілерге емес, өздеріне қаратуға әрекет етуді салиқалы амалдардың қатарына жатқызады. Әдемілігі мен тәнін жұртқа көрсетуге тырысу – әйел адамды мақтаншақтық пен риашылдыққа тәрбиелейді. Ондай адамның табиғаты әрдайым көрсеқызарлық пен бәсекелесуді қалап тұрады. Сауд Арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылмандарға парыз киім үлгісі емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Мәселенің тағы бір маңызды жағы – діни сауаттылығы төмен қоғамға ең әуелі орамалды емес, иман мәселелерін, сенім негіздерін насихаттау қажеттілігі. Пайғамбарымыз ең әуелі орамалды емес, иман мәселелерін кеңінен түсіндірді емес пе? Иман мәселесі шешілген қоғамда исламның кез-келген тыйымдары мен бұйрықтарының да оп-оңай шешілері сөзсіз. Иманнан бұрын орамалды насихаттаудың – уықсыз шаңырақ көтермек болған әурешілікпен тең болары сөзсіз.
Бәріміздің үйімізде әйел заты бар, мейлі ол жұбайымыз, қызымыз, қарындасымыз. Оларға әр уақыт Алла разы болатын істерді айтып отыруымыз қажет. Ер-азаматтар сол үшін де жауапты.

Қорыта келгенде Ислам дінінің кітабы – Құран Кәрім өткен мен қазіргі уақыт сабақтастығын жүзеге асырды, онда көптеген халықтардың тарихы мен тағдыры тоғысты, терең тарихи тамырлары, кеңістік аясындағы әр түрлі халықтар тұрмысындағы ұқсастықтары ашылып, адам, қоғамның пайда болуының асыл-жақын түп-тамырлары зерттелді. Құранның қанша уақыт өтсе де маңызы кемімейтін қасиеті де осында. Ислам діні көптеген халықтардың рухани табиғатына сай келді. 1500 жылдың Ислам тарихы,Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) өмірі, оған дейінгі Пайғамбарлар тарихы осыған дәлел. Дәстүрлі Исламда құқықтық үкім берудің қайнар көзінің бірі «шариғаттан бұрынғы шариғаттар» деп аталады. Бұл бойынша көне діндердің құндылықтары Хақ діннің қағида ұстанымдарымен қабысып жатса, онда ол құндылықтарды ұстануға толықтай рұқсат беріледі. Исламның терең тарихы бар көне Қазақстан жеріне келуі мәдениетіміздің дамуына, қоғамымыздың өзіндік санасы мен рухани дүниесіне игі ықпал еткені баршаға аян. Мұсылман мәдениетінің артықшылығы тек рухани салада ғана көрініс тапқан жоқ. Діни наным-сенімге, этикаға, философияға және Қазақстандағы ғылым мен мәдениетті дамытуға зор ықпалын тигізді. Сонымен қатар қазақ жеріне Ислам дінінің таралуын, қазақ халқына тигізген оң әсерін қазақтың төл салт-дәстүрімен байланысуы, қазақ халқының отбасылық өміріне Ислам уағыздарының адамгершілікке толы қасиеттер мен тәлім-тәрбиенің ұқсастығының молдығын баршаға ашып көрсету. Атамыз қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіру, мектепте де, жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін баса айтқымыз келеді.

Азамат ӘБДІКЕРІМҰЛЫ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік қазақстан облысы бойынша жастар ісі бөлімің жетекшісі.