ТІЛШІЛЕР ЖАРЫС ТӨРІНДЕ

304
0

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ауыл» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы кіші футболдан жарыс өткізді. Бұл турнир дәстүрлі түрде әр жыл сайын өткізіледі. Биыл 3-4 қыркүйек күндері өткен аталмыш додаға БАҚ өкілдері алғаш рет қатысып, жүлделі орыннан көрінді.

Оның ашылу салтанатында Шымкенттегі Жоғарғы Жаңа технологиялар колледжінің директоры Қанатбек Досалиев мұндай жарыстар дәстүрге айналып, алдағы уақытта жалғасын табатынын айта келіп, дене шынықтыру және спорт саласын күнделікті жұмыс барысында ұмыт қалдырмай, салауатты өмір салтын қалың бұқара арасында кеңінен насихаттауда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Бірінші күні іріктеу ойындары болды. Командалар ішінде колледж атынан шыққан ардагер ұстаздардан құралған «Тарлан-1» ұжымы жастарға үлгі боларлық ойын көрсетті. Бұл құрамада Қанат Досалиевтің өзі ойнады. Іріктеу ойындары тартысқа толы болды. Әдемі голдар, дриблинг пен финттерді де көрдік. Турнирге 10 команда қатысты, олар: «Оңтүстік Қазақстан», «Отырар», «Блогерлер», «Ернияз», «Тарлан-1», «Тарлан -2», «ТВК», «Қазақстан-Шымкент», «ON-KZ» және «Уақыт».

Жарыстың бірінші күні командалар жартылай финалға жолдама алу үшін барын салды. Кей ойыншылар жарақат алса, басқалары «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылып жатты. Он команданы екі топқа бөліп, әр топтан үздік шыққан екі ұжым жартылай финалға шықты. Топтық кезеңде «Уақыт» командасының жігіттері алғашқы ойында «ON-KZ» командасына 0-2 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ еңсесін түсірмеген «Уақыттың» жігіттері екінші ойында «Тарлан-1» командасын 5-0 есебімен ойсырата жеңді. «Қазақстан-Шымкенттен» келген аяқдопшылармен 1-1 есебімен ойнап тең түссе, «Оңтүстік Қазақстан» командасымен ойында 4-2 есебі тіркеліп, топтан екінші орынмен жайғасты.

Сөйтіп жартылай финалға «Ернияз», «ТВК», «Қазақстан-Шымкент» және «Уақыт» командалары шықты. Жартылай финалға оңай ұжым шықпасы анық. Төрт мықтының ішінде бас жүлдеге талас қыза түсті. Ойын барысында ашуға берілген ойыншыларға төреші «сары қағазын» көрсетіп сабасына түсірсе, сыртта тұрған жанкүйерлер өз ұжымдарына барынша қолдау көрсетіп жатты. Жартылай финалда «Уақыт» командасына сәттілік жетіспеді. Финалға жолдама алуға таласта «ТВК» ұжымынан жеңілген «Уақыттың» жігіттері үшінші орынға қатты қызықпады. Финалда «Ернияз» жігіттері «ТВК» командасын 2-0 есебімен жеңіп турнирдің жеңімпазы атанды. Осылайша, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізген турнир өз мәресіне жетті.

1-ші орын «Ернияз», 2-ші орын «ТВК», 3-ші орын «Қазақстан-Шымкент» ұжымдарына бұйырды. Одан бөлек орын алған командаларға кубок, диплом грамотасы және қаржылай сыйлықтар берілді.
Сондай-ақ, «ТВК»-дан Р.Ғабитов үздік қақпашы, «Ернияздан» Е.Дайрашев үздік шабуылшы, «Уақыттан» М.Қалдыбаев үздік қорғаушы атанып, грамоталармен марапатталды. Іс-шара соңында колледж ұжымы алда келе жатқан қасиетті құрбан айт мерекесімен БАҚ өкілдерін құттықтап, аруақтарға құран бағыштады.

Д.АСҚАРҰЛЫ.