БИШІМБАЕВ КІМНІҢ АЯҒЫН БАСЫП КЕТТІ?

175
0

Тағы бір шенеуніктің қолына кісен салынды. Бұған дейін талай марқасқалар бұрынғы қаржы полициясының, бүгінгі Ұлттық бюроның қармағына тұтылған болатын. Енді солардың қатарын өткен жылдың соңында ұсталған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев толықтырып отыр.

Жемқорлыққа қарсы күресетін Ұлттық бюро Бишімбаевты «Бәйтерек» холдингін басқарған кезде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп күдіктенеді. Әзірге оның кімдермен және қанша мемлекет қаржысын жымқырып, қанша пара алғандығы жөнінде толық ешнәрсе айтылған жоқ. 21 жасында үлкен мемлекеттік қызметте еңбек жолын бастаған Қ.Бишімбаев содан бергі 15 жыл мерзім ішінде үлкен жұмыстардың талайын атқарып тастады. Ол министрдің кеңесшісі, вице-министр, Президенттің көмекшісі, «Байтерек» холдингінің төрағасы қызметтерін істеп, өткен жылдың мамыр айында министр болып тағайындалған болатын. Арада 8 ай уақыт өткенде оның қызметтік карьерасы тоқтады. Егер бюро келтірген күдік дәлелденетін болса, онда экс-министр 15 жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленетін жазаға тартылады. Қазір нақты шешім қабылданбаған күдікті қылмыстық әрекетпен уақытша қамау абақтысында отырған Бишімбаевқа қатысты «ол кландардың арасындағы тартыстардың құрбаны болды» деген пікір де айтылып қалуда. Сонда «Бишімбаев кімнің аяғын басып кетті?» деген заңды сұрақ өзінен өзі туындайды. Бір кездерде шындық қалқып су бетіне шыққанда, оның да жауабы табылып қалмақ. Әзірге Бишімбаев қапаста, тергеу сұрақтарына жауап беріп жатыр.

Қ.ЖАҚСАН.