ОҚО ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев әкім аппаратының басшылық құрамы мен басқарма басшыларына жаңа тағайындалған аппарат басшысын таныстырды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімі аппараты басшысы лауазымына Әуелхан Елтайұлы Тұрғынбеков тағайындалды.
Облыс әкімі аппаратының алдында тұрған шешілуі тиіс мәселелерге тоқталған өңір басшысы тағайындалған аппарат басшысына жаңа міндеттер жүктеді.
«Әуелхан Елтайұлының осыған дейін де облыс әкімі аппараты басшысы болғанын білесіздер, сондықтан оның жинақтаған мол тәжірибесі алдағы жұмысына үлкен көмегі тиетін болады. Осыны ескере отырып, облыс әкімі аппараты қызметіндегі өзекті мәселелерге терең талдау жасап, жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету, кадрлық құрамды нығайту және тәртіпті күшейтуді. Мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттау іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыруды. Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі және өзге де жоғары органдардан келіп түсетін тапсырмалардың, облыс әкімі тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді. Аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың арасында өзара іс-әрекеттестік деңгейін арттыруды тапсырып, осы жұмыстарды тиісті деңгейде іске асыратыныңа сенім білдіремін»,-деді әкім.

Әуелхан Елтайұлы 1959 жылы 29 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында туылған. Білімі жоғары, мамандығы бойынша инженер-механик, инженер-экономист.
Еңбек жолын 1981 жылы Шымкент облысы Ленгір ауданы «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігінің аға инженер-технологы ретінде бастаған.
Кейін аудандық және облыстық комсомол ұйымдарында, жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметтерде еңбек етіп, Төлеби, Шардара, Сайрам аудандарының әкімі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған.

2016 жылдың тамызынан бастап осы күнге дейін Түлкібас ауданының әкімі болып қызмет атқарды.

ПІКІР ЖАЗУ