БАЛАЛАР БАҚЫТТЫ БОЛУЫ ҮШІН ЖАРАЛҒАН

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубы «Жетімін жылатпаған елміз» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараға елдің бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту бағытында қалам тербеп жүрген нәзік жанды журналистер қатысты.
Мерекелік шараға арнайы келген Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері журналист қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтап, өздері қолымен жасаған сыйлықтарын тапсырды. Журналистер де балаларға жылы лебіздерін төгіп, арнайы дайындаған сый-сыяпаттарын тарту етті.

Жиында сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бүгінгі шараның мақсаты – қамкөңіл балаларға мерекелік көңіл-күй, әрі ана мейірімін сыйлау екенін айтты.
– «Қайырымдылық – бұл тек материалдық көмек емес, бұл махаббат, қамқорлық. Біз мүмкіндігінше балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға жиі барып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрамыз. Олар үшін түрлі жарыстар, байқаулар ұйымдастырамыз»,-деді ол өз сөзінде.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері де аналарға арнайы дайындап келген концерттік бағдарламасын ұсынды. Балалар мен аналар бірлесе Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Анашым» әнін тебірене шырқады.

Журналистердің атынан сөз алған ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова балалармен кездесу үлкен әсер сыйлағанынын, олар тарту еткен сыйлық – ең құнды сыйлық болғанын айтты.
Мерекелік шарадан кейін облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлері балаларды «Shymkent Plaza» сауда-ойын-сауық орталығына алып келіп, көңілді күн сыйлады.
Айта кету керек, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы аталмыш балалар үйіндегі “Бәйтерек” тобын өткен жылы өз қамқорлдығына алған. Қайырымдылық шараларын тұрақты ұйымдастарып келеді. Соған қоса, балаларға мерекелік кештер мен салт-дәстүрімізден сыр шертетін түрлі сахналық қойылымдар көрсетіп келеді.

“Қоғамдық келісім” КММ баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ