ДИРЕКТОР – ДИКТАТОР МА, ӘЛДЕ БАС ТӘРБИЕШІ МЕ?

422
0

Әңгімені бірден осылай бастауымыздың да негізі жоқ емес. Елімізде білім проблемелары соңғы он, он бес жыл көлемінде бүкіл қоғам назарында болды. Мемлекет осы салада түбегейлі реформаларға барып, істің формасы да, мазмұны да өзгеріс тапты.

Жалпы орта мектептегі басты тұлға – директор.  Міне, осы тұрғыдан келгенде, мектеп директорлары бұрынғыдай аудандық білім бөліміне  тым жалтақтай бермейді. Қатардағы мұғалімді, өзге де қызметкерлерді жұмысқа өзі қабылдап, өзі босатады. Орынбасарларын тағайындауда аудандық білім бөлімі бастығының келісімін алады. Кіріс-шығыс, қаржылық құжаттарды өзі бекітеді. Өз бюджетіне өзі ие. Қазақшалап айтқанда – өзі хан, өзі бидің тап өзі. Әрине, мемлекет оларға осынша мүмкіндіктер бере отырып, үлкен жауапкершілік жүгін жүктейді. Жасыратыны жоқ,  мектеп-кеменің рөлін ұстағандар арасында жақсы капитан бола алмай, білім-теңіз айдынында айқай-шулар жиі шығып жатады.

Осы жағдайларды ойға алып, біз қала маңындағы «Қайнарбұлақ» елді мекеніне келдік. Кеңестік кезеңде үлкен өндіріс орындарының демалыс орны, саяжай болған бұл жердің тағдыры тәуелсіздік жылдары күрт өзгерді. Өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына кетіп, орнына алыс-жақын шет елдерден келген қандастарымыз қоныстанды.

Әлеуметтік мәселелердің бастысы – мектеп еді. 2008 жылға жейін осындағы халық балаларының оқу-білімі жөнінен біраз қиындықтарды басынан өткізді.

2008 жылы жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген шақта жұрттың қуанышында шек болмады. Бірақ екі мыңнан астам оқушыға 600 орындық бұл ғимарат тарлық етті.

Жаңа ғимаратқа, жаңа ашылған мектепке келген жаңа басшының алдынан осылай жаңа проблема шыға келді. Сөйтіп, №83 орта мектепке директор болып тағайындалған Берікбай Михеевке аянбай тер төгуге тура келді. Оның осыған дейін әскери салада еңбек еткені, қызметте жиған тәжірбесі кәдеге асты. Жаңа заманға лайық жаңаша ойлайтын жас жігіт мектеп ғимаратын ұлғайтуды мақсат етті.

Облыстың өзге аудандарына жаңа мектептер ауадай қажет болып тұрған кезеңде, 2008 жылы ғана салынған мектеп  жанына тағы бір ғимарат қостыру оп-оңай шаруа емес-тұғын.

Ең қуаныштысы, соңғы оқу жылының басында мемлекетіміз Қайнарбұлақ халқына және бір оқу ғимаратын тарту етті. Сөйтіп мұнда енді жаңа білім бұлағы оқушыларды білім нәрімен сусындандыруға кірісті.

Қырықтың қырқасына енді ғана шыққан жас жігіт бізді жылы шыраймен қарсы алды. Мақаламыздың атауына айналған тақырып, оған қойылған алғашқы сұрауымыз еді. Тосын сұрағымызға тарс ете қалмай, сабырмен күле жауап берді. Мінез байлығын байқатты.

Мектепте 2800-ге жуық оқушы бар. Сабақ екі тілде, яғни қазақ және орыс тілінде жүреді. 2100 оқушы қазақ сыныптарында оқиды екен. Жалпы 116  сыныптың 87-і — мемлекеттік тілде оқитындар. Мектепте барлығы 250 мұғалім балаларға сабақ береді, олардың 230-ы — жоғарғы білімділер. Апталық орташа жүктеме әр мұғалімге 22 сағаттан келеді екен.

Сегіз мектепалды дайындық тобы жұмыс істейді. Бұл – халықтың бала-бақшаға деген зәрулігін аздап болса да бәсеңдететін фактор. Елбасы өзінің биылғы халыққа жолдауында «педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор» екенін айта келіп, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құруға тапсырма берді. Білім беру ұйымдарының 90 пайыздан астамын кең жолақты интернетке қосу 60 пайызында электронды оқыту жүйесін енгізу міндетін 2011 жылы қойған болатын.

Осы жәйт мектепте қалай шешіліп жатыр дегенге келсек, мұнда кең жолақты интернет желісіне толық қосылған. 5 компьютерлік сынып жұмыс істеп тұр. 8 интерактивті такта бар. Барлық оқу кабинеттері толық техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Физика, химия, биология, мультимедиа сияқты кабинеттер талап етілетін стандарт өлшемдеріне сәйкес келеді. Мұның бәрі — шәкірттердің терең де, тұғырлы білім алуына мүмкіндік беретін дүниелер. Сондай-ақ оқушыларды кәсіпке бейімдеу, кәсіби білімге бағыттау да жақсы жолға қойылыпты. Қыздардың тігін шеберханасында 22 тігін машинасы жұмыс істеп тұр. Ер балалардың шеберханасында металл, ағаш өңдеу сияқты станоктар бар. Бұл шеберханаларда оқушылардың қолдарынан шыққан бұйымдары баршылық.

Аз қамтамаз етілген отбасылары, жетім және жартылай жетім оқушылармен жұмыс жақсы жолға қойылыпты. Бұл іске демеушілер тартылған, олармен бүкіл оқу жылы бойы тұрақты байланыста болады. Мектеп қорынан 100 оқушыға 10 мың теңгеден көмек көрсетілді. Мектепте 27 тұл жетім бала бар, көп балалы отбасылар саны-185, үйде оқитын мүгедек балалар саны-23, аз қамтамасыз етілген отбасылар саны-41. Демеушілік ретінде «Гауһартас» тігін фирмасы 20 балаға мектеп формасын сыйлады.

Енді жаңа мектептің, бейнелеп айтсақ, жаңа білім бұлағының оқушылары мен мұғалімдерінің білім деңгейін байқауға ұмтылдық. Қазірге халықаралық байқауға бағын сынаушылар аттанбапты. Республикалық деңгейде бірнеше оқушы бағын сынап қайтыпты. Облыстық деңгейде 5 оқушы әртүрлі пәндерден жеңімпаз атанған. Бұл теңізге тамған тамшыдай десек те, Қайнарбұлақтағы жаңа мектептің алдағы кездегі жетістіктері мұнан да көп боларына кәміл сендік.

Айтуға оңай болғанымен, осыншама үлкен интеллектуалдық ұжымды басқару — екінің бірінің қолынан келе бермес шаруа. Қарапайым бір мысал, мектептің жөндеу жұмыстарына ата-аналардан қаржы жинау туралы ел арасында да, БАҚ беттерінде де айтылып жататыны бар. Бұл жерде ол туралы сөз болуы да мүмкін емес екен. Мектеп құрылғалы 5 жыл болған болса, 5 тиын да жиналмаған, тіпті әңгіме де болмаған. Жас директордың алғырлығына, қағылездігіне, қарапайымдылығына тәнті болдық. Оның төрт оқушы досы бар екен. Олармен үнемі сырласып, жағдай сұрасып жүруі біраз жағдайды аңғартса керек. Бұлар, директордың пайымдауынша, болашақ ғалымдар, үлкен саясаткерлер. Демек, Берікбайдың өз орнында берік отырған диктатор емес, бас тәрбиеші екені анық болды. Оған «еңбегің өрге  жүзсін, жеткен жетістігіңнің жемісін көр» деген тілек айттық.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ, Шымкент.