ЖЕЛІККЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ЖҮГЕНДЕУ ҚИЫН БА?.
Ғылым мен техника қатты дамып, көшелеріміз сан алуан маркалы жеңіл машиналарға лық толды. Бұл, әрине, жақсы көрініс. Сонымен қатар, апаттар да жиілеп кетті. Статистикаға қарасаң, төбе шашың тік тұрады. Қаншама адам бейбіт заманда өмір сүріп жүріп-ақ, ауыр зардаптар шегіп отыр.
Мұның себебіне әркім-ақ үңіліп көруде. Жолдардың әлемдік стандарттарға сәйкес келмеуі, жүргізушілердің кәсіби деңгейлерінің төмендігі, ескірген техникалардың пайдаланудан алынып тасталмауы, заңдық базаның әлі де жетілмеуі, заңмен бекітілген ережелердің дұрыс сақталмауы т.б. кете береді.
Абай мұрасына сүйене отырып біз де журналистік қызығушылықпен осы тақырыпты қаузап көрдік.
Қазақтың мінезін, жан-дүниесін Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Оның тұжырымдары әлемдік ой иелері Әл-Фараби, Аристотельдермен иық тіресіп қатар тұр. Абайдың адам туралы пәлсафалары бүгінгі күні де мәнін сақтап тұр, әлі де тұра бермек. Қош делік, ұлы бабамыздың Сегіз аяғында:
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш, — деген жолдар бар.
Апырмай десеңізші, артық айтқандық болмасын. Осы күндері сіз бен біз өмір сүріп жатқан нарықтық заманда бір жерде болар-болмас қулықтың төбесі қылт етіп, сұмдық сылаң қақса, замандастарымыз оларды табанда көре қоятын, түрлі әдістеме заңдылығымен игере қоятын әдет тапты.
Бізге бұл әдет қандай тәрбиенің әсерімен келді екен?. Қазақтың қанына соңғы отарлану, бодандық ғасырларында сіңіп, бәрін ақша шешетін бүгінгі күні ол заңды жалғасын тауып жатыр.
Заңды бұзу немесе айналып өту оңай шаруа емес, ерлікке пара-пар іс. Мұны жасаудың екі жолы бар. Бірі – жасырын, енді бірі – ашық түрде. Соның алғашқысынан бастайық. сонымен жүгенсіз кеткен жүргізушілердің алды сотталып, енді біреулері ірі көлемде айыппұл төлеп жатса да, жол үстіндегі жемқорлық деген індеттің тоқтар түрі байқалмайды.
Сыбайлас жемқорлықты біздің қазақ білмейтін, бірақ жемқорлықтан алдына жан салған емес. Енді жемқорлықты жеке дара емес, өзгелермен бірге, ұйымдаса, сыбайласа отырып жасау тәсілі дүниеге келді. Бұл жетістік пе? Әрине, тамаша жетістік, мақтануға тұрарлық. Сыбайласқандар ашық мақтана алмайды, тек бір-біріменен сыпайы жымыңдасатыны болмаса!
Енді мақтанышпен, күле жүріп ашық іске асырылатын заңды бұзудың жолдарына қараңыз. Жүргізуші деген бір қауым ел бар. Бүгінде екінің бірі — жүргізуші. Үлкен де, кіші де, бала да, қыз-қырқын да — жүргізуші.
Бағдаршамда қызыл жанып тұрғанына қарамастан, асығыс өте шығатындар жиі кездесіп тұрады. Әрине, олар үшін бүтін сызықты басып өту — ұсақ-түйек бірдеңелер. Көлікте отырып, қауіпсіздік белдігін тақса, тынысы тарылатын, әрі-беріден соң оны ұят санайтын, намыс қылытындар да жеткілікті. Жол инспекторының төбесі қылтиғанда асығыс-үсігіс иыққа лақтырып, бірде үлгерсе, бірде үлгермей жатады. Ұялы телефонмен рөлде келе жатып сөйлеспесе, көңілдері көншімейтіндер туралы тамсана айтқан ләзім. Екі көшенің қиылысында шамдарын жыпылықтатып жағып қойып, темір тұлпарларының терезесінен бастарын шығарып алып, хал-жағдай сұрасын тұратын қандастарымызды да талай көргенбіз. Қалааралық жолдарда ғарыштық жылдамдықпен жүретіндер туралы айтпасақ та болады.
Мұнан өзге де заңды айналып өтудің жол бойында және қоғамда неше алуан түрлері бар. Оны іске асырған қазақ ұялудың, өкінудің орнына ашық мақтанатынын қайтерсің. Шама келгенше жол жүру ережесін бұзушыларды «мақтанышпен» тізіп шықтық. Міне, саған, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа деген «өнегелі тәрбие».
Абай өз заманында-ақ теріс істі істегеніне мәз болатын, оны дарақылықпен мақтана, күле жүріп айтатын мінезді қатты сынаған. Мұндай күлкінің өзі бір мастық екенін төртінші қара сөзінде атап көрсеткен. «Бұлай болғанда күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил (бейқам, салақ, алаңғасар) көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не осы дүниеде, не ақиретте басы бір ауырмай қалмаса керек»
Иә, айтса айтқандай-ақ емес пе, жоғарыда тырнақша ішінде келтірілген мінездерді өздеріне серік еткендердің көпшілігін осы дүниеде алды жарақатқа ұшырап, екіншілері өмірлік мүгедек халге түсіп, үшіншілері ақыретке аттанып жатқан жоқ па?!
Ойлаған кісіге, Абай айтқандай, бұл жағдайлар түбі бір басқа пәле келмей қалмаса керек.
Автоинспекторға ұсталған жүргізушіге заң аясында хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Соңғы жылдары оның көлемі едәуір артқанын бәріміз білеміз. Ал инспектор мен жүргізуші сыбайласып кетіп жатса ше, онда екеуінің де ісі шешіліп, бейбіт тарқайды. Бірақ қоғам зардап шегеді.
Қорыта келе, құлдан да бір насихат демекші, өзімізше бірер ұсыныстар айтуды жөн көрдік. Үлкен жолдарда жылдамдықты өлшеп, ауық-ауық автоиспекторлар команда болып тұрады. Олардың қармағына түссін, түспесін жүргізушілер қарсы келе жатқан әріптесіне белгі бере қояды. Бұл – жазылмаған заң. Ал енді олар қалың қозғалыстың арасында жүріп, жылдамдықты жазып жүрсе, алдағы бекетке хабарлап отырса, бұған техникалық мүмкіндіктер бар-ау, заңдылық тұрғыдан да жағдай жасалса.
Полицияның кез келген қызметкері жол ережесі бойынша білгір маман әрі шебер жүргізуші болғаны жөн. Олардың бәріне осы іске араласуға құқық беріп, жол ережесінің сақталуына жүрген жерінде жауапты ету керек. Әрине, қызметтерін автоинспекторлармен үйлестіріп отырғаны дұрыс. «қызға қырық үйден тыйым» демекші, елдің тән, жан саулығына септігі тиер ме еді?!
С. ҚҰЛЖАНОВ