«ТАҒАЙЫНДАҒАН ӘРБІР КАДРЫ ҮШІН ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАУАП БЕРЕДІ»

388
1

Оңалбай АЯШЕВ, ОҚМПИ-ның ректоры, ОҚО мәслихатының депутаты:

Республикалық «УАҚЫТ» қоғамдық-саяси газетінің өткен санында біз «Оңалбай Аяшев кім?» деген тақырыппен анонс берген болатынбыз. Әрине, қалың оқырманның сұранысын ескере отырып. Себебі, соңғы жылдары орайы келсін-келмесін, бұл азаматты сын садағына түйрей салғысы келетіндер кездеседі. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенмен келісеміз. Бірақ әлгі сын «жаптым жала, жақтым күйеден» әріге ұзамаса ше?! Сондықтан біз осы жолы Оңалбай Аяшевке көптің көкейінде жүрген бірқатар сауалдарды қойып, өзімен емін-еркін, жан дүниесіне үңіле отырып сұхбаттасқанды мақұл көрдік.

– Шымкент қаласындағы іргетасы сонау 1937 жылы қаланған педагогикалық институт қайта түлеп, былтыр жазда білім іздеген жас ұрпақ үшін айқара есік ашқанда, жалпақ жұрттың қуанышында шек болған жоқ десек, артық айтқандық емес. Бұл – әрі абырой, әрі сынақ, ректорлық жауапкершілік Сізге жүктелді. Одан бері де бір жылға жуық уақыт өтіпті. «Қарашаңырақ» деген аты бар оқу орнының көшін қаншалықты түзей алдыңыз?   

– Бұл жоғары оқу орны соңғы 20 жылға жуықтайтын уақыт ішінде түрлі жағдайларды бастан өткерді. Ең әуелі оңтайландыруға байланысты 1993 жылы Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ге қосты. Университет жанындағы педагогикалық институт деп. Бұл ретте, менің пайымдауымша, аталмыш университет алғаш құрылып жатқан шақта ғалымдардың тапшылығы сезілгендіктен, «оқытушы-профессорлық құрамды күшейтейік, қол ұшын берсін» деген ниет те болса керек. Алайда қарашаңырақ оқу ордасы өз дербестігін сақтап қала алмады: түркістандағылар іле-шала оны ХҚТУ-дің Шымкент бөлімшесіне, кейінірек Шымкент институтына айналдырды. Қысқасы, пединституттың атын өшіруге тырысты. «Елдің есінен шығып, ұмытылып кетсе» деді. Бұл – шындық. Әр түрлі себептермен соңғы 3 жылда бұл қарашаңырақтың оқу базасын Академиялық инновациялық университет деп аталатын жекеменшік білім мекемесі пайдаланды. Дегенмен орта білім беру сапасын арттыру талабына орай терең білімді мектеп мұғалімдерін дайындау қажеттілігі туындап, әрі Оңтүстікте 3 миллионға жуық халық мекендейтіні ескеріліп, былтыр маусым айында байырғы оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институт болып жаңадан ашылды. Басшылық тізгін маған сеніп тапсырылысымен бір кездері осы қарашаңырақтың абыройын көтерген ұстаздарды жұмысқа шақыру үшін, іздей бастадым. Жасына қарамадым. Бұл процесс әлі тоқтаған жоқ. Мұндағы мақсатым – Оңтүстіктегі кәсіби біліктілігі өте жоғары, маңдайалды кадрларды осында шоғырландырып, жан-жақты толысқан, өз ісіне шебер ұстаздарды тәрбиелеп шығару. Осында келгелі, Қазақстандағы ЖОО-лардың барлығындағы жұмысты ұйымдастыру жүйесімен танысып шығып, ақырында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге тоқтап отырмыз. Ондағы жүйенің ерекшелігі – проректорлар мен декандар студенттерге дәріс оқудан біржолата босатылған. Біз де қазір оларды оқу жүктемесінен босаттық. Экономистермен ақылдаса отырып, декандар үшін жалақы мөлшерін белгілеп алмақшымыз. Рас, педагогикалық еңбек өтілі үзілмеуі керек, ол үшін 0,25 сағаттық оқу жүктемесін береміз. Бұдан бөлек кафедра меңгерушілерін де осындай жаңалық күтіп тұр. Олар кафедрадағы қым-қуыт жұмысты ұйымдастырумен айналысады: оқытушылардың сабағына кіріп, талдау жасауы керек, студенттермен сөйлесіп, қосымша сабақ өткізуі керек, педагогикалық іс-тәжірибелерге барып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруі керек. Еңбекақысы 110 мың-120 мың теңге көлемінде белгіленеді. Міне, сонда ғана олардың бар ойы оқу үрдісі мен жүйесін қалай дамытсам, қалыптастырсам, сабақтың сапасын арттырсам деген мәселелерге бағытталады.

Сондай-ақ кредиттік технология бойынша оқыту оқытушылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік туғызып отыр. Артылған уақытты ғылыми-педагогикалық ізденіске бұрмақшымыз. Білім туралы заңда «Пединститутта магистратура, докторантура (PhD) болмауы керек…» деген сияқты бірқатар қайшылықтар бар. Мен оған келіспеймін. Себебі, ЖОО қабырғасындағы кез келген ізденісіңіз ғылым болып табылады. Мұндағы профессор-оқытушалардың басты мақсаты – адамды тәрбиелеу, адам капиталын қалыптастыру, дамыту, жаңарту, соның нәтижесінде қазақстандық жаңа адамды өсіру. Ал, бұл ғылым емей немене?!

Алдағы оқу жылынан бастап жеті факультет құрып, декан ретінде өте іскер, ізденімпаз, жасампаз адамдарды бекітпекпін. Әрине, ғылым кандидаттары мен ғылым докторларынан кенде емеспіз, өкінішке қарай, істің көзін тауып, ынты-шынтысымен жұмыс істей алатын, заман талабына жауап беретін кадрлар тапшы. Оңтүстіктегі мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, барлық оқу орындарына зер салып отырмын, мұндай талаптарға сай мамандар жоқтың қасы. Бейнелі түрде айтқанда, бәрі үлкен шоқпарды беліне байлып, қомақты жалақы алғысы келеді, бірақ оны қолы көтере ала ма, алмай ма, ойланғысы келмейді. Алайда сондай қиыншылықтарға қарамастан, осы қарашаңырақты болашақ нағыз ұстаздарды дайындайтын дәрежеге жеткізсем деген арман бар. Және оның орындалатынына сенімдімін.

– Бір жылдың ішінде институттың материалдық-техникалық базасын қаншалықты нығайта алдыңыз? Мұны сұрап отырған себебіміз, Сіз қабылдап алған тұста бізге солай көрінді ме, әлде шын мәнінде солай ма еді, әйтеуір, оқу орнының азып-тозыңқыраған күйін көргенбіз.

– Оқу корпусы ағымдағы жөндеуден өтуде. Бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлініп, біраз жұмыстар атқарылды. Енді күрделі жөндеуге көшеміз, Білім және ғылым министрлігі оған 1,5 миллиард теңге бөлді. Сонымен бірге 500 орындық жатақхана құрылысына 2 миллиард теңге бөлінбек. Ең негізгі жаңалық, 12 қабаттық оқу корпусын салғалы жатырмыз. Және А.Байтұрсынов көшесі №63 үйде орналасқан 600 орындық секциялық жатақхананы өзіміздің қарамағымызға алмақшымыз.

– Аталмыш нысан қазір кімнің меншігінде?

– Неге екені белгісіз, жатақхана ХҚТУ-дің балансында қалып қойған. Сондай-ақ Машат шатқалында спорттық-сауықтыру лагеріміз бар. Соны да өзара мәмілелесіп, бейбіт жолмен қайтарамыз деген үміттеміз…

– Ал, жаңа құрылыстар қай аумақта жүргізіледі? Әлде ескі оқу корпустары бұзыла ма?

– Иә, ескі корпусты бұзып, жаңа ғимаратты соның орнына салу жөнінде ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ біз қала әкімдігінен «Тұран» шағынауданы маңайынан 50 гектар жер телімін сұрағанбыз. Әкімдіктегілер «Ауқымды бағдарлама жасалуда. Инвестиция тартамыз. Сол кезде қараймыз» деген-тін. Әйтсе де бұл процесс тым ұзаққа созылатын сыңайлы. Оны күтетін уақыт жоқ бізде. Іске тездетіп кірісуіміз керек. Әзірше сәл аялдап тұрмыз. Егер нәтиже шықпаса, жаңа құрылыс ескі ғимараттардың орнында жүргізіледі. Әрине, бұл студенттердің оқу процесіне ешқандай кедергісін келтірмейді. Бүгінгі таңда 600-дей студент мемлекеттік білім грантымен оқиды. Сол қаражат есебінен компьютерлерімізді толық жаңарттық. Информатика кабинеттерін жасақтадық. Қажетті оқу құралдарына қол жеткіздік.

– «Жетпіс бес жылдық тарихы бар осы білім ордасында нешеме жылдар бойы жиналған құнды кітаптар мен оқулықтар былтыр талан-таражға түсіп, кітапхана қаңырап қалыпты» деп естіп едік. Сол кітаптар кері қайтты ма?

– Жоқ, ол кітаптар сол күйі кетті. Шу болып қалды. Біз олардың деңгейіне түсе алмаймыз ғой… Айтудайын айттық…

– ОҚМПИ жаңадан құрылып, оған Сіздің ректор болып тағайындалуыңызға неге соншалықты қарсылық білдірілді? «Аяшевтің ректор болуға қандай құқығы бар?» деген тұрғыда газет беттерінде мақалалар жарық көрді. Әлдебіреулердің жолын кесіп өткен бе едіңіз?

– Ондай дәнеңе жоқ. Сірә, кейбір азаматтар өз ректорларын тағайындап қойса керек. «Өзіміздің адам жайғасады. Баяғы «майшелпек» одан әрі жалғасады» деп тон пішсе керек. Ол ой орындалмады. Жоспарлары бұзылды. Содан «Мынау қайдан келе қалды?» деп, қарсылық көрсеткен түрлері ғой… Құдайға шүкір, қазір ұжымдағы моральдік-психологиялық ахуал өте жақсы, пәлендей бөтен әңгіме жоқ. Мен ешкімді сырттан әкелген жоқпын. Бәрі – осы жерден. Қолынан іс келетін мамандарды жұмысқа тарттым. Әрине, талап жоғары. Меніңше, сол уақыттағы дау-дамай кейбір азаматтардың пендешілігінен туындады. «Аяқтан шалудың неше түрлі амалдарын жасасақ, конкурсқа жібермей қояды немесе сүрінеді» деп ойласа керек. Әйткенмен конкурс өтіп, мені ректор етіп тағайындаған соң, бәрі жай-жайына кетті ғой. Әйтпесе мен ешкімге қысастық жасаған адам емеспін. Жас кезімізде спортпен шұғылдандық. Ал, спорт адамды тазалыққа баулиды. Өтірік айтудан жиіркенесің және айтқан сөзіңе жауап бересің. Жалпы, мен – келісімнің адамымын. Сіз-біздескенді қалаймын. Біреуді балағаттап, «Сені құртып, жойып жіберемін» деуден аулақпын. Кез келген жайтқа байыппен баға беремін. Газет бетінде мені сынаған мақалалардың авторын іздестірдім. Өмірде жоқ адам боп шықты. Ал, сол псевдонимнің артында кімдердің тұрғаны қазір мен үшін маңызды емес. Бұл бар болғаны – пендешілік. Немесе әлсіздік шығар.

Пединститутқа басшы болуға менің толық құқығым бар: бір кездері осында 26 жыл еңбек еттім, қатардағы оқытушылықтан 1-проректорлыққа дейін көтерілдім. Кандидаттық, докторлық диссертацияларымды Мәскеуде қорғадым. КСРО спорт шебері атандым. Осынау жетістіктерімнің баршасы қарашаңырақпен тікелей байланысты.

– Біздің білуімізше, биыл қаңтар айындағы саяси додада облыстық мәслихатқа депутат болып сайланар тұста да біраз қарсылыққа тап болған көрінесіз… Жетісайлықтарға не жазып қойдыңыз?

– Облыстық мәслихатқа депутат болып сайлану оңай болған жоқ. «Кімнің депутат боларын біз алдын ала шешіп қойдық. «Нұр Отан» партиясынан…» деген әңгімені естідім. Таңғалдым. Өзімнің Мақтааралым. «Сырдария» университетін аштым: бес жарым мың студент оқиды. Сондағы халық 2003 жылы мені ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты етіп те сайлаған. Аудан әкіміне айтсам, «Облыстың әкімі шешеді. Сіз барып батасын алсаңызшы!» дейді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке уәж айтайын деп, 2-3 рет ұмтылдым. Ол кісінің уақыты болмады… Ондағы халық «Сайлауға сіз түсіңіз. Әйтпесе Түлкібас, Отырар аудандарынан біреулер келіп, үміткер ретінде тіркеліп жатыр» деп қолқалап қоймаған соң, әрі-бері ойланып, саяси додаға кірдім де кеттім. Алайда науқан тұсында әкімшілік ресурс басқа кандидатқа жұмыс істеді. Бас-аяғы – 6 үміткерміз. Арасында 4-шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Құрманбеков те бар. Не керек, сайлау кампаниясы өте тартысты өтті. Мені, тіпті, тұрғындармен кездесу үшін мектепке де кіргізбей қойды. Әйтпесе мен – «Нұр Отан» ХДП Мақтаарал аудандық филиалы бюросының мүшесімін. Әлім келгенінше, мүгедек, әл-ауқаты нашар адамдарға көмегімді аяған емеспін. Ғалыммын. Университет ашып, осындағы жастардың алысқа сабылмай, білім алуына жағдай жасадым. Неге екенін қайдам, мені мектепке сол бойы кіргізбеді. Сынықтан сылтау іздеп, кандидатурамды алып тастай ма деп, амал жоқ, кездесуімді ақ қар, көк мұзда далада өткіздім. Ашығын айтқанда, қатты қиналдым. Бірақ мақтааралдықтарға мың да бір рахмет, мен үшін дауыс берді.

– Сіз ІІІ шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болдыңыз. Облыстық мәслихатты олқы көріп жүрген жоқсыз ба? Не үшін түстіңіз бұл сайлауға?

– Мен басқарып отырған оқу орны – киелі шаңырақ. «Ал, мемлекеттік институттың ректоры облыстық мәслихаттың депутаты болуы керек» деген тұжырымға бекідім. Әрине, Мәжіліс пен мәслихатты салыстыру қиын. Мәжіліс депутаты заң шығарушы билікте отырғандықтан, оның жауапкершілігі де жоғары. Кез келген мәселеге кәсіби көзқараста болады. Сайлау өтті, мен жеңіске жеттім. Осы күні «Тәуекелге қатты бел байлаппын ғой. Өте алмай қалғанымда, не болар еді» деген ой келеді. Енді халықтың сенімін қалайда ақтауға тырысамын.

– Сайлауалды бағдарламаңызда қай мәселелерге басымдық бердіңіз?

– Ең алдымен, жол мәселесіне. Екіншісі – ауызсу. Үшіншіден, Мақтааралдағы бірқатар мектептердің тозығы жетіп тұр. Жаңа мектептердің салынуына ықпал етсем деген ойым бар. Рас, бұрынғыдай емес, соңғы уақытта Үкімет тарапынан талай игі істер атқарылуда. Қазынада қаржы көп. Сондықтан барлық түйткілді жергілікті атқарушы органдармен ешбір айқай-шусыз-ақ, өзара түсінісе, ымыраласа отырып шешуге болады деп есептеймін. Жалпы, облыстық мәслихат депутатының құзырында пәлендей билік жоқ. Әкімшілік басқару тетіктерінің бәрі – атқарушы органдардың қолында. Байқадым, бұл құрамдағы депутаттардың барлығы – бизнестің адамдары. Қалталы азаматтар. Депутат – әділдіктің жаршысы. Әйтсе де әділдікті айтатын өз орны болады. Егер орнын таппай айтсаңыз, сіз жексұрын атанасыз. Лениннің «Революцияны жасау үшін міндетті түрде революциялық ситуация туғызу керек. Кеше ерте еді, ертең кеш болады. Сондықтан бүгін жасау керек» деген сөзі ұнайды маған. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Әрине, депутаттар шындықты айтуы керек. Бірақ шындық ешкімнің ар-намысына тимеуі керек.

– Облыстық мәслихат депутатысыз. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істейсіз. Облыс әкімінің атқарып жатқан тірліктеріне қандай баға бересіз?

– Біріншіден, мен мемлекеттік оқу орнын басқарамын. Екіншіден, мол тәжірибе жинаған ғалыммын. Егер жалындап тұрған жас болсам, бірдеңені төтеннен қойып қалар едім. Меніңше, облыс басшысының атқарып жатқан жұмысының сапасына бағаны ресми түрде Елбасы береді. Ол – Елбасының осындағы өкілі. Біз ел боламыз, көшіміз түзу болсын десек, біз Елбасының өкіліне бағынып, айналасында қолдау көрсетіп, алға қойған мақсаттарына жетуге ықпал етіп жүруіміз керек. Егер маған сеніп, ақыл, пікір сұрап жатса, айтуға болады. Сұрамаса, онда бәрін өзі біледі деген сөз. Менің де көкейде жүрген әңгімем бар, бірақ оны оңаша кездескенде, тек өзіне ғана айтар едім. Бірақ жүрген жерімде, Асқар Мырзахметов туралы үнемі оң пікір білдіремін. Әкесі Исабекті өте жақсы танитынмын. Кең пейілді, жақсы азамат-тын. Парламент Сенатындағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков, Сайрам ауданындағы Қызылсайдағы базаның бастығы Әбдімәжит Битабаров үшеуімізге әрқашан жөн-жоба сілтеп отыратын. Пікірлесетінбіз. Сәбила деген анасын білемін. Кардиолог боп еңбек етті. Керемет кісі. Яғни Асекең үлгілі шаңырақтан түлеп ұшты. Жауапты сатылардан абыройлы өтіп келеді. Әрине, Оңтүстік Қазақстан – күрделі облыс. Екінің бірі өзін әкіммін деп есептейді. Сондықтан кей-кейде жұмыс істеуде қиындықтар кездесетіні құпия емес.

– Дегенмен соңғы уақытта облыстық мәслихаттағы әріптестеріңіз А.Мырзахметовтің кадрлық саясатын жиі сынап жүр. Сіздің бұл реттегі ұстанымыңызды білсек.

– Тағайындаған әрбір кадры үшін облыс әкімі жауап береді. Сол үшін оған осындай құқық берілген. Кімді қай лауазымға бекітетіні біреуге ұнауы, біреуге ұнамауы мүмкін. Ал, мен өз пікірімді өзімде қалдырғанды құп көремін. Тіпті, сөйлемеймін де сессияларда. Әрине, пікір айтып жатқан әріптестеріме де іштей баға беріп отырамын. Кімнің қандай деңгейде, қаншалықты негізге сүйеніп сөйлеп жатқанын, оның соңында не тұрғанын білемін. Мен мемлекеттік оқу орнын басқарып отырмын. Яғни өзімді Елбасының командасындамын деп білемін. «Сұлтан сүйегін сатпайды» дейді, сондықтан бір командада болып, бір-бірімізді жұртшылықтың алдында сынауымыз дұрыс емес деп ойлаймын. Ал, пікірімді сұрап жатса, ойымды барынша объективті айтуға дайынмын.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап «Елбасы сүйген Оңтүстік», «Тәуелсіздік», «Үшқоңыр – алтын бесігім» атты кітаптарды шығардым. Бұларды А.Мырзахметовтің бос уақыты табылмаған соң, көмекшісі арқылы былтыр мерекенің қарсаңында бердім. Арада жарты жылдай уақыт өтті, әңгімелескен емеспіз. Қолы тимей жүрген шығар деймін де қоямын. Дегенмен мұндай дүниені апарып, табыстап жатқан адам көп емес шығар…

Бұрын мемлекеттік педагогикалық институттың ректоры обкомның хатшысымен тепе-тең болатын. Осылайша пайымдап, мен қызметтік көлігіме «ОК» деген мемлекеттік нөмір алайын деп ойладым. Ол Аяшев үшін емес, қарашаңырақ үшін. Сөйтіп, тиісті органдарға хабарлассам, «Сіз облыстың әкіміне кіріп, рұқсат алыңыз» дейді. Жарайды, кірейін. Не деймін сонда? «Менің көлігіме нөмір беріңізші» дейін бе? Бұл маған жараспайды. Сондықтан облыс әкімінің атына «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының теңгеріміне алынған пәлен маркалы автокөлікке «ОК» деген мемлекеттік сериялы нөмір алуға рұқсат беруіңізді сұраймын» деп хат жаздым. Жақында жауап алдым. Қандай дейсіз ғой? А.Мырзахметов хаттың бір бұрышына облыс әкімі апппаратының басшысы Байділдә Жылқышиевтің атына «Тәртіп қатаң сақталуы керек» деп жазып берген. Ол Кенжебаевқа «Бұрыштамаға сәйкес» деп жазған. Содан түкке түсінбей «Енді не болады? Нөмір беріле ме, берілмей ме?» деп Б.Жылқышиевке телефон шалдым. «Берме» дегені ғой» дейді. Таңғалдым…

– Өзіңіз сайланған Мақтаарал ауданын басқарып отырған азаматтар туралы не айтасыз?

–Түнеугүні Жетісайда Абайдың ескерткіші ашылды. Аудан басшысына телефонмен хабарласып, құтты болсын айттым. Және ренішімді де білдірдім.  «Мен сол қаладан облыстық мәслихатқа сайланған депутат едім. Бүкіл Қазақстанға танымал қарашаңырақ оқу орнын басқарып отырмын. Оның үстіне Жетісайды Жетісай етіп тұрған «Сырдария» университеті десем, артық айтпамын. Сондықтан игі шараға біз де барып, елдің қуанышымен бөлісіп, жылы сөзімізді айтып, қол созар едік. Абайдың ескерткіші күнде ашылып жатқан жоқ. Бірақ хабар болмады… Ел басқарып отырғандықтан, майда-шүйдеге көңіл бөлмеу керек. Сайлау өтті, кетті. Енді бәріміз бір кісідей жұмыс істеуіміз керек. Осында туылдық, ешқайда кетпейміз. Елдің жақсы болғаны бәрімізге ортақ..» дедім. Егер түсінсе…

– «Сырдария» университеті жайлы айтып қалдыңыз. Осы арада бір сырға қаныққымыз келеді. Жоғарыда қарашаңырақ оқу ордасында ширек ғасырдан астам еңбек еткеніңізді, 1-проректорлыққа дейін қызметіңіздің өскенін айттыңыз. «Ел құлағы – елу» ғой, «Алайда Оңалбай Аяшевтің жолын кес-кестеп, ректорлыққа жібермей қойды. Ол сол себепті өкпелеп, Жетісайға кетіп қалды» деген әңгімені құлағымыз шалады. Қаншалықты рас осы?

– Ол былай болды: 1993 жылы Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов мені ректор етіп тағайындау жөнінде бұйрық бергені рас. Оның 1-орынбасары Корольков осында келеді. Ол уақытта марқұм Марс Үркімбаев – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі. Қылышынан қан тамып тұрған кез. 1-орынбасар мені тағайындардан алдын М.Фазылұлына кіріпті. Мұның алдында ғана Білім министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев хабарласқан: «Ертең таңғы сағат 10-да сізді пединститутқа ректор етіп тағайындайды. Кафедраңызға барып, дайындалып отыра беріңіз. Өздері шақыртады» деп. Бұл Әшім Құнанбайұлы Омаровтан кейін. Алайда М.Үркімбаев «Ол қандай бұйрық? Мен келісімімді бермеймін…» депті. Содан министрдің 1-орынбасары мұнда соқпады ақыры. Бір жігіттердің менің жолымды кескені белгілі болды. Ол министрге мен туралы: «Пединститутқа барсам, Аяшев ректордың кабинетіне кіріп алыпты. Барлық проректор мен деканды өз бетінше тағайындап қойыпты» деп  ертегі айтып барады. Ол жақтағылар кейіннен «Сен шынында да сөйткен бе едің?» дейді. Әрине, олай етпегенім белгілі. Міне, сол уақытта да ректорлыққа бұйрық алып тұрғанымда, маған қысастық жасалған. Біразға дейін басшы тағайындалмады. Алты-жеті айдан кейін ғана Керімбек Сыздықовты тағайындады.

Жоғарыда айтқанымдай, ШПИ 1993 жылы өз алдына бөлек заңды тұлға ретінде қаржылық дербестігін сақтай отырып ХҚТУ-дің құрамына өтті. Мен – проректормын. Іле-шала ХҚТУ Сенатының шешімімен пединститутты Шымкент бөлімшесі етті. 1996 жылы Жетісайда «Сырдария» жоғары колледжін ашып, мені ректор етіп жіберді. Бұл оқу орны да ХҚТУ-дің бағынысында-тын. Мұрат Жұрынов – Білім министрі. 1998 жылы түріктер «Қаражатты орталыққа шоғырландырайық» деп шешім қабылдады. Ал, Жетісайдағы оқу орнына түскен балалар «Ешқайда ауыспаймыз. Осында бітіреміз» дейді. Бұл уақытта М.Жұрынов та ХҚТУ-ға президент болып кеп қалған. Жұрыновтың алдына бардым, студенттерді әрі-бері қозғасақ, шу шығатынын түсіндірдім. «Қабылдаған студенттерді сонда бітіртіп, диплом берейік» деп ұсыныс айттым. Өстіп жүргенде, жекеменшік оқу орындарын ашуға рұқсат беріле бастады. Ол Білім, ғылым, денсаулық сақтау және туризм министрі Қырымбек Көшербаевтың тұсы-тын. Ол кісі халқы тығыз орналасқан аумақта біздің мемлекеттік емес университет ашу туралы ойымызды қолдады. «Жетісайда Махмұд Қашқари атындағы институт ашайық» деді. Ол уақытта Балташ  Тұрсынбаев вице-премьер еді. Сөйтіп оған жолығып, мәселені шешуге таяған тұста Үкімет тарап кетті де, тірлік аяқсыз қалды. Кейін тым болмаса мемлекеттік емес оқу орнын ашайық деп «Сырдария» университеті дүниеге келді. Құдайға шүкір, биыл құрылғанына 15-жыл. Белгілі оқу орнына айналды. Материалдық-техникалық базасы мықты.

– Жұртшылық Сізді қалталы азаматтардың қатарына қосады. Білім саласында жүріп қалай баюға болады? Әлде басқа да бизнестеріңіз бар ма?

– Қазақ өзі туабітті шаруашылыққа бейім халық қой. Сол себепті біздің де отбасымызға тиесілі жер телімдері бар. Созақ ауданында менің едәуір аумақты алып жатқан жайылым алқабым мен малым бар. Қазығұрттың баурайында да жеріміз бар, мал ұстаймыз. Бұдан бөлек Алматы мен Астана қалаларында дүкендеріміз бар. Бизнестің ыстық-суығын көріп жүргендер біледі: бір күнде үлде мен бүлдеге орану мүмкін емес, «теңіз тамшыдан құралады». «Саған күніне бір бөлке нан тегін келіп тұрса, өте жақсы. Аштан өлмейсің. Қомағайлана берме» деп балаларыма үнемі айтып отырамын.

– Бизнесті қашан бастадыңыз? Еліміз тәуелсіздік алған соң ба?

– Иә, тәуелсіздік алғаннан кейін қимылдадық. Бұрын «КПСС мүшесімін, қалтамда партияның билеті бар, ғылым докторымын, аштан өлмеймін» деп жүргенбіз ғой. Кейін жан-жағымызға қарай бастадық. Эйнштейн айтқан екен «Мен ғұлама емеспін, мен –  Эйнштейнмін» деп. Сол секілді мен бай адам емеспін, мен – Аяшевпін.

Көп азаматтар Парламент депутаты болуға құмарақ. Бірнеше шақырылымнан бері тұрақты түрде Мәжіліс депутаты мандатын иемденіп келе жатқандарды білеміз. Ал, біреулер бір айналымнан соңақ борттың сыртына шығып қалып жатады.

– Мен алғаш рет Мәжіліс сайлауына 1999 жылы қазан айында түстім. Мұның алдында 3 рет депутат болған Мырзагелді Кемел де бағын сынап көруді жөн санапты. Алты адам Мәжіліс депутаты болуға ұмтылдық. Мен 1-турда-ақ жеңіске жеттім. М.Кемелден 6732 дауыс артық алдым. Статистика бойынша  1-турда ұтқан адам 2-турда да ұтады. Сөйтіп, 2-турдың өтуіне 2 күн қалғанда облыс әкімі Б.Сапарбаев шақырады. «Маған «Сен туысқаныңды өткізейін деп жатырсың» деп әңгіме айтылуда. Кандидатураңды ал!» дейді. «Мен сізге қандай туысқанмын. Ол да – Қоңырат, мен де – Қоңырат. Ол 3 рет депутат болды. «Сен өмір бақи депутат боласың» деп маңдайына жазып қойған жоқ шығар» деп ашуландым. «Сіз менің қалай тырбанып өмір сүріп келе жатқанымды білесіз. Диссертацияларымның барлығын Мәскеуде қорғадым. Осынша жұмыс істеп, 2 күн қалғанда, құжаттарымды кері қайтарып, жұртқа қай бетіммен барып түсіндіремін мән-жайды. Сондықтан сіз «Жігіттердің өздері білсін» деп жағдайды өз ағысымен жіберіңіз. Жақсылығыңыз осы болсын» дедім. Бірақ түбінде алдымды орап кетті. Бұл кейін үлкен айқай-шуға ұласты. Мемлекет басшысына ашық хат жаздым. Ол «Түркістан», «Замана» сияқты бірқатар газеттерде жарық көрді. Сол үшін Б.Сапарбаев маған ренжіп, екеуіміз сөйлеспей жүрдік.

2003 жылы тағы да Мәжіліс сайлауы өтетін болды. Облыс әкімі – Болат Жылқышиев. Алдына кіріп, өткен жолғы қысастықтар туралы айттым. Ол кісі бәрінен хабардар екен. «Сізбен бірге кімдер додаға түспекші? Солардың алдынан өтсеңізші» деді. Мен Омарбек Нұржанов, Ибадулла Үмбетаевтерге жолыққанымды, олардың сайлауға түспейтінін айттым. «Ендеше, жарайды. Қолымнан келгенінше қолдау көрсетемін» деді. Атасына рахмет, сөзінде тұрды. Әрине, ол кезде де «Аяшев бар-жоғы жекеменшік университеттің президенті. Басқа адам жоқ па?» дегендей қарсылықтар болғанын естідім. Алайда Б.Жылқышиев «Біз өткен сайлауда оны жеңіске жетіп тұрса да, әкімшілік жолмен қысып тастап едік. Енді бұл жолы өйте алмаймыз. Халық түсінбейді…» деп менің сөзімді сөйлепті. Қызықтың көкесі соңында болды: он күн қалғанда Мақсұт Нәрікбаевтың партиясынан И.Үмбетаев кенеттен сайлауға түсуге шешім қабылдады. «Сайлауға түспеймін» деп уәде беріп едің ғой» деймін түсінбей. «Түс» деп қоймай жатыр ғой» дейді ол ақталып. 2 тур бойына шайқастық, 1-турда жеті жарым мың, 2-турда он жарым мың дауыс артық алдым бірақ.

Ал, Мәжіліске барғанда, маубас депутат болған жоқпын. Мақтааралға көп көмегім тиді. Мақта саласын дамытуға қатысты заңды қабылдаттым. Көксарай су реттегішін салу мәселесін ең алғаш мен көтердім. Он бес мектептің құрылысын республикалық бюджетке енгіздім. Жердің бағасын реттедім: 1 гектар жер Мақтааралда 236 мың, Сарыағашта 136 мың теңге екен. Екеуінің арасы алшақ емес. Жер комитетінде Оспанов деген азамат мәселеге сергек қарап, 236 мыңды 139 мың теңгеге түсірді.

– Төртінші шақырылымдағы Мәжіліс құрамынан Сізді байқай алмадық. Партиялық тізімге ілігу қиын болды ма, әлде өзіңіз қаламадыңыз ба?

– Бір кездері бүкіл БАҚ шулай жазып, көрсеткеніндей, бұл жерде ұлыма қатысты тірлік адымымды аштырмады. Әркім әрқилы алыпқашпа әңгіме айтты. Өзі оқиға былай болған: Балам депутаттар үйін күзетіп тұрған жігіттерге «Үйге жүріңдер, шай ішейік» депті. Ішінде біреуі қызын шақырған, өздерінше отырыс ұйымдастырған көрінеді. Алдында ғана үйге інім келген. Астанаға зат алып келген екен. «Жол ұзақ. Біреулер қорқытып-үркітуі мүмкін. Одан қалды қасқыр бар» деген әңгімелерді естіп, мылтық ала шығыпты. Қайтарда ұшақпен қайтатын болды да, қаруды біздің үйге тастап кеткен. Әлгі күзетші жігіт соны көзі шалып, әрі-бері көрген де, дәлізге қоя салған. Оны балам көріп «Мынаны орнына қою керек. Әкем көрсе, сөйлейді» деп қаруды қолына ала бергенде, абайсызда шүріппесіне саусағы тиіп кеткен. Бұл уақытта күзетші жігіт қолын жуып, жуынатын бөлмеден шығып келе жатыр екен. Ол да, бұл да шалқасынан құлаған. Содан сасқалақтап, оны көтере салып «Мен адам өлтірдім» деп төмен түскен. Таксиге отырғызып, ауруханаға апарған. Мен ауруханада емделіп жатыр едім. «Осындай жағдай болды» деп түнде қоңырау шалды. Аяғы шуға ұласты… Қазіргі таңда күзетші аман-есен. Жұмысын істеп жүр. Үй әпердік. Ұлым Серік өзіне лайықты еңбек етуде. Намаз оқиды. Отбасылы: Назерке атты қыз, Өзбекәлі атты ұл тәрбиелеп отыр. Міне, осыдан соң мен сайлауға ұмтылған жоқпын. «Депутат болуға моральдік құқығым жоқ» деп түйдім іштей. Енді қайтемін?! Өзімнің балам, оны қайда лақтырып тастаймын. Қит етсе, жұрт осы жағдайды тілге тиек етеді. Одан қашып құтыла алмайсың. Ал, сол жағдай Құдайдың жіберген пәлекеті болды деп есептеймін. Одан 3 күн бұрын ғана балам «Папа, түнде ұйықтай алмай жүрмін. Қорқынышты түстер көріп, шошып оянамын» деген-тін. Астанада Қайрат Сатыбалды соқтырған мешітте Ибрагим деген молдаға оқытайын деп апарсам, тұмауратып, үйінде жатып қалыпты. Сол күні дем салдыра алмадық. Ертесіне мынадай оқиға болды ғой. Бір нәрсенің боларын Алла сездірді деп ойлаймын осы күні. Әйтпесе ұлым өте тәрбиелі, сауатты. ҚазҰУ-де «халықаралық экономика» мамандығы бойынша білім алды. Кеденде жұмыс істеді. Мемлекеттік басқару академиясын бітірді. Небір еркетотайларды көріп жүрміз ғой, үйдің кенжесі болса да, Серігімнен теріс қылық байқаған емеспін. Темекі мен арақтан аулақ. Шамасы, азап көру маңдайында тұрған шығар. Елбасы біздің көреген ғой, осы оқиға туралы естігенде «Өз балаларымыз үшін жүрегіміз ауырады, күйеміз, сол үшін де біз – ата-анамыз» депті. Дуылдап бара жатқан әңгіме осыдан кейін сап тыйылды.

– Мәжіліс депутаты боп жүргенде, соңына дейін жүзеге асыра алмай, сан соққан кезіңіз болды ма?

– Оңтүстікті Б.Жылқышиев басқарған тұста карта жасатып, Сарыағаштағы Дарбазадан Қоңыратбазға дейін теміржол жүргізетін болдық. Теміржолсыз Мақтаарал халқының әл-ауқаты жақсармайды. Тиісті құжаттарының бәрін негіздедік. Инвестор да таптық. Бұл мәселе бойынша Премьер-министр Д.Ахметовтің алдына кірдім. «Бұдан қандай пайда түседі?» деді ол. Халық өзіне қажетті заттардың барлығын шойын жолмен әкелетінін, өндірген өнімдерін алыс-жақын аймақтарға емін-еркін жеткізуге мүмкіндік туатынын айттым. Мысалы, бау-бақша өнімдерін Өзбекстан арқылы тасымалдасаңыз, көптеген кедергілерге ұшырайсыз. Жарамсыз күйге түседі. Соңында Д.Ахметов жобаны құптады. «Бірақ саяси шешім керек. Елбасы рұқсат беруі қажет. Келісімін алыңыз» деді. Ол кісінің алдына кірудің сәтін күтіп жүргенде, Парламент тарқап кетті. Жоба сол күйі қалды. Егер жүзеге асқанда, Мақтааралда «коммунизм» орнар еді.

– Соңғы сұрақ. Қазір жастарды тәрбиелеп жатырсыз. Бүгінгі ұрпақтың бойынан қандай қасиеттерді байқайсыз?

– Бір ғана мысал келтірейін. Біздің елде қазіргі таңда жыл сайын жоғары білім алу үшін 40 мыңға жуық мемлекеттік білім гранты бөлінеді. Халқымыздың саны – 17 миллион. Ал, Ұлыбританияға барыңызшы, ол жақта да білім гранты бар, бірақ оның жартысын мемлекет төлейді, жартысы – өзіңіздің мойныңызда. Біздің студенттердің қолында – 3-4 ұялы телефон. Түске дейін ұйқыны қандырып, шайын әрең ішіп, сабаққа келеді. Әке-шешенің өз перзентіне барынша жағдай жасауы дұрыс шығар, алайда баланы іскерлікке, өз басын өзі алып жүруге де үйрету қажет. Мен 6-сыныпта оқып жүргенімде, әкеміз дүниеден өтті. Үш қыз, бес ұл шешемізбен қалдық. Кейін ер жеттік, оқуға түстік. Сонда каникулға шықсақ та, ауылға бармаймыз. Барғанда да, ауылда кім бізге ақша дайындап отыр?! Демалысқа шыққасын шифер және цемент шығаратын зауыттарда, теміржол вокзалында азаннан кешке дейін қара жұмыс істейміз. Жатақханаға кәдімгідей әл-дәрменіміз құрып, болдырып қайтамыз. Ауылға оқу жылының соңында бір-ақ барамыз. Онда да «қыстың қамын жазда ойла» демекші, мал азығын, отын-суды қамдау үшін. Сонымен, күнге күйіп, бет-аузымыз жара-жара боп күздігүні қалаға келеміз. Қалта жұқа. Тағы да жұмысқа кірісеміз. Төрткөлге барып, бір жарым айдай мақта тереміз. Жел дамыл таппайды, көзіңді аша алмайсың. Келісі – 4 тиыннан. Мақта жақсы теруші едім, күніне 5-6 сом табамын. Кейбір жанын қинағысы келмейтін жігіттерден «Ана жерден шина ұрлайық, мына жерден жем ұрлайық» деген ұсыныстар түседі. Солардың екі-үшеуін білемін, кейін бизнесмен болып, байып кетті. Қуанатыным, мен арам тірлікке жоламадым. Ақша тапсам, маңдай теріммен таптым. Барынша үнемшіл едім. Міне, мен осылай өмір сүріп келемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

«УАҚЫТ».

Сіз не дейсіз?

Қуаныш АЙТАХАНОВ, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

– Оңалбай Аяшевті көптен бері білемін. Оңтүстікте өскен, тәрбиеленген, іскер азамат. Спорт шебері. Спорттан шыққан азаматтар негізінен адал келеді. Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы қызметін атқарған кезеңде, көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне зәру  заңдарды қабылдауға атсалысты. Парламент қабырғасында жүргенде, өз пікірін ашық һәм батыл айтатын. Енді бүгінде бір кездері өзі білім алған, ұзақ жылдар еңбек еткен оқу орнына басшылық жасауда. Бір жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстарын өзіміз де көріп отырмыз. Жалпы, ОҚМПИ – Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары оқу орындарының барлығының қарашаңырағы. Арғы жағындағы Жамбыл, бергі жағындағы Қызылорда облыстарынан шыққан көптеген мұғалімдер, қоғам, мемлекет қайраткерлері –  сол қарашаңырақтың түлектері. Уақтысында пединститут ХҚТУ-ге қосылып, мұғалім мамандығын даярлау сапасы төмендеп кетті. Ұстаз мықты болса, шәкірт мықты. Біздің Оңтүстікте мыңнан астам мектеп бар. Республикадағы оқушылардың бестен бірі – біздің облыста. Солардың бәріне жақсы мамандар, білімді ұстаздар тәрбиеленіп барса, еліміздің келешегі арта түсері хақ. Сондықтан педагогикалық институтты ХҚТУ-ге қосып жіберу зиян болды деп есептеймін. Тіпті, еліміздің алға дамуына қастандық сияқты болды. Сол олқылықтың орнын толтырған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа мың рахмет. Елбасының алдына мәселе ретінде қоя жүріп, ОҚМПИ ашылды. Қайтадан жол салу оңай емес, сондықтан Оңалбай Аяшұлының жұмысына жеміс тілеймін! Өз жерімізден, өзіміздің арамыздан қайнап шыққан педагог, ғалым, қайраткер, сол себептен оны қатты сыйлаймын. Еліміздің дамуына үлес қосып жүр деп ойлаймын. Оның Ел және Елбасы туралы мақалалары «Егемен Қазақстан» газетінде жиі жарық көріп жүр. Мақтағаным емес, көп ақын-жазушылар, публицистер бұлай жаза аламайды. Яғни публицистік қыры тағы бар. Сондықтан оны дайындығы мол, іскер кадр деп есептеймін. 

Сіз не дейсіз?

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, ғалым, қоғам қайраткері:

– Мен білетін, жұрт білетін Оңалбай – адамгершілігі мол, тірлігі де, келбеті де халыққа өте ұнайтын, істеген ісі тыңғылықты, жүрген жүрісі өзіне де, өзгеге де жарасатын, салмақты, үлкен азамат. Осы қасиеттерін жоғары бағалаймын. Ағаны сыйлай білуі, алдынан кесіп өтпей, қолтығынан демеп жүретіндігі кім-кімге де үлгі болатыны сөзсіз. Кімнің басына не келмейді дейсің, Алладан ешкім өзіне тауқымет тілемейді. Баласының оқыс болған бір әрекетіне байланысты күстаналап, балға жиналған арадай шулап, жан-жағынан талаған жағдайлардың болғаны есімде. Оның үстіне «Ойбай, не дейсің, Рахат Әлиевпен қоян-қолтық қарым-қатынаста екен» деп жатты жұртшылық. «Үш қайнаса, сорпасы қосылмайды» деп айта алмаймын, бірақ Р.Әлиев – өзіне де, өзгеге де жақсылық істемейтін адам. Оны өмір, тарих көрсетіп, дәлелдеп берді. Ал, Оңалбай өз қажыр-қайратымен, өз жолымен, білім-парасатымен өсіп жетілген азамат. Оған күйе жағуға қанша тырысқанмен, жұқпайды. Сол себепті сондай қиындау кезде, Мәжіліс депутаттығынан кеткен кезде, азаматтың көңіліне қаяу түскен кезде, сондай-ақ Өзбекстанмен шекаралас Мақтаарал ауданында, ық жерде, жоғары оқу орнының дәстүрі жоқ жерде, университет ашып, Өзбекстандағы қазақ балаларын оқытып жатыр дегенді естігендіктен, осыдан 3 жыл бұрын мен Мақтааралға Президент мәдениет орталығын арнайы көшіріп апарғанмын. «Тәуелсіздік тағылымы» деген тақырыпта лекциялар өткізіп, кездесулер ұйымдастырып, «Сырдария» университетінің мәжіліс залында кеш өткізгенбіз. Сонда елге сөзі өтетін кісілер мен аузы дуалы қариялардың басын қосып, «Қазақ – бір-бірімізді күндеуге жақын халықпыз. Бұл мінезімізді кезінде Абай қатты сынаған. Біреудің басына іс түсіп, бұлт үйірілсе, күндемейік, қайта, жан дүниесін тереңірек түсінуге тырысайық…» деген ыңғайда біраз ой тастадым. Алланың көзі тура екен, Оңалбай бауырым еңсесін қайта тіктеп, Оңтүстіктегі 75 жылдық тарихы бар педагогикалық институтқа ректор боп тағайындалғанда, қатты қуандым. Себебі, ол – қазаққа жаны ашитын, қазақты жанындай жақсы көретін, қазақтың көшін шама-шарқынша ілгері сүйрейтін азамат. Сол үшін де мен Оңалбайды жақсы көремін.

Сіз не дейсіз?

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

– Оңалбай Аяшев – қайта оралған қарашаңырақ оқу ордасының сәтті таңдалған басшысы. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтын өрге сүйреп, қалпына келтіріп, жаңа заманға икемдеп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, мен ол азаматты өте жоғары бағалаймын. Оның Мәжіліс депутаты болғаны, Астананы көргені, үлкен тұлғалармен, Елбасымен араласқаны, иық теңестіріп жұмыс істегені біздің пединститутқа, жастар тәрбиесіне, сапалы білім беруге игі әсерін тигізіп жатқаны ақиқат. Осыған қуанамын.

Сонымен қатар ақын-жазушыларды, жалпы, өнер адамдарын шақырып, жүйелі түрде кездесулер өткізуді қолға алды. Және ол кездесулер бұрынғыдай ескі сүрлеумен емес, жаңаша сипатта, шынайы өтуде. Бір ерекшелігі, сондай кештердің көбін Оңалбай Аяшұлының өзі жүргізеді. Көп ректорлардан мұндайды күту қиын. Кейбіреулері менсінбейді, кейбіреулері деңгей-дәрежесін көрсетуге ұялады. Ал, Аяшевтің интеллектуалдық деңгейі жеткілікті, қажет тұсында әзілді де дөп пайдаланады, білімділігі көрініп тұрады. Сондықтан Оңалбай қайта оралған қарашаңырақты оңалтады деген сенімдемін.