ТӨЛЕБИДЕ ШОКОЛАД ӨҢДЕЙТІН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ТӨЛЕБИДЕ ШОКОЛАД ӨҢДЕЙТІН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылындағы балмұздақ өнімдерін өндіретін «Балмұздақ» ЖШС құлашын кеңге жаюда. Енді аталған серіктестік дәмі тіл үйірер балмұздақ өндіріп қана қоймай, шокаладты глазурь мен шоколад өңдейтін болады. Осы мақсатта аталған кешенде арнайы цех іске қосылды. Цехтың ашылуына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты, деп хабарлайды uakit.kz облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба құны 800 млн. теңге болатын кәсіпорында жылына 1100 тонна шоколадты глазурь мен шоколад өнімдері өндіріледі деп күтілуде.
Негізінен, «Балмұздақ» ЖШС-і 2017 жылы құны 2,5 млрд. теңге болатын 3200 тонна балмұздақ өнімдерін өндірген. Ал былтыр, 2018 жылы Өзбекстан еліне 6,1 млн теңгеге 8700 келі балмұздақ экспорттады. Кәсіпорын бүгінгі күнге балмұздақтың 80-нен астам түрін шығарады. Кәсіпорын құны 220 млн. теңге тұратын балмұздақ өндіретін қазіргі заманғы құрал-жабдықтарымен жабдықталған. «Балмұздақ» ЖШС-нің өнімдері тек қана Түркістан облысында ғана емес, республикамыздың солтүстігінде, Алматы, Астана, Ақтау, Тараз қалаларында да үлкен сұранысқа ие.
Өндіріс орнының жұмысымен жіті танысқан облыс әкімі кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіріп, ел тұрғындарын сапалы өніммен қамтуда аянбай еңбек ете беруіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан, қашанда, тиісті қолдаулардың болатынын тағы бір еске салып, азаматтың ісі көпке үлгі болуы керектігін айтты.
Өз кезегінде, облыс басшысы зауыт жетекшілігіне жаңадан құрылған Түркістан облысының атын шығарып, жер-жаһанға таныту үшін “Түркістан” брендімен шоколад түрін шығаруды айтты. Осынау ұсынысты қолдаған кəсіпорын ұжымы тез арада аталған идеяны жүзеге асыруды қолға алатынын жеткізді.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ