ТҮРКІСТАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРҒА WhatsApp НӨМІРІН АЙТТЫ

Түркістан қаласының тұрғындары 16-қаңтардан бастап өз әкімдеріне бағытталған қандай да бір өтініш-тілектерін, шағым мен ұсыныстарын оның 87783837214 Whatsapp нөміріне жолдай алады.

Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өзінің инстаграмдағы the_rashid_ayupov парақшасында мәлімдейді.  Ол өз жазбасында ғаламтор желісі дамыған мына заманда өтінімдердің біраз бөлігін әлеуметтік желі арқылы  қабылдау заңдылық екенін, және әрбір мәселенің шешімін табуы маңызды екенін алға тартады.   

Сонымен қатар ол, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы мен  қала  әкімдігінің ресми парақшаларына, өзге әлеуметтік желілерде #ГүлденеБерТүркістан хэштегі арқылы тұрғындардан келіп түскен әр ұсыныс/шағым/өтінімдердің барлығы назарға алынып,  тиісті бөлімдерге жолданатынын хабарлаған.

Қала әкімі өз жазбасын «Сіздер жазған кей мәселе шешімі әкімдік құзыретінде болмауы мүмкін. Кей сұрақтың жауабын табу үшін бірнеше жүз құжат ақтарылуы қажет болуы мүмкін.
Әкімдік ішінде ел игілігіне қызмет атқарып жүрген іні-қарындастарыңызға, аға-әпкелеріңізге де түсіністікпен қарап, сабыр танытуларыңызды сұраймын. Және, жемқорлық куәгері болып қалсаңыз, міндетті түрде хабар берулеріңізді өтінемін.
Бастамамыз оңды, еңбегіміз абыройлы болсын!»,- деген тілекпен аяқтаған.

 uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ