ШЕНЕУНІКТЕРДІ ТҮРМЕ ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫРУ ДҰРЫС ЕМЕС…

Мемлекеттік органдардың басшыларын жинап, оларды түрмеге саяхат жасату дұрыс емес.

Павлодар облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Еркімбек Аязбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі департаментінің  шенеуніктер үшін түрмеде экскурсия өткізу шарасына осындай пікір білдірді, деп хабарлайды uakit.kz Эхо Казахстана-ға сілтеме жасап.

Бүгінде Қазақстан өңірлерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша алдын алу шаралары ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменттері  шенеуніктер үшін түрмелерде  экскурсия өткізуде. Соған сәйкес Павлодарда жоғары қызметтегі шенеуніктер АП 162/2 қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне саяхат жасады.  Білім, экология, мүлік және жекешелендіру саласында жұмыс істейтін 28 шенеунік түрме қызметімен танысты. Ол жерде  оларға қамаудағылар тамақтанатын асхана,, демалыс бөлмесі, санитарлық тораптар мен жатын бөлмелер көрсетілді. Экскурсия толық үнсіздікпен өткен. Іс-шара өткізілгеннен кейін шенеуніктер түсініктеме беруден бас тартқан. Тек Павлодар облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Еркімбек Аязбаев өз әсерін  «Мұндай мекемелерге бірінші рет келіп тұрғаным жоқ. Өйткені ұзақ уақыт бойы тәрбиесі қиын балалармен жұмыс істедім. Отыз жыл бұрын оларға осындай экскурсиялар ұйымдастырылған. Енді бізді осындай орындарға апарады. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары осындай деңгейге жетті. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Біздер ұжымдарды басқаратын лайықты адамдармыз»,- деп жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, мұндай шара Шымкентте де өтуде. Осыдан біраз бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті мектеп директорлары, бас дәрігерлер мен әкімдіктегі басқарма басшыларына осындай экскурсиялар ұйымдастырған. Өз кезегінде шымкенттік шенеуніктер құзырлы органның өздерін осылай  түрмеге саяхат жасатуы туралы шараларына жарытып пікір айтпаған. Барлық экскурсиялар үнсіздікпен өткен десек те болады.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз

ПІКІР ЖАЗУ