ТҮЛКІБАСТА КӨП МӘСЕЛЕ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛГЕН

Елді ынтымаққа ерте білуде тың бастамаларымен жұрт ықыласына бөленген Түркістан облысы, Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков халыққа есеп берді. Осы аптаның сейсенбісінде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев қатысты. Есеп жиынына ағылған жұрт әкімнің жұмысын оң бағалап, жылы тілектер айтып тарқасты.

Оған негіз де жоқ емес. Себебі, былтыр ауданда халықтың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға сеп болған  біраз шаруалар тындырылды.  

Өткен жылы ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі  73 022,1  млн. теңгені құрады. Аудан бюджетінің кіріс бөлігі 24 349,1 млн. теңге болса, жергілікті бюджеттің кірісі 2904,7 млн. теңгеге жетті.  

Таулы аумақ Түлкібасты тамашалауға келген туристердің  саны 17 мыңнан асқан. Оның 1215-і  шетел азаматтары. Ауылшаруашылық саласы бойынша 38 млрд  051 млн.теңгенің өнімі өндірілді.  Оның 17 млрд  728 млн теңгесі егін, 20 млрд  280 млн теңгесі мал шаруашылығына тиесілі.  

Түлкібас ауданындағы  63 401 гектар жерге дәнді дақылдар, майлы дақылдар,  көкөніс, картоп өнімдерімен қатар жоңышқа егілді.

Алдағы уақытта ауылшаруашылық саласы бойынша астық көлемін арттыру межелі мақсаттардың бірі. Осы бағытта суармалы жерлердің көлемін ұлғайтудың маңызы зор.  Соның аясында былтыр жобалық сметалық құжаттар әзірленді. Суармалы жер көлемін 1115 гектарға ұлғайтатын бұл жобаның жалпы құны 381 миллион теңге. Бұл үшін былтыр 50 млн теңге қаржы бөлінген. Соның негізінде тиісті құрылыс жұмыстары атқарылған.

Суармалы жерлерді оңалту мақсатында былтыр «Казсушар» мекемесі арқылы  58 млн теңге  бөлініп, жалпы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын 7 су нысандарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Дәл осы бағытта  облыстық бюджет есебінен «Ораз» және  «Жаманжар» каналдары тазаланып, бөлінген қаржы мақсатты түрде жұмсалған.

2019 жылы аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен демеушілер есебінен Машат, Келтемашат және Арыс ауылдық округтерінің аумағындағы  жалпы ұзындығы 43,2 шақырымды құрайтын 8 су нысандарының бойына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп,  2 дана бас су құрылымы салынды. Нәтижесінде 1007 гектар ауылшаруашылығы бағытындағы жерлер ағынды сумен қамтамасыз етілді.

Ауданның «қоңыр салқын» ауасы бау-бақша егуге ғана емес, мал шаруашылығын дамытуға да қолайлы аймақ болып саналады.  Соған сәйкес, былтыр ауданда 35  бірлік мал бордақылау алаңдары   іске қосылды. Барлығы  28 бірлік шағын жанұялық сүт фермалары ашылды. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша сатып алынған   ірі қара, жылқы мен уақ мал саны  жоспарланған көрсеткіштен көп болды.

Коммуналдық сала бойынша орындалған шаруалардың саны басым. Мәселен, аудан халқының 99,5 пайызы, яғни, 62 елді мекеннің 59-ы орталықтандырылған     ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Су құбырымен қамтылған 59 елді мекеннің 58-і тәулігіне 24 сағат, 1 елді мекенде ғана (Машат  ауылында) ауыз су кестемен берілуде.  

Аудан жұртын сапалы жарықпен қамту мәселесінде де олқылық жоқ.

Естеріңізде болса, 2016 жылы Түлкібас ауданының тұрғындары  100 пайыз газбен қамтылған болатын. Бұл көрсеткіш қазіргі таңда 98 пайызды көрсетіп отыр. Мұның себебін Нұрбол Тұрашбеков аудандағы халық санының артып, соған орай жаңадан үйлер салынып, көшелердің түсіп жатқанымен  байланыстырады. Осыған орай өткен жылы жаңадан құрылған тұрғын алаптарға газ құбырларын тарту жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар осы жылы да жалғасын табатын болады.  

Өткен жылы  аудан көлемінде аудандық және ауылдық елді мекендердің ішкі көшелеріннің 65,74 шақырым жолдары, күрделі және орташа жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 57,3%-тен 70,5%-ға, елді мекен көшелерінің үлесі 67,8%-ден 80,1%-ға жақсарды.

Мұнымен қатар Түлкібаста балалардың балабақшамен қамтылу үлесі 100 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, ауданда апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілген.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев Түлкібастың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсарту бағытындағы аудан басшысының  жұмысына оң бағасын берді.

uakit.kz

Сурет авторы: Асхат Әссанди.