АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

90
0

Шымкент қаласында әлеуметтік қорғау саласында ауқымды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде қалада мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп бастауға болатыны кеңінен түсіндіріліп жатыр. Жұмыспен қамту шаралары да қарқын алып келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау тетіктері де қарастырылған. Саладағы қызметтер цифрлық жүйеге еніп, қызмет көрсету қолжетімді бола түсуде. Мұның баршасы бұқараның мемлекеттің қызметтерді алу процесін жеңілдетеді. Осы орайда, жуырда өткен аппарат мәжілісінде аталған саладағы жұмыс барысы сараланды. Бүгінгі материалымызда жоғарыда аталған тақырып турасында кеңірек тарқатпақпыз…

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева отбасының цифрлық картасын қалыптастырудың ағымдағы мәселелері туралы баяндады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу туралы айтылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан арнайы «Отбасының цифрлық картасы» дерекқоры әзірленген. Аталған дерекқорда отбасылардың әлеуметтік жағдайын 5 санатқа бөлген. Атап айтқанда, А санатындағы – әлеуметтік жағдайы жақсы 3,9%, В санатындағы — әлеуметтік жағдайы қанағаттанарлық 39,5%, С санатындағы әлеуметтік жағдайы төмен 32,3%, Д санатындағы — әлеуметтік жағдайы дағдарыс 20,6%, Е санатындағы — әлеуметтік жағдайы мүшкіл 3,7%. Министрліктің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін Д және Е санатындағы азаматтардың үлесін 5 пайызға төмендету немесе Шымкент қаласы бойынша 79 850 отбасыға жеткізу жоспарлаған. Отбасылық цифрлық картаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру. Жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е.Есқараев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді және қалаға бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу туралы баяндады. Қала бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға артып, 779,2 млрд теңгені құрады. Бюджеттің 51 пайызынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Өңірдегі халықтың табысын арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып, республикада алғашқылардың бірі болып 15 мыңға жуық бюджеттік қызметкерлердің жалақыларына қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалды. Мемлекет басшысының бастамасымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы бұл бағытта 228 жобаға 5,8 млрд теңге қаралды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысымен қаланың барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамикалық өсім қалыптасты. Атап айтқанда тұрғын үй алаңы 38,8, құрылыс жұмыстары 30,6, көлік қызметі 26,8, сауда көлемі 16,9, инвестиция 10,1, өнеркәсіп өнімі 2,0 пайызға артты. Сонымен қатар, қала басшысы мәжілісте жылу беру маусымының басталуына байланысты жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жұмысты ширатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді ескертті. Жалпы бұған дейін Мемлекет басшысына әлеуметтік саланы қаржыландырудың жаңа әдістері таныстырылды. Аталған тәсілдер бөлінген қаржының шын мұқтаж жандарға жетуін, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Тамара Дүйсенова әлеуметтік салаға 14,5 триллион теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 60 пайызын құрайды. Президентке Отбасының цифрлық картасы арқылы көрсетілетін қызметтер азаматтардың әлеуметтік санатына қарай дербес ұсынылатыны туралы баяндалды. Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде әлеуметтік саланы цифрландырудың деңгейі қызмет алушыларды және оларға көрсетілген қызмет көлемін анықтап қана қоймай, мемлекеттік қолдау шараларының құрылымына түзету енгізуге мүмкіндік беретінін айтты. Ауыр тұрмыстық жағдайдағы отбасыларға арналған ұтымды әрі тиімді көмек шаралары әзірленеді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа білім беру, медициналық көмек сапасын арттыру және әлеуметтік нысандар құрылысы мен ауыл тұрғындарын қолдау бойынша Үкімет тарапынан қолға алынған жобалар жайында мәлімет берілді. Мемлекет басшысы қабылданған шаралардың маңызын атап өтіп, аталған ұсыныстарды қолдады. Сондай-ақ бұған дейін басталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Бұған дейін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева Ақпараттық-коммуникациялық орталығында БАҚ өкілдеріне брифинг берген болатын. Мәжіліс барысында қала аумағында ерекше жандарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау туралы баяндады. «Мүгедектігі бар азаматтардың қажетті құралдар мен қызметтерге қол жетімдігі мен сапасын арттыру мақсатында қолданысқа енгізілген әлеуметтік қызметтер порталы өз нәтижесін беруде. Шымкентте былтыр мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік портал арқылы 40 мыңға жуық қызмет алған» деді Жанат Өмірсейітқызы. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Қолданба арқылы мүгедектектігі бар адамдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақтылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы. Портал бойынша шешім қабылдайтын жергілікті комиссия өкілеттігіне өтінімді қарастыру, өнім берушіге сапасыз тауарды немесе қызметті көрсеткені үшін өтінімді жолдап, бақылауда ұстау, порталға кіруге шек қою және жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізу құқығы берілген. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 40 728 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 7 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгі балалар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында мүгедектігі бар азаматтарға өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер қызмет түрлерін қажеттілікке орай шалғай шағынаудандарға арнайы қатынап көрсетуде.