Шымкент қаласының әкімі, Мұрат ӘЙТЕНОВ: «ШЫМКЕНТТІКТЕР МИЛЛИОН. АЛ МЕН ЖАЛҒЫЗБЫН»

«Мен сіздің жеке парақшаңызға мәселемді қанша рет жаздым. Сіз оған назар салмайсыз».

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың халыққа есеп беру жиыны кезінде 8-шағынауданның №63 үйінің тұрғыны осылай деп шағым айтты.

Аты жөнін толық таныстырмаған тұрғын жиында «Микрофонға тек өз адамдары шығып жатыр» деп айқайға басты. Кезегі келуін күтуге шыдамы жетпей, байбаламға салған тұрғын осылайша жұрт назарын өзіне аударды. Содан соң әкім Мұрат Дүйсенбекұлы «микрофонды беріңдерші» деп бұйрық берді. Өз кезегінде әлгі  тұрғын өз мәселесін «Мені өз еркімен мемлекет жерін заңсыз меншіктеп алды деп айтады. Бұл қалай? Осыған байланысты Абай ауданы әкімдігі, Шымкент қалалық полициясы мені сотқа қанша сүйреді?» деп айтты.

Өз кезегінде әкім «Сіздің мәселеңіз күрделі  сияқты. Құжаттарыңызды көріп, білмей, сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын. Сізді жеке қабылдауға жазсын»,- деді.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Шымкент қаласының әкімі 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халыққа есеп беру жиынын өткізіп жатқаны белгілі.

Жиын барысында тағы бір тұрғын әкімнің жеке қабылдауына жазылғанын, бірақ әлі күнге дейін онымен бетпе бет сөйлесудің реті түспей жатқаны туралы айтты.

Өз кезегінде қала басшысы «Шымкент халқының саны миллион адам, ал мен жалғызбын. Үлгеру қиын. Сондықтан жұмыс істейік. Бірақ Сізді қабылдауға әзірмін»,- деді.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ