ҚОРДАЙ ОҚИҒАСЫ: 23 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ӨТКЕН

Қордайда Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі облыстық штабтың отырысы өтті. Өңір әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Қордай оқиғасына қатысты мәліметтер жария етілді.

Қордайдағы жанжалға байланысты құрылған облыстық штаб дерегінше, жанжалдан 185 адам зардап шеккен, олардың 34-і ауруханаға жатқызылған. 39 тұрғын үй, 20 сауда орны, 47 көлік өртенген.

Бұл туралы Азаттық радиосы жазады.

«7-13 ақпан аралығында Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбедегі бақылау өткізу пунктінен Қырғызстан территориясына қарай 23 131 адам өтіп, 21 261 адам келген» деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.

Тазарту жұмыстары кезінде 680 тонна құрылыс қалдығы шығарылған. Қазір 55 дүкен, 3 дәріхана, 14 жанар-жағармай станциясы мен 30 коммерциялық нысан істеп тұр.

Сортөбе ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында жоғалған құжаттарды қалпына келтіру бойынша мобильді Халыққа қызмет көрсету орталығы құрылған. Бүгінгі жағдай бойынша орталық арқылы азаматтарға 54 туу туралы куәлік, 48 төлқұжат, 15 жылжымайтын мүлік құжаты, 1193 балаға анықтама, 8 неке туралы куәлік, 1 паспорт берілген.

11-ақпанда Масаншы ауылында өртенген сауда орталығының қалдықтарын тазарту кезінде үйінді астынан адамның күйген денесі табылған. Осылайша 7- ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жанжалдан қаза болғандар саны 11-ге жеткен. Билік жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. Бірақ қанша адам ұсталғанын тергеу мүддесі үшін ашып айтпай отыр. Құзырлы орган тек жанжал кезінде 19 полицейдің зардап шеккенін хабарлады.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз

ПІКІР ЖАЗУ