ТҮРКІСТАН: ЕМДЕУ МЕКЕМЕЛЕРІ COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫНА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚТАРЫН ПЫСЫҚТАУДА

199
0

Түркістан облысындағы барлық ауруханаларда коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары күшейтілді. Емдеу мекемелері жаппай карантинге көшкен. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков пен Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлбану Сыздықова әлемді дүрліктірген пандемияға қатысты  сақтық шаралары туралы мәлімдеді.  

Аса қауіпті инфекциялық індетке қарсы күрес мақсатында  ауруханалардың аумағына жедел-жәрдем көліктерінен басқа жеке автокөліктердің кіруіне тыйым салынып, қатаң қадағалауға алынған. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты науқастарға келушілердің аурухана ішіне кіріуіне рұқсат жоқ. Ал, емханалар өз жұмыс кестелеріне сәйкес, қызмет көрсетуде.   

«Кентау қалалық ауруханасында науқастарды оқшаулауға арналған 50 төсек орын бар. Медицина қызметкерлерінің барлығы дерлік арнайы дәріс алған. Бүгінде ауруханада 75 дәрігер, 240 орта буын және 150 кіші буын медициналық қызметкерлері жұмыс істеуде. Қажеттілік туындаса резервтегі дәрігерлер жұмылдырылады», — деді Кентау қалалық аурухананың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы.  

Ал, Жанболат Бердібайұлының айтуынша,  COVID-19 инфекциясымен күреске Түркістан қалалық ауруханасында 60 дәрігер және 150 орта буын медициналық қызметкерлері дайын. Инфекциялық стационарда 50 төсек орын жасақталған.  Аурухана вирусқа қарсы, дене қызуын түсіретін, қарқынды терапия үшін қажетті препараттар қорымен және қорғаныс киімдері, дезинфекциялық заттармен қамтамасыз етілген.