ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІ СӘУІРДІҢ СОҢЫНА ДЕЙІН СОЗЫЛДЫ

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы кезінде мәлімделді, деп хабарлайды uakit.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында  Президент «15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы» — деп атап өтті.

Отырысқа  облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс режимі арқылы қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтінімен www.akorda.kz сайтынан танысуға болады.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ