Шаяхметовтің тірліктері шатақтау

219
0

0101Жемқорларда ешуақытта тойым болмайтыны анық. «Ала берсем, асай берсем» дейді. Арандары ашылып кеткендері соншалықты, «түйені түгімен, биені жүгімен» жұта салуға құмбыл. Тағы қақалмайды, шайнамайды да. Пейілдерінің тарлығы тағы бар. Өзгелерге тас та татырғысы келмейді. Олар құнығып кеткен. Күндіз-түні ойлайтындары – опыру, қу құлқынын толтыру.

Бүгін біреуі ұсталса, ертең екеуі, арғы күні алтауы… Әйтеуір түгесілмейді, өсіп-өніп жатқаны. Күні кеше Атырауды, қылмыстық қауымдастық құрып, оны өзі басқарған облыс әкімі жөнінде жазып едік, артын ала Шымкенттегі осыған ұқсас жәйтті де жұқалап жұртшылыққа жеткізгенбіз. Енді міне, тап сондай оқиға тағы қайталанды. Бұл жолғысы министрліктен шықты. Онда да ұрпағымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруі тиісті ҚР Білім және ғылым министрлігінен. Қазекем мұндайда: «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» деп айтушы еді. Бізде айтарға сөз жоқ, қолымыздан бар келері – жазу. Соның өзінде «қораға» кіріп кетпейтін сан жолды іздейміз.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов үй қамағына алынып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Шаяхметовке қатысты «шатақ» неден басталды? Қаржы полициясы агенттігінің хабарлауынша, биылғы жылы 14 мамырда Өскемен қаласындағы 700 орындық оқу мекемесінің құрылысы барысында 1,5 млрд.теңге бюджет қаржысын иемдену және талан-таражға салу фактісіне қатысты деген күдікпен Саят Шаяхметов үй қамаққа, «Салынып жатқан ҚР Білім және ғылым обьектілерінің дирекциясы» ЖШС-нің бас директоры А. Пак пен аталған қылмысқа қатысы бар деген айыппен «ЗАК Сервис» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Р. Киреев сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі кезде қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жоқтың қасы.
Дәл осы оқиға орын алып жатқан тұста Өскемен қаласының әкімі С. Тәукебаев өз өтінішімен қызметінен босады. Оңтүстіктің азаматы не үшін ойда-жоқта лауазымынан бас тартты? Тәукебаевтың Шаяхметовтің  «шатақ» шаруасына қатысы бар ма, жоқ па, онысын біле алмадық. Әйтсе де, Арқада қыс жайлы болса, арқардың аумайтыны түсінікті. Ал, қарамағындағы қызметкердің әрекеті үшін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмған аузын ашқан жоқ. Мұнысы «Жатқан жыланның құйрығын баспау ма» әлде басқа ойлағаны бар ма, білмедік. Бірақ, дүйім елді дүрліктірген бұл «шулы» оқиға бәрімізге де абырой әперген жоқ. Жемқорлық жайлаған елдің ертеңі бұлыңғыр екені анық. Айсыз түнде адасқандар көп, жарық күнде жар жағалап жүргендері одан да көп. Қорқыныштысы да сол.

Е. СӘРСЕНБИН