«Шымкент – қауіпсіз аймақтар қатарында»

337
0

4 Ғани Құрманбай, Шымкент қалалық ветеринария бөлімінің басшысы:                                                                  

Бүгінгі «Біздің сұхбаттың» қонағы Құрманбай Ғани Тұрысқұлұлы. Ол – Шымкент қалалық әкімдігінің ветеринария бөлімін басқарады. 1969 жылы ОҚО, Түлкібас ауданында туған. Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қ.А. Иассауи атындағы Халықаралық  Қазақ-Түрік университетін аяқтаған. Мамандығы мал дәрігері, заңгер, экономист. Алғашқы еңбек жолын «Астана» кеденінің жолаушылар бөлімінде инспекторлықтан бастап, 14 жыл осы салада түрлі лауазымды қызметтерде болған. Қазақстан – АҚШ болжамдау және сараптама жасау институтында еңбек еткен соң Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімін басқарды. 2012 жылғы сәуірдің 28-нен бері ветеринария бөлімінің басшысы. Бірнеше марапаттардың иесі Ғани Тұрысқұлұлы 3 қыздың әкесі, өнегелі отбасының тірегі, әріптестерінің ортасында абыройлы жан.

—  Қалеке, әркімге өзінің туып-өскен жері ыстық екендігі анық.Туған жер, өскен орта, ата-ананың тәлім-тәрбиесі жөнінде не айтар едіңіз?
—  Түлкібас – түлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер. Бұл өңір табиғаты бай, қазыналы өлке. Тарихы мен өткені ел өмірінің санасында сақтаулы. Мұнда Түлкібас ауданын бүкіл әлемге паш етіп отырған Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығы бар. Жер жәннаты – Майлыкент өңірінің әр елді мекендеріндегі кәрі тарихтың куәлары: таулары мен құздары, қыраттары мен жоталары, өзендері мен бұлақтары кім-кімді болмасын өзіне баурап алары анық. Менің дүниеге келген жерім – Иірсудің кереметтігін айтуға сөз жоқ. Осындай ғажайып өлкеде туылғанымнан бөлек, Тұрар Рысқұлов. Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртазадай есімдері елге белгілі тұлғалар тұрған, солардың жұтқан ауасына ортақтасқан мен неге мұны мақтаныш көрмеске. Бүгін де бұл өңір ел басқарған азаматтардан кенде емес, талай-талай тарланбоздар түлеп ұшқан ұя.
Әкем мал дәрігері болып, ауыл-аймақтың ғана емес, ауданның мақтанышына айналған жан. Менің де мал дәрігері болуыма әкемнің осы кәсібінің ықпалы болғанын білемін. Қазақты төрт-түлік малсыз көзге елестету қиын. Кешегі кеңес дәуірін де шаруашылықтардағы отар-отар қой-ешкі, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиырдың күтімі мен саулығы жолында менің әкем сияқты мың-мыңдаған мал дәрігерлері күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып, аянбай еңбек етпеді емес пе? Ол кезде ветеринария саласына ерекше мән берілетін, үкімет бұл салаға қаржы аямайтын да. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда мал басы күрт төмендеп, ветеринарияға мүлдем көңіл аударылмай қалды.
—  Сіздің жоғары оқу орнын бітіріп, мал дәрігері мамандығын алғаныңыз да дәл осы тұс емес пе еді?
—  Иә, мен 1994 жылы институтты аяқтаған кезде елімізде мал дәрігері маманына ешқандай сұраныс жоқ-тұғын. Бұл жалғыз менің ғана емес, мен сияқты жүздеген жас мамандардың басындағы жағдай болатын. Сонан кейін ғой,  басқа салаға бет бұрып, біраз уақыт өз мамандығымнан сырт қалғаным. Әйтсе де, еліміз етек-жеңін жиып, аяғынан тұрған соң мал шаруашылығымен қатар, ветеринарияға да барынша көңіл бөліне бастады. Бұл мақсатқа арнайы бағдарлама түзіліп, үкіметтің қаулысы шықты, заңмен қорғалды, қаражат бөлінді. Кәсіби мамандармен толықты. Қазір Қазақстанның мал шаруашылығы бірден бір экономикалық әлеуеті жоғары, болашағы зор саланың бірінен саналады.
—  Ендігі өзіңіз басқарып отырған бөлімнің жұмыс ауқымымен таныстырып, жалпы ветеринария саласы бойынша бірінші кезекте нені басшылыққа аласыздар?
—  Біздің бөлімнің мақсаты – адам мен жануарларға ортақ аурулардан халықтың денсаулығына нұқсан келмеу жағын бақылау, жануарларды аурулардан қорғау және емдеу, олардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды, сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің ветеринариялық- санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2012 жылы бөлім жанынан «Шымкент қаласының ветеринариялық қызметі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны құрылып, үш аудан бойынша учаскелерге бөлінді. Бүгінде кәсіпорында мекеме директоры, директордың орынбасары, аға мал дәрігері, 3 учаске меңгерушілері, 28 мал дәрігері мен ветеринариялық фельдшерлер жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері 279 жануарға ветеринариялық анықтамалар берілсе, жеке және заңды тұлғалардан келген 507 хатқа жауап беріліп, барлығы дерлік бақылауға алынды.
Көпшілік тұрғындар біздің бөлімге базарларда ауру малдың, санитарлық талапқа сәйкес келмейтін еттің немесе сапасыз мал өнімдерінің сатылып жатқандығын айтып, бөлім тарапынан неге шара қолданылмайтынын айтып жатады. Тұрғындардың талабы орынды, әйтсе де, біздің бөлім қызметкерлері тексере алмайды. Тек, тиісті мекемеге осы жөнінде ұсыныс беруі мүмкін. Сондықтан, жоғарыдағы мәселелер бойынша көпшіліктің бізді дұрыс түсініп, өздерін толғандырар өзге мәселелеріне қолдау көрсетуге әзірміз.
—  Аса қауіпті жұқпалы аурулар қазір еліміздің бірқатар аймақтарында тіркеліп, ауырған малдардың өртеліп жатқанынан хабарымыз бар. Бұл тұрғыда сіздердегі алдын алу шаралары жөнінде біле отырсақ.
—  Тұрғындарды қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулар және әлеуметтік маңызды аурулардың таралуы туралы хабардар етіп, малдың жұқпалы, жұқпайтын және инвазиялық ауруларын анықтау, олардан сақтану және оларды емдеу әдістерін қолдану, ветеринариялық- профилактикалық, санитарлық және зоогигиеналық шаралар жүйесін ойластыру, қоршаған ортаны ластаудан, сондай-ақ мал шаруашылықтары мен фермаларда, құс фабрикаларында тұрақты ветеринариялық тазалықты сақтауға, малдан алынатын өнімдердің ветеринарлық-санитарлық жағынан сапалы болуын қамтамасыз етуге бағытталған түсіндірме жұмыстарымыз бен іс-шараларымыз өз нәтижесін беріп, соңғы жылдары Шымкент қаласы мен аудандарында қауіпті ауру тіркелген жоқ. Түсіндірме жұмыстарын жүргізуде бізге БАҚ өкілдері айтырлықтай көмек көрсетті. Нәтижесі сол, Шымкент-қауіпсіз аймақтар қатарында.
2013 жылы қала аумағында эпизоотияға қарсы профилактикалық шаралар, диагностикалық зерттеулер бойынша «Эпизоотияға қарсы шаралар жүргізу» бағдарламасына сәйкес ветеринариялық препараттарды қолдану жұмыстары үшін республикалық бюджеттен 15400 мың теңге бөлініп, биылғы жылдың жартыжылдығында белгіленген жоспар бойынша қан алу, егу жұмыстары нәтижелі аяқталды. Мәселен, сарып ауруын анықтау мақсатында 7473 бас ірі қара малдан, 9009 уақ малдан,  170 жылқы мен 1669 шошқадан, 419 иттен сынамаға қан алынды. Сол сияқты, аусыл, лептоспироз, инан, туберкулез, қарасан, сібір жарасы, құтыру, құс тұмауы, т.б. қауіпті аурулардың алдын алу үшін төрт түлік малмен қатар, шошқа, үй жануарларынан қан алынып, тексерілді. Бұл іс-шара аяқталған соң 27 ауруға қарсы егу жұмыстарын жүргіздік. Тоқмейімсуге әсті болмайды, өз міндетімізге сергек қарап, қауіпті ауруларға қарсы қырағылық танытпасақ болмайды. «Апат айтып келмейді», «Сақ болсаң – сақтаймын» қағидасын қатаң ұстанамыз.
— Дегенмен, тексеру нәтижесінде анықталған ауру мал басы болды ма?
—  Болды. Биылғы жартыжылдықта 4 бас ірі қара малдан, 32 бас уақ малдан сарып ауруының белгісі анықталды. Ірі қаралар арнайы санитарлық мал сою бекетінде ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай сойылса, 30 бас уақ мал «Беккари» биотермиялық шұңқырында залалсыздандырылды. 2 бас уақ мал жоғалып кетті. Мал иелеріне жергілікті бюджеттен 534985 теңге көлемінде өтемақы төленді. Осы орайда, жекеменшік мал иелеріне айтарымыз, қан алу, егу жұмыстары кезінде олар белсенділік танытып, мал басын толық көрсетулерін, ауру малдарын жасырмауларын, қора-қопсыларын ветеринарлық-санитарлық талапқа сай ұстауларын, өлген мал басын залалсыздандыру кезінде өз беттерінше әрекет жасамауларын өтінген болар едік. Сонан кейін, заңға сәйкес әрбір малда бірдейлендіру сырғасы мен мал басын анықтайтын құжаты болуы шарт.
—  Ғани Тұрысқұлұлы, қала көшелерінде, жертөлелерде бос жүрген қаңғыбас ит-мысықтардан қауіп жоқ емес, бар. Оларға қарсы қандай әрекеттер жасалып, нақтылы нәтижелер ұйымдастырылды.
—  Дұрыс айтасыз. «Шымкент қаласында ит-мысықтарды ұстау қағидасы» дайындалып, сараптау комиссиясының оң қорытындысы алынды. Қағида 06.02.2013 жылы облыс мәслихатының сессиясында бекітуге жолданып, кезекті сессияда бекітілетін болады. Қағида белгіленген соң ит-мысық иелеріне аталған қағиданың талаптарын бұзғаны үшін, әкімшілік шара көруге мүмкіндік туады. Егер салыстырмалы түрде алып қарар болсақ, 2012 жылдың мамыр айының 27-не дейін Шымкентте иесі бар 987, иесі жоқ 717 ит-мысықтың және т.б. жануарлардың тістеу оқиғалары орын алса, үстіміздегі жылғы дәл осы мерзімде иесі бар 1122 (23 % көбейген), иесі жоқ 610(17,5% азайған) жануарлардың тістеу  жағдайлары кездесіпті. Жыл басынан  бері Шымкент қаласы бойынша құтыруға қарсы тексеру жүргізіліп, 1125 анықтама берілді. Қуантарлығы, қаламызда бұл аурумен бетпе-бет келген ешкім жоқ. Әйтсе де, қамсыз емеспіз.
—  Кенеден келер кесел де қауіпті екендігі белгілі. Бұл орайда не айтар едіңіз?
—  Биылғы жылы қала бойынша Конго-Қырым қанды безгегі ауруының алдын алу үшін кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 1188,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен – 12947,3 теңге қаржы бөлінді. Нақтылы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бүгінге дейін 14992 ірі қара малы бүркілуден өткізілсе, 26330 уақ малы тоғытылды. 577820 шаршы метрлік қора-жайлар мен оған жапсарлас аумақтар залалсыздандырылды. Залалсыздандыру жұмыстарын «Ветеринариялық қызмет» МКК жүргізді. Бұл мақсатқа 4 автокөлік, 5 арнайы аппарат 13 операторлар мен 4 залалсыздандыру мамандары, 4 дана ОШУ-50 аппараты жұмылдырылды. Қала аумағындағы уақ малдарды тоғытуға арналған 12 арнайы әуіттер іске қосылды. Қала әкімінің шешімімен 7 типтік әуіттер салу мақсатында жер телімдері бөлініп, құжаттары әзірленді. Өткен жылғы мамыр айының 25-не дейін Шымкент қаласы бойынша 549 адамды кене шағу оқиғасы тіркелсе, биылғы жылғы осы мерзімде бұл көрсеткіш 543 болды. Олардың барлығы алғашқы медициналық тексеруден өтіп, тиісті ем-дом алған соң қайтарылды. Алдағы кезде, кенеден келер кеселдің алдын алу бағыттары бойынша ауқымды жұмыстарымыз тоқтамақ емес.
—  Ветеринария саласындағы өзекті мәселе не деп ойлайсыз, олардың шешілуі жолында қандай іс-әрекеттер қолға алынып жатыр?
—  Әрине, жұмыс бар жерде жетістік те, кемшілік те болатыны рас. Сонымен қатар, шешімін күтер мәселелер болатындығы да заңдылық. Бірінші кезекте қалада егеуқұйрықтардың көбеюі қауіп төндіруде. 2011 жылы Шымкент қаласы әкімінің шұғыл шығындарға арналған резервінен қала көлемінде егеуқұйрықтарға қарсы залалсыздандыру жұмыстарына 43 миллион теңге бөлініп, 25 000 000 шаршы метр аймақ залалсыздандырылған еді. Алайда, бұл жұмыстарға жүйелі түрде қаржы бөлу үшін арнайы бюджеттік бағдарлама болмағандықтан, қажетті қаржыны бөлу мүмкіндігі болмауда. Қазіргі кезде егеуқұйрықтармен күрес жұмыстары халыққа түсіндіру жүргізу негізінде ғана шектеліп тұрғаны бар. Санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау мекемелерінің және қала тұрғындары тарапынан арыз-шағымдардың көбеюіне байланысты, егеуқұйрықтармен нақты күрес жүргізуге бюджеттен қаржы бөлінуі қажет.
Шымкент қаласының аймақтарында дератизациялық шаралардың өткізілуі туралы туындаған сұрақтар бойынша «Жедел-Дезинфекция» ЖШС, «Шымкент дезинфекция» ЖШС, Шымкент обаға қарсы станциясы, «Төрт түлік белгілері» ЖШС-і мен келісім-шартқа отырып, кеміргіштер мен шыбын-шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жасауға болады.
Телефондары:
«Жедел – Дезинфекция» ЖШС – 57-08-59
«Шымкент дезинфекция» ЖШС – 53-93-27, 53-92-42, 53-09-84
Шымкент обаға қарсы станциясы -54-54-00
«Төрт түлік белгілері» ЖШС- 32-63-63
«Алия дезинфекция» ЖШС – 56-13-63
«Қалалық дезостанция» ЖШС-53-90-95, 40-73-80
«Оңтүстік» дезстанция ЖШС-22-11-29
Шымкент қаласының 3 ауданы бойынша кеміргіштерге қарсы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жұмысшы топтар құрылды. Жұмысшы топтар 12 рет қала тұрғындарымен  кездесулер өткізді.
Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарының барысы «Айғақ» телеарнасынан көрсетіліп, арнайы әзірленген бейнеролик «Қазақстан-Шымкент», «Отырар» және «Айғақ» телеарналарынан 2013жылғы 30 сәуір мен 5 мамыр аралығында күніне 7 реттен көрсетілді.
Сондай-ақ, жергілікті басылым беттерінде бірнеше мақалалар топтамасы жарияланды. Атап айтқанда, «Шымкент келбеті» газетінің 2013 жылғы 19 сәуірдегі №16 санында «Кеміргіштерден қорғанудың жолы – дератизация», «Тұрғындар жертөлені дәрілетті», «Егеуқұйрықтар – қауіпті кеміргіш», «Панорама Шымкент» газетінің 2013 жылғы 19 сәуірдегі №16 санында «Не создавайте условия для грызунов», «Рабат» газетінің 2013 жылғы 1 мамырдағы №18 санында «Крысы обжигают этажи» атты мақалалар жарық көрді.
Мұнан бөлек қолдан  ұрықтандыру бекеттері қажет болғандықтан, Қайнарбұлақ және Ақтас елді мекендерінен жер телімдері бөлініп, қазіргі кезде олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Құжат әзірленіп болған соң қала әкімдігіне ұсынылып, жергілікті бюджеттен бекет құрылысына қаржы бөлінетін болады.
Алдағы кезде Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мырза шешілуі тиісті мәселеге арнайы назар аударып,қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.
—  Қалеке, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына өзіңіз басқарып отырған бөлімнің де азды-көпті үлес қосып отырғанына көзіміз жете түскендей. Еселі еңбектеріңіз ел игілігіне арнала берсін дейміз.
—  Рахмет!

Сұхбаттасқан Ердәулет СҰЛТАН