Депутаттардың беделі-Ержанның беделі, Ержанның беделі-депутаттардың беделі

145
0

Жақсы жағынан алып қарағанда-«Бедел» деген дұрыс сөз. Сайлаушылар сеніп сайлаған, үлкен үміт артқан, үміттері әлі де өшпеген сол қалаулыларымыздың көпшіліктің арасындағы беделі қандай деген тосындау сауал бізді көптен бері мазалап жүрген. Анау Парламенттегі Сенат пен Мәжіліс депутаттары, олардың белсенділігі мен беделі, салмағы жөнінде әңгіме бөлек. Олар бір демалмайды. Шама-шарқыларының келгенінше елге қатысты мәселелерді шешіп, заңдарды қабылдап, жазғы демалыстарында ел аралап, жұртпен жүздесіп жататынына жаның сүйсінеді. Ондағы комиссиялардың өзі күрделі мәселелерді козғап, оны елдің басшысы мен үкіметтің алдына қояды. Қашан оң шешім шыққанша жандары тынбайды. Жұрттың көкейінде түйін болып тұрып қалған жайларды депутаттық сауал арқылы тиісті салаларға жолдайды, нәтижесін күтеді. Жауабы мен атқарылуына қанағаттанбаса, қайтадан жоғарыдағылардың «мазасын» алады. Өздері де тынбайды, өзгелерге де тыным бермейді. 35
Енді сәл төмен сырғып, облыстағы халық қалаулыларының хал-ахуалына сыни көзбен қарар болсақ, кәдімгідей көңілің пәсейіп, қарның ашып қалады. Облыс аумағындағы ірі мәселелерді қозғап, сеңді бұзып, мәселені қабырғасынан қойып, аты шығып, атағы жер жарып тұрған депутатты тағы кездестірмейсің. Айына, екі айда үш-төрт сағатқа бас қосып, гуілдесіп қалатын депутаттар апыр-топыр күн тәртібіндегі 20-30 мәселелерді шешіп тастайды. Тұрақты комиссияларда қаралған сол мәселелерді депутаттардың өткізіп жіберетіндігіне комиссия мүшелері сене ме, әлде халық қалаулылары сол комиссияға сене ме, әйтеуір қызылкеңірдек болып айтысып-тартысып, маңызды мәселені асықпай қарауға ұсыныс жасап, кейінге қалдырып жатқан сессияны әлі көп көре қойғанымыз жоқ. Мүмкін депутаттың белсенділігі әр сессия сайын ортаға шығып, ұсыныс беріп, шешендік сөзбен сөйлеумен бағаланбайтын шығар. Осы ойымызды түйіндеу барысында біз депутаттардың белсенділігіне баса назар аударғанды жөн санадық. Депутаттың белсенділігі сөзбен өлшенбесе керек. Көптің алдында ділмәрсынбай-ақ, үнсіз ісін тындырып жатқандар болады. Бірақ олардың жариялығы аз болғандықтан сырт жұрт сайлаушылар өздері қалап дауыс берген депутаттарының белсенді тірлігінен аз кездесетіндіктен, көбінесе хабарсыз қалып жатады.
Егер көпшіліктің пікіріне құлақ түрсек, кейінгі шақырылымнан гөрі, оның алдындағы облыс депутаттарының іскерлігі, белсенділігі, жариялығы, сайлаушылармен қарым-қатынасы біршама жоғары болды деген бағамдауды естисіз. Тіпті, қу тілділеу біреулері әзілдесе де, зілділеу пікірін былай білдіріп, бізге еріксіз езу тарттырды, әрі көңілімізге түйткілді ойлар салып жіберді: «Облыстық мәслихаттың бұрынғы хатшысы Әбілқасым Досболов бауырымыз қарапайым «тауық ферманың» бастығынан мәслихаттың хатшысы деңгейіне келіп, төрт-бес жылда тәп-тәуір тірлік істеді. Сессиялар қызу өтті. Ондағы мәселелер БАҚ беттерінде елге толыққанды ақпарат болып тарады. Өзінің сайланған аумағымен шектелмей, облыстың аудан қалаларында жұртпен жиі жүздесті. Досболовты көп таныды. Облыс әкімімен ынтымақты бірлестік жасап, өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосып отырды. Барды бар деу керек. Сол «ферма бастықтықтың» деңгейіне Шардараның ГЭС-ін басқарған Құдайберген Ержан бауырымыз екі жылда жете алмай отыр-ау деп топшылаймыз. Ол кісінің бір келелі кеңестердегі сөзін, елді елеңдететін бастамаларын көре қоймағандықтан болар, белсенділігі төмендеу шығар деп ойлаймыз. Мүмкін біз білмейтін жан сүйсіндірер жақсы істері көп шығар, тек жария болуы жетімсіздік жасап жатыр-ау деген пікірден де ада емеспіз» деген сайлаушының жеке пікірі көптің пірімен астарласып жатқан секілді.
Шындығында депутат деген сөз қазір жалпы қоғамнан, қоғам мүшелерінен алыстап бара жатқандай. Оны біз тек былтырғы 15-ші қантарда өткен сайлау кезінен кейін ұмытып қалған секілдіміз. Сайлаушылардың басым дені «ә, үміткерлеріміз өздері өтіп алғанша аспандағы айдан басқаның бәрін әперуге уәде етеді де кейін ұмытып кетеді, мынау қиын заманда олар да пенде гой, депутаттықтан басқа жұмыстар көп шығар» деп өздерін жұбатады. Осыдан кейін сайлаушының тұла бойында енжарлық, сенімсіздік деген сезімдер пайда болады. Міне бұл депутаттың беделінің төмендеуіне, елмен етене араласуына кері әсер ететін жағдайға апарады. Егер сайлаушысы өз депутатын көзден таса, көңілден қағажу қалдырса, он жерден беделді, ондай сөзді, шынайы сезімді іздеудің қажеті жоқ.
Бүгінгі облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержанды шардаралықтар мен шымкенттіктер жақсы білуі әбден мүмкін. Шардарада су қоймасын басқарды, ал Шымкентте мәслихаттың хатшысы болып отыр. Облыстың ойы мен қырын аралап, үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей тіл табысып, терезесін тең ұстап, хатшылық лауазымы арқылы депутаттық беделдің не екендігін ұғындырып үлгерген Әбілқасым Досболов ағасының өткен күндерінен өнегені Құдайберген  Ержан мырзаға неге алмасқа?
Облыстық кардиологиялық орталықта бас дәрігер болып істейтін депутат бауырымыз Спандияр Бекжігітов өзін сайлаған Бәйдібек ауданындағы жерлестеріне қанша мәрте барып, қай ауылда қай мәселені шешіп, мұқтаждықты қажетсінген қай азаматқа қашан, қалай қол ұшын созды екен? Біз депутат пен мәслихат хатшысының беделі жөніндегі ойымызды екшей келіп, бәйдібектік депутатты қосаққа алуымыздың мәнісі бар. Өйткені біздің журналисттік зерттеуіміз сол ауданның әр ауылына атбасын тіреп, халықтан өз қалаулылары жайында түйінді пікір жинақтауда.
Хатшы Құдайберген Ержанды облыс сайлаушылары әр мереке сайын баспасөз бетінде көпшілікке арнаған құттықтауға облыс әкімімен бірге қол қою арқылы емес, жүзбе-жүз кездессе, кеңессе, ортақ ой өрбітсе қандай ғанибет болар еді. Сондай күндер көбейсін.

Венера ҚАБЫЛБЕКОВА