Бүгінгі басшылар «дуалы ауыз» болудан қалып барады-ау

273
0

Кей кезде үлкен басшылардың аузынан шыққан бірер пікірдің өзі біздің ұғымымызға онша лайық болмай, санамызды сансыратып жатады. Айтылмаған пікірдің мәніне өзіміздің шама-шарқымыздың жеткенінше баға берейік десек, қателесіп кетеміз бе деп те ойланамыз. Жақында ғана қала әкімдерін ауыстыру кезіндегі жиында облыс басшысының айтқан сөздерін, пікірлерін бір басылым тұжырымдап беріпті. Өзі оншама көп те емес. Оқыдық, бірақ тұщынбадық. Неге дейсіз бе, енді соның мәнін там-тұмдап айтып берсек артық болмас.

Әлгі кадр алмастыру жиынында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің айтқан мына бір сөзі мені біраз бей-жай жағдайға қалдырды. Әкім айтыпты:  «… Әкім келеді, кетеді, ал ел қалады. Мені қынжылтатыны біздің облыста ауызбіршілік жағы жетіспей жатыр. Ауызбіршілігіміз болмаса бұл тек әкімге емес, елге де сын». Құп, дәл осындай пікір бір облысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған азаматтың ауызынан шығатын сөз бе? Ел басқарғандарды қазақ «дуалы ауыз» деп жатады. Ол кісілер де соған лайық болып, елдің алдында әр сөзіне мән беріп, өзгелер өнеге етіп қабылдайтындай етіп айтуы керек емес пе? Ал мынау не?

Дұрыс, әкімдер қызметке келеді. Міндетін дұрыс атқарса елі кетерінде қимай шығарып салады, ал атына лайық заты болмағандарға анайылау айтсақ «топырақ шашып» аттандырады. Халықтан асқан сыншы жоқ. Сондықтан да сол халық «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді босқа меңзеп айтпаған. Өзі басқарып тұрған бір облыстың бүкіл халқына әкім мырза «тонын теріс жамылып», тоң теріс мінез көрсетіп, өкпе артқаны қай сасқаны? Әкімдердің елге не үшін, кім үшін керек екендігін Мырзахметовтың шынымен білмегені ме? Мені осы мәселе мүлдем айран-асыр қылғанын, қолыма қалам алдырғанын несіне жасырайын. Өзі басқарып отырған елінде бірлік, ынтымақ, ауызбіршілік болмаса оған кім кінәлі? Қара халыққа қара күйені жаға салуға болмайды. Ел ыдырап, бірлігі шашырап, ауызбіршілігі алауыздыққа айналып жатуының түпкі себебін, негізгі салдарын Асқар бауырымыз әкім ретінде, азамат ретінде ең әуелі өзінің өнбойынан іздеуі керек емес пе? Облыстың көрсеткішіне өндірістік пайыздар сипат бола алмайды. Білгір әкім бірінші кезекте осыны түсінуі керек. Шортаны көлге, аққуы көкке, шаяны шөлге тартып жатса, оған тосқауыл болар, ақылын айтар, уәжге келтірер тұлға – ең әуелі сол елдің басшысы болатындығын кім жоққа шығарады? «Битке өкпелеп тонды отқа салу» оңай, ал сол бит пен отқа дейінгі жағдайды болдырмау қиын екенін саналы басшы, білікті азамат өзінің бірінші кезектегі міндеті етіп қоюы тиіс.
Мен облыс басшысының осы сарындас елге, көпке деген «томпиған өкпешілдігі» көрініп қалып, «аузы бұртиған» пікірлерін бұрындары да оқып жүргенмін. Көптің тізгінін қолға алған азаматқа өз бұқарасына өкпелеу жараспайтын қылық. Арғы жылы анау киелі Ордабасының тауының басында ағайындардың басын қосқан алқалы жиында да осы әкім бауырымыз бүкіл баспасөзге деген өкпесін дүйім елдің алдында айтып, өзін де, өзгені де ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Айналайын-ау, өкпелеудің де, өкпе артудың да жолы, жөні болады ғой. Кейде мен соған түсінбеймін, соншама сауатты, салиқалы азаматтың солай еткені шіли икемге келе қояр ма екен? Гәп осында, ағайын. Топты бастай алмаса, соңынан ертуге қауқары жетпесе, онда «Аязби әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген қағидаға бас ұрған ләзім.
Осынау ащылау, бірақ ашық пікірді айтуға мәжбүрлеген әкімнің жалғыз ауыз сөзінің әлсіздігі, дәрменсіздігі көңілге қаяу, сенімімізге селкеу түсіргендігін ақылымыз асқаннан, данагөй болғандықтан айтып жатқанымыз жоқ. Басшы адам сөйлер сөзін білмесе, оған есеп бермесе кімді кінәлауға болады? Баршаны бір тудың астына біріктіріп, бірлігін нығайтып, алты Алаштың азаматтарының мақсаты мен мүддесін бір арнаға тоғыстыруға шамасы жетпеген басшының «мұң-зары» мен «көзінің жасы» кімге керек? Оны құрғатудан гөрі, көрсетпеген жөн, немесе белдегі шоқпар ауыр болса, оны көтере алатындарға берген дұрыс шығар.
Қарапайым бір аға ретінде айтқан, асқан ақылдылықтан емес айтқан пікіріміздің дұрыс-бұрысын жәутеңдеген жұрт жүзіне қарап отырған әкіміміз өз талғамына салып, қажетін алар деп сенеміз.

Н.ӘЛМЕНБЕТОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы.

Р.S. Біз «Дат» ретіндегі қарапайым қазақтың көңілінен шыққан ащы да болса айтқан пікірін қоспасыз күйінде жария еткенді жөн көрдік. Бұл жерде тырнақ астынан кір іздеу, жала жабу, бәлеқорлыққа бас ұрудың нышаны көрінбейді. Керісінше ақсақалымыз аға ретінде інісіне өзінің шама-шарқына қарай жол мен жөн сілтеп, ағайындық өкпесін, назын айтып отыр. Оның қалай қабылдау, қалай бағалау, қандай нәтиже шығару әкім мырзаның жеке құзырындағы мәселе.  Соңғы кездері шындығын айтсақ елдің ішінде де, сыртында да, жергілікті, республикалық басылымдарда да Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің атына мақтаудан гөрі даттауы молдау пікірлер көбірек айтылып жатыр. Оның түпкі себебіне баруды біз өзімізге дәл қазір негізгі міндет санап отырғанымыз жоқ. Қажет болған жағдай да оны алдағы күндердің еншісіне қалдырмақпыз. «Ищай» деген сөз жақсы емес. Саусақпен санамалай берсе адамның кемшілігін тізбелеп шығуға болады. Ал көптің тағдыры, елдің бүгіні  мен ертеңі, бүкіл тағдыры сеніп тапсырылған азамат сол сенімнің салмағын бағалап, өз тұлғасының биік тұғырын аласартып алмағаны жөн болар.