ЖАМАЛОВ СЕНІМДІ АҚТАЙ АЛА МА?

365
0

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне Бауыржан Жамалов тағайындалды. Бұл облыс халқы үшін оншалықты танымал есім емес. Кәсіпкерлік, индустриялдық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы және туризм салаларына басшылық жасайтын Бауыржан Салдарұлы 46 жастағы кәсіпкер. 1993 жылдан бастап бизнес саласында басшылық қызметтерде болған. Алтыншы шақырылымдағы ОҚО мәслихатының депутаты Б.Жамалов бұған дейін «Мырзакент-холдинг» ЖШС-нің директоры болып қызмет атқарған.

Облыс аумағы аса ауқымды. Серіктестіктің директоры қызметінде отырған азаматтың сан-салалы, кең көлемдегі – ауыр салаларға басшылық жасауы аса қиынға соғуы да мүмкін деген күдік көпшілік арасында тағайындалудан кейін-ақ өзекті әңгімеге айналып кетті. Жамалов жаңа қызметті қалай және қай деңгейде атқарады? Бұрын бір облыс емес, аудан көлемінде мемлекеттік басшылық қызметті атқармаған адамға шындығында да аса ауыр міндет жүктеліп отыр.

Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметінде талай тепкішектен өткен, сен тұр, мен атайын деген азаматтардың өзі тапсырылған міндетті жұмысты атқару барысында аяқтары шатқаяқтап, біреулері аудан деңгейіндегі әкімдікке зорға ілінгендігі, енді біреулерінің аяқты қисық басып, заңның алдында жауап бергендігін еске алар болсақ, жаңа қызметті Жамалов мырзаның қалай атқаратындығына әзірге ешкім, ешқандай баға бере алмайды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кадрлық таңдауда қандай саясат ұстап отырғандығы да осы тағайындаудан кейін талайларды таңдандырғаны жасырын емес. Мүмкін бұл тағайындаудың астарында көпшілік біле бермейтін, тек өңір басшысына ғана мәлім жағдайлар бар шығар? Оңтүстікті басқарған экс-әкімдердің әрқайсысының басында болған кадрдан қателесу жағдайы бүгінгі әкімді де айналып өтпейтін секілді.

«Уақыт».