АПАТТЫҢ ЗАРДАБЫН ЖОЮДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

171
0

Соңғы күндері еліміздегі барлық ақпарат құралдары мен сайттарында Арыстағы апат пен оның зардабын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ең жиі жазылып, айтылып, талқыланып жатқан тақырыптардың біріне айналды. Әскери бөлімдегі оқ-дәрі сақтайтын қоймада орын алған жойқын жарылыс тоғыз жолдың торабындағы тіршілікті бұзып, қаланың топалаңын шығарғаны тұтас елді шошындырып жібергені анық. Сол күні күнделікті күйбең тіршіліктің қамына алаңсыз араласып кеткен Арыс тұрғындары аяқ астынан болған дүмпуі күшті қатты жарылыстан  апырақ-тапырақ күй кешіп, туған жерінен бастарын ала қашқанын еске түсірудің өзі қорқынышты.

Кеше ғана еліміздің ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыстағы апат кезінде темір жолда  түрлі заттар сақталған 460 цистернаның бірде біріне жарылғыш заттардың жарқыншағы тимей, бүтін қалуын адам таңғаларлық жағдай екенін жасырмады. Айтқан жерден аулақ бұл цистерналар жарылатын болса, жарылыс одан бес бетер жойқын болар еді. Ендеше оқиғаның бұлайша ушықпағанына тәубе айту артық емес сияқты.

Билік апат-күлпат кезінде астаң кестеңі шыққан Арыс қаласын бір айдың ішінде қайта қалпына келтіретінін айтып, жергілікті тұрғындардың жүректерін жұбатып жатыр. Осы бағыттағы тиісті жұмыстарға еліміздің барлық аймақтары атсалысатын болады. Қолға алынатын тиісті жұмыстардың жобасы жасалып, оны жүзеге асыру ісі басталып кетті. Оқырмандарға түсінікті болу үшін  жасалып жатқан жұмыстарды ретімен баяндасақ.

Жарылыстан қанша үй жермен жексен болды?

Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй бар. Апат салдарыран ондағы түтіннің  6127-cі  зардап шеккен. 27 үй толықтай қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Апаттан ажары қашқан Арысты қалпына келтіру үшін қала 17 секторға бөлінген.

Әрбір сектордағы бүлінген ғимараттар, сиқы кеткен нысандар, шатыры түсіп, есік-терезелері сынған, қабырғалары құлап немесе жарылған үйлерді, шұрық тесікке толған көшелерді жөндеу жұмыстары республиканың 14 облысына және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына жүктелген. Бүгінде аталған аумақтардан 170 арнайы бригада келіп, 1194 құрылысшы іске білек сыбана кірісіп кеткен. Түркістан облысы әкімдігінің 3-шілдедегі  баспасөз қызметі таратқан дерегі бойынша 748 үйге жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Ал аймақты Арыс қаласында басқарып жүрген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқан әрбір сектордың жұмысымен танысып, жағдайды қатаң бақылауда ұстайды. Әрбір облысқа қарасты тұрғын үйлерді аралап жүрген ол жұмысты дер кезінде аяқтап, сапалы жүргізуді ескертуде.

Әрбір сектордың жұмысын 51 адам үйлестіреді. Олардың қатарында өңір әкімдерінің және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және Арыс қаласынан бір жауапты өкіл болады. Жеке-жеке штаб құрылып, үйлердің құрылысы, гуманитарлық көмек тарату, қауіпсіздікті сақтау, қаланы тазарту, тұрғындарды ақпараттандыру және өзге де мәселелер бойынша күн сайын мәлімет беріледі.

Қалада қауіп жоқ…

Арыстағы ахуал бойынша кезекті рет  ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов қалаға қарасты барлық территория аумағында қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ол еліміздің Қарулы күштерінің әскери қызметшілері жұмылдырылған бұл жұмыстың нәтижесінде 28 мыңнан аса оқ-дәрі табылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол, қала маңындағы Ақдала, Дермене ауылдарын тазарту толық аяқталғанын хабарлады. Қорғаныс министрлігінің өкілі Арыс аумағы мен оған тиесілі территорияларда радиациялық, биологиялық жағдайға мониторинг жасалғанын, қалада радиоациялық фон бірқалыпты екенін нық сеніммен айтты.

Жұмыс жүйеге түсті

Осы аптада Арыста тұрғындарға қызмет көрсететін біраз мекемелер өз жұмыстарына алаңсыз кірісіп кетті. Атап айтқанда зейнеткерлер мен атаулы әлеуметтік көмек алатын арыстықтар тиісті қаржыны әдеттегідей «Қазпошта» және «Халық банкінің» қаладағы бөлімшелерінен алуда. Теміржол стансасының да жұмысы реттелген.

Арыс қаласында 340-тан астам кәсіпкерлік нысан бар. Аталған нысандардың ішінде апаттан зардап шекпегендері қалыпты жағдайда жұмыстарын бастап кетті. Яғни, бірқатар сауда орындары, базар сынды кәсіпкерлік нысандар да жұмысын бастады. Қаладағы дүкендерде азық-түлік пен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар еш кедергісіз тұрғындарға көтерме және бөлшек саудамен босатылып жатқан жайы бар. Мал базарында да төрт түлік сатылымға шығарылған. Ал жарылыстан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандардың иелерін мемлекеттік қолдау күтуде. Бұл туралы сәл кейінірек.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Арыс қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы да төрт сайманын түгендеп, толық қарқында жұмыстарына кірісіп кетті. Осыған орай тұрғындар бүгінде қаетті анықтамаларды алып, жеке бас куәлігі, балалардың туу куәліктері сияқты құжаттарын реттей алады. Қаладағы емханада науқастарды қабылдау тиісті деңгейде орындалып жатыр. Ал аурухана бір айдың ішінде іске қосылмақ. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Егізбаев мәлімдеді. Бұдан бөлек қала аумағында және өзге аудан, қалаларға қатынайтын көлік тасымалының бағыттары қалыпқа келтірілді.

Жан адам жәрдемсіз қалмайды

Бастан өткеру былай тұрсын, көз алдыңа қайта елестетудің өзі үрей тудыратын Арыстағы жарылыс тұрғындардың тірлігін қожыратып тастағаны айдан анық. Өкінішті жағдайдың өтеуі ретінде мемлекет  Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңге беретін болады. Таяуда Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған делегацияның Арыс қаласына сапары кезінде өткізілген мәжілісте осындай шешім қабылданды.

Апта басында өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан жиында облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев бұл бағыттағы жұмысты екі апта ішінде аяқтап үлгеретінін хабардар етті. Сонымен қатар ол, аталған қаржы Арыстағы еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі азаматтардың барлығына, яғни, 44781 тұрғынға табысталатынын айтты. Ол үшін 4 миллиард 478 млн. 100 мың теңге қажет. Оның 2  миллиарды республикалық бюджеттен, 1 миллиарды облыстық бюджеттен  бөлінбек. Облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы арнайы сессияда қаралатын болады. Ал қалғаны облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен құрылған «Түркістан» кроративті әлеуметтік қорына түскен қаржыдан алынатын болады. Өз кезегінде Ж. Аманбаев осы күнге дейін (1 шілде. 2019 жыл) қордың бірде бір тиыны  қозғалмағанын баса айтты. 2 шілдедегі ресми дерек бойынша «Түркістан» әлеуметтік даму корпоротивтік қорына 1 млрд. 200 мыңнан астам қаржы жиналғанын айта кетейік.  Жүз мың теңгені беру механизмін Жолдымұрат Аманбаев «Ешқандай құжат жинаудың, әкімдікке келіп шу шығарудың, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Әрбір тұрғын анықталып, тиісті қаражатты алады. Ал балаларының ақшасы келісім бойынша әкесінің немесе анасының есеп-шотына аударылады»,-деп қайырды.

Апаттан қорқып қалған тұрғындарға көрсетілер материалдық және моральдық көмек осымен түгесіліп қалмайды. Жыл соңына дейін тұрғындардың барлығы салықтан босатылады.

Кәсіпкерлерге көмек көп

Ал кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін 1 пайыздық жеңілдетілген несие берілмек. Оны өтеу мерзімі 4 жылға жалғаспақ.  Билік бұл жеңілдік жарылыс салдарынан ісі кері кеткен Арыстағы біраз кәсіпкерлердің мәселесін шешетінін айтуда. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 миллион, «Даму»  қорынан қосымша 300 миллион теңге аударылмақ. Айтпақшы арыстық кәсіпкерлер де 2020 жылдың 1-қаңтарына дейін тиісті салықтардан босатылады. Бүгінге дейін  Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Соның 258-не жарылыс кезінде  зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Тиісті қаражат бөлінуде.

Бұдан бөлек  Арыста мектеп жасындағы 4 мыңнан астам оқушының жазғы лагерьге баруы, мыңдаған ардагерлерді облыстық ардагерлер үйіне демалысқа жіберу, мүмкінігі шектеулі азаматтарға оңалту орталықтарына жолдама беру бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Ал үйлері бас сауғалауға жарамсыз болып қалған тұрғындар үшін 800 орынға лайықталған лагерь дайындалған. Ол үш мезгіл тамақпен қамтылған.

Гуманитарлық көмекті тарату тікелей көрсетіледі

Аяқ астынан болған апатты жағдайға байланысты республиканың барлық өңірлері «Арыс, біз біргеміз» акциясы аясында жарылыс болғандарға жәрдем ретінде жер жерден гуманитарлық көмектер жолдаған болатын. Соған сәйкес қоймаға 510 тонна тұрмыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналған. 3-шілдедегі дерек көздерінде соның 400-ден астамы халыққа таратылғаны айтылады. Гуманитарлық көмекті үлестіру барынша ашық әрі әділ болуы үшін қоймаларға онлайн веб-камералар орнатылған. Қоймадан тікелей көрсетілімді www.barlau.kz/company/tx/ сайтынан көруге болады.

Сөз соңында аптаның алғашқы күнінде Өмірзақ Шөкеевтің облыстың аппараттық мәжілісі кезінде Арыс қаласын қалпына келтіру мәселесі бойынша  айтқан мәлімдемесін келтіре кетейік. Ол «Мен осында 1 ай болып құрылысты күнде басында тұрып қадағалаймын. Егер қай аудан ұйымдастыра алмаса, жауаптысын жұмыстан босатамын. Ал жауапты облыстар мен қалалар салғырттық танытса, Үкімет басшысына мәлімдеймін. Халықтың мұқтажын жедел шешуіміз керек», – деген-тін.

Президентің Арыстағы жағдай бойынша барлық өңірлердің «бір қолдың саласындай» жұмыс істеу туралы тапсырмасын орындауда қай аймақтың селқостық танытатынын алдағы уақыт көрсететін болады.

 uakit.kz