ШЫМКЕНТ: ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫНА ҚОСЫМША СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ

286
0

Шымкенттегі төрт бірдей медициналық мекемеде өз денсаулығына төнген қауіпке қарамастан өзгенің саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жатқан 500-ден астам қызметкерге қосымша сыйақы тағайындалды. 

Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлайды.
Демеушілер есебінен жиналған 25 млн. теңге қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен №2 қалалық аурухана қызметкерлеріне берілді. Сыйақыдан «Мейірім» және «Атамекен» оңалту орталығында карантин режимінде тоқтаусыз еңбектеніп жүрген медицина мамандары да тыс қалмады.   
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында 2126 медицина мамандарына үстеме ақы төленді.
Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істеген 24 қызметкерге 8,749 млн., екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшерлерге және өзге де 977 медицина мамандарына 294,848  млн. теңге бөлінді.
Ал, үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 1126 медицина маманына 91,166 млн. теңге қаражат қаралған. 
Үстеме ақы алғандар жансақтау  бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері болып табылады. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем көліктерінің жүргізушілері де бар.
Наурыз айында  елімізде жарияланған төтенше жағдай режимінде уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген медицина мамандарына 394,77 млн теңге берілді.
Қарапайым халықтың денсаулығы үшін өз басын бәйгеге тіккен ақ халатты абзал жандарға сәуір айында 514,969 млн теңге беру жоспарланған.
Бүгінде Шымкент қаласындағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда жалпы 3226 дәрігер мен 8493 орта буынды медицина мамандары күн-түн демей  жұмыс істеп жатыр.