ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРГЕ ТӨЛЕНЕТІН СУБСИДИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ

364
0
ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРГЕ ТӨЛЕНЕТІН СУБСИДИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Былтыр Шымкентте ауыл шаруашылығы саласын қолдау үшін 2 848,7 млн. теңге субсидия бөлінген. Келіп түскен өтінімге сәйкес 177 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне мемлекеттік қолдау көрсетілген. Биыл бұл мақсатқа қаралған қаржы 1,2 есеге көбейіп, 3 585,3 млн. теңгеге жетіп отыр. Бөлінген қаржылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне төленетін болады.

Бұл туралы «Көрме» орталығында «Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары және мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру» тақырыбында өткен семинарда айтылды. Шараны қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ұйымдастырды.
Жиынға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, шаруа қожалық иелері, кәсіпкерлер, кооператив өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Жиынның мақсаты – ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін көтеріп қана қоймай, нақты шешімдер қабылдау арқылы саланың дамуына ықпал жасау. Сонымен қатар, нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, экспорт көлемін арттыру болып табылады. Сондай-ақ, қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тағы бар.
Семинарда ауыл шаруашылығын алшаң бастаруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың шаралары туралы сөз етілді. Жергілікті тауар өндірушілерінің тауарларын әлеуметтік дүкен арқылы өткізу мәселесі көтеріліп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың тетіктері айтылды. Бұдан бөлек, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау тақырыптары кеңінен түсіндірілді.