ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

551
0

Былтыр Шымкентте 157 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның ішінде 92 нысан тұрғын үй құрылысы болса, 34 инженерлік инфрақұрылым, 31 әлеуметтік нысан болған. Ал биыл 112 нысанның құрылысы жоспарланып отыр.
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов мәлімдеді.
Басқарма басшысы негізгі басымдық көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына беріліп отырғанын айтты. Атап айтқанда, басқарма тарапынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 79 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Бұл баспаналар тұрғындарға кредиттік және арендалық тәртіппен тапсырылады.
Басқарма басшысы Ербол Ахметов қаладағы «Әкімшілік-іскерлік орталығы», «Шымкент сити» және «Тұран» шағын аудандарында 65 кредиттік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланғанын, оның 33-і осы жылы өз иелеріне тапсырылатынын атап өтті. Соған сәйкес, 2 096 азамат тиімді бағамен баспана сатып алады. Сондай-ақ, қалада 14 арендалық тұрғын үй салынуда. Оның алтауы «Әкімшілік-іскерлік орталығында», 8-і «Тұранда» бой көтеруде. Бұл бағытта биыл 6 үйдің құрылысы аяқталып, 336 пәтер пайдалануға беріледі.
Баспасөз мәжілісінде басқарма басшысы әлеуметтік нысандарының құрылысы туралы «Үшінші мегаполисте биыл 4 370 орындық 9 білім ордасының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін «Тұран» шағын ауданындағы 1200, «Тоғыс» елді мекеніндегі 300, «Сайрамдағы» 300 және 120 орындық 4 мектеп пайдалануға беріледі. Ал 2 450 орындық 5 білім беру нысанының құрылысы келесі жылға өтпелі», -деді.
Брифингте Ербол Ахметов барлық нысанның құрылысы тұрақты бақылауда екенін айтып, осы жылы 61 нысан пайдалануға берілетінін тілге тиек етті.
Айта кетейік, жыл басынан бері пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 97,6 мың шаршы метрге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 590,1 пайыз өсімді құрап отыр.