ШЫМЫРЛАРДЫҢ ШИРЕК ФИНАЛЫ БАСТАЛДЫ

336
0

Кеше  «Шымкент жастар лигасы» жобасының ширек финалы басталды. Мұндай шара үшінші мегаполисте алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Ауқымды спорттық шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Ол аудандық деңгейдегі іріктеу ойындарынан топ жарып, ширек финалға жолдама алған команда капитандарымен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен «Шымкент жастар лигасы» шарасы ұйымдастырылуда. Бұл жоба мектеп оқушыларының спортқа деген ынтасын оятып, қызығушылығын арттыруда. Спорттық сайыс биыл өз мәресіне жеткен соң, келер жылы да жалғасады. Жоба жеңімпаздарына 20 миллион теңге қаржылай сыйақы беріледі. Егер оқушыларымыз өз мектептеріне 20 миллион теңге сыйласа – ол оқу орындары үшін үлкен жетістік, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жобаға қаламыздың 140 білім беру мекемесінен футбол, баскетбол, волейбол, шахмат ойындарынан лигалар құрылды. Жалпы баскетбол волейбол ойындарынан ширек финалға 32 команда шықты. Оның ішінде волейбол ойыны бойынша 16, баскетбол ойыны бойынша 16 команда құрылды. Ал, футбол және шахмат ойындары бойынша қазіргі таңда қатысушылар арасында іріктеу кезеңдері өтуде.
«Шымкент жастар лигасы» жобасы – мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуге, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік-жігерін, табандылығын қалыптастыруға және республикалық чемпионаттарға команда жасақтауға мүмкіндік береді.
Бұл жоба екі кезеңді қамтиды. Бірінші кезең бойынша — 1 наурыз бен 1 маусым аралығында жалпы білім беру мекемелерінің арасында футбол, волейбол, баскетбол ойындарынан турнир ұйымдастырылады. Ал екінші кезең бойынша қыркүйек пен қараша айларында жоғары және орта арнаулы оқу орындарында шахмат ойынынан турнир ұйымдастырылады.
Бүгінде командалардың ойын кестесі бекітілді. Сонымен қатар, Instagram әлеуметтік желісінде арнайы @shymkent_jastar_league парақшасы іске қосылды. Аталған парақшада тұрақты түрде турнир бойынша ақпарат жариялануда.
Айта кетейік, спорттық ойындар санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сәйкес өткізілуде.