ШӨКЕЕВ: «ҚОҚЫС КӨРГЕН ЖЕРГЕ ӘКІМДІ ШАҚЫРТАМЫН»

133
0
Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы көлемінде көктемгі тазалық айлығын өткізуді тапсырды. Облыс әкімі мониторинг топ құрып, әр ауданның тазалығына әкімдердің тікелей жауапты екенін қадап айтты. Жалпыхалықтық сенбілікке жұмылдырылып, туған өңірдің келбетін көріктендіруге күш салуды міндеттеді. Әр саналы азаматтың өзі тұратын аумақтың таза болуы үшін үлес қосуы керектігіне тоқталды.
— Жолдың бойын қоқыс қаптап кеткен. Бұған әр аудан, қаланың әкімдері жауапты. Көктем шықты ма, сенбілік жасап, жан-жақты тазалап, талдарды әктеп әрекет ету керек. Осыны шұғыл түрде қолға алыңыздар. Қоқыстан арылу керек. Неге қарамайсыздар? Мен көрген жерімде сол жерге тоқтаймын да, әкімді шақыртып аламын сол жерге. Үйіңізге қалай қарайсыз, солай қарау керек аудандағы барлық жерге. Тап — тұйнақтай етіп отырмайсыздар ма? — деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 158 полигон орындары белгіленіп, құжаттандырылған. Былтыр 300-ден астам заңсыз қоқыс орны анықталған. Мамыр айынан бастап ғарыштық түсіру арқылы заңсыз күл-қоқыс тасталған орындарды анықтау жұмыстары жүргізілетін болады.
Түркістан өңірінде биыл 250 жаңа білім ұялары, медициналық мекемелер, мәдениет ошақтары мен спорт нысандары бой көтереді. Жолдар жөнделіп, жарық көздері жаңартылып, газ желілері тартылады. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында «Ауыл — ел бесігі» жобасының жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Жоба аясында биыл 100-ден астам елді мекенде 250 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 17 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Нәтижесінде 400 мыңнан астам халық тұратын 105 елді мекендегі әлеуметтік- инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсарады.