КӘСІПОДАҚ – ЖАС МАМАННЫҢ ЖАНАШЫРЫ

34
0

Қазіргі таңда еліміздің білім саласы алдында сапалы мамандарды даярлау, оларды кәсіби ортаға бейімдеп шығару – күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Бұл үрдістен Қазақстандық салалық кәсіподақтар да шет қалмай, білім беру жүйесінің жас мамандарына алғашқы қадамынан бастап жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Осы орайда, Шымкент қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің құқықтық қызметінің басшысы, білікті маман Дүйсенбиев Абзал Жодасбекұлы бірнеше жылдан бері «Мирас» университетіндегі бітіруші түлектердің диплом қорғау емтихандарына Мемлекеттік аттестациялық комиссия мүшесі ретінде қатысып келеді. Дипломдық жобаларды қорғау – студент өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі. Бұл – тек білімді дәлелдеу емес, сонымен қатар болашақ кәсіби қызметіне сенімді қадам басу сәті. Ал бұл үдеріске кәсіподақ өкілінің қатысуы – ашықтық пен әділеттілік қағидаттарының сақталуына кепіл болады. Абзал Жодасбекұлы бұл миссияға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның айтуынша, комиссия құрамында отыру – тек бағалау ғана емес, жас мамандардың көзіндегі үміт пен сенімді сезіну, олардың кәсіби жолға қадам басқан алғашқы сәттеріне куә болу. «Комиссия мүшесі ретінде қатысқан сайын бір нәрсені анық түсінемін: менің алдымда – жай ғана студенттер емес, болашақтағы кәсіподақ мүшелері тұр. Ал олардың сапалы білім алуы мен кәсіби тұрғыда сенімді бастау алуы – бүкіл білім беру жүйесінің болашағына әсер ететін фактор» дейді ол.

Бүгін олар – түлек, ертең – балабақша, мектеп, колледж ұжымының белді мүшесі. Ал кәсіподақ сол кезде де қастарынан табылып, жас маманның еңбек құқығын қорғауда, әлеуметтік жағдайын жақсартуда, кәсіби дамуына қолдау көрсетуде белсенді әрекет етеді. Сондықтан да дәл осы бітіру кезеңінде кәсіподақтың өкілі студентпен алғаш кездесіп, оның еңбек нарығына шығу алдындағы көңіл-күйі мен дайындық деңгейін бақылауы – өте маңызды тәжірибе. Бұл – кәсіподақ пен жас маман арасындағы алғашқы байланыс. Абзал Жодасбекұлы секілді кәсіподақ мамандарының жоғары оқу орындарындағы осы секілді белсенді қатысуы – ұйымның жастар саясатының нақты көрінісі. Ол білім беру саласындағы болашақ кадрлардың кәсіби дайындығын өз көзімен бағалап, оларға мотивация береді, қажет болған жағдайда ақыл-кеңесін ұсынады. Сонымен қатар, бұл тәжірибе кәсіподақ ұйымдарының жас кадрларды ерте бастан қамтып, олармен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл болашақта білім беру мекемелеріндегі кәсіподақ ұйымдарының белсенділігіне, жас мамандардың құқықтық сауаттылығына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Қазіргі білім беру жүйесінде кәсіподақ ұйымдарының рөлі артып келеді. Бұл тек еңбек құқықтарын қорғау ғана емес, жас мамандарға қолдау көрсету, кәсіби бағдар беру, әлеуметтік әділеттілік пен ынтымақтастықты нығайту жолындағы ауқымды жұмыс. Дәл осы миссияны «Мирас» университетіндегі мемлекеттік аттестациялық комиссия жұмысына қатысу арқылы жүзеге асырып келе жатқан Абзал Жодасбекұлы – бұл бағыттағы жарқын үлгілердің бірі. Білім саласының болашағы – жас мамандардың қолында. Ал сол болашақтың жарқын болуы үшін кәсіподақ бүгіннен бастап нақты әрекетке көшіп отыр.