БІЗ ОСЫ ШЫНАЙЫ МҰСЫЛМАНБЫЗ БА?

547
0

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Аса қамқор, ерекше мейірімді Раббымыздың «Оның алды – артында, соңынан қалмай, Алланың әмірі бойынша бақылап, қорғап жүретін періштелер  болады. Қай қауым болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді. Егер бір қауымды Құдай құртайын дейді екен, оған қарсы тұруға болмайды. Бұйырылған жазаны қайырып алатын Алладан басқа ешкім жоқ» («Рағыд» сүресі, 11 – аят) немесе «Естеріңде болсын, қай қауым болса да өздері өзгертпесе, Құдай оларға жазған жақсылығын өзгертпейді. Алла оларды естіп те, біліп те тұрады» («Әнфал» сүресі, 53 – аят) немесе «Естеріңде болсын, қай қауым болса да өздері өзгертпесе, Құдай оларға жазған жақсылығын өзгертпейді. Алла оларды естіп те, біліп те тұрады» («Әнфал» сүресі, 53 – аят) деген аяттарын оқығанда, бір емес, бірнеше ойлар жетекке алады.

Алысқа көзін тігіп, шала жанын күйдірген шөлге бір тамшы су іздеген бір мұсылман ниетіне қарай жолынан құдық табыла кетпесі бар ма. Ішіне түсе сала, жол бойы құлқынын қанжылаған шөлдің алқымынан ала бастады. Бір мәрте де бір шелек суды басына көтеріп салды. Жанын жайландырған ол құдықтан шықса, демін әрең алып, шөлден сұлап жатқан итті көреді. «Халі менен де нашар, қайтсін, мен сияқты құдыққа түсіп, су іше алмайды бұл жануар» деген оймен, қайтадан құдыққа түсіп, аяғындағы етігімен су алып шығып, иттің шөлін басады. Дәл осы сәтте, құдыққа екі рет түскен осы бір мұсылманның мейіріміне Жаратқан Алланың Өзі мейірленіп, иттің аузына тамған судың әрбір тамшысымен күнәсін кешірген екен. Бұл оқиғаны ардақты (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз сахабаларына айтқанда, «О, Расулалла, итке де су бергеннен Алладан марапат бар ма?» депті. «Жалпы, бәріміз кез – келген тіршілікке, тіптен жануарға мейіріммен қарайласатын болсақ, Алла тарапынан берілетін сый бар» деген болатын. Рахымды Жаратушы адамзат жанына құнсыз дүниені екпейді. Мейірімділік пен қайырымдылық, сабырлық пен төзімділік Алланың негізгі нығметтерінен. Олардың мекені — жүрек. Егер, адам оларға ие бола алмай, жүрек ызаға толса, онда мына дүние мұзға айналғаны, парықсыздыққа толса, шірігені. «Тағдырды адам жасайды, ол әркімнің өз қолында» деген біреудің сөзіне «Қолыңнан келсе, тап осы жерге отыра қал да, сол айтқан тағдырыңды қағаз бетіне түсір және сол сызғаныңмен жүріп көр» дегенімде, ойынан ұтылғанын жасырғысы келді ме әйтеуір, не айтарын білместен «Қазір заман басқа» дегенісі бар. Сол айтқан заманы өзгеріссіз өз күйімен бесікше тербетілуде, тек адамзат баласы күнде құбылуда. Ал, мен болсам, шынайы мұсылманның бейнесін күніге іздеп келемін. Неге десеңіздер, «Гүлденген жас Қазақстанның мұсылманы қандай болуы керек?» деген сұрақты маған жиі қояды. Оған жауап беру қиын емес әрине. Керісінде, күні кеше азаттық алған, бүгінде алаулаған қазақ елінің мұсылмандарына көкірегімді кернеп, көкейіме жиналған сұрақтарым бар.
Жаратқанның  алғашқы Адам атасы мен Хауа анасын Жәннаттан шығарған не? Нұх (ғ.с.) Пайғамбарымыздың қауымы неліктен топан су астында қалды? Жүректері тоқтап, жойылған Самуд елі ше? Алланың қаһарымен жермен жексен етілген Лұт қауымы не болмаса отқа қырылған Шұғайып қауымы? «Мен Құдаймын!» деп, теңіздің астында шөгілген Перғауын не болмаса кейбір тайпалардың доңыз бен маймылға айналуына не себеп? Дүниенің бастауы мен ақырын баяндаған қасиетті Құрандағы дүниенің ақыры қандай? «Күнәдан жиіркенетін және ғибадаттан ләззат алатын адам – шынайы мұсылман» деген Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың сөзі бар. Бүгінде, бірін – бірі көре алмай, таяқпен шұқыған, көрсе де аяқпен нұқыған заманды орнатқан біздер Алланың алдында қандай күйдеміз? Күнәдан жиіркенеміз бе осы,  оның азабын білеміз бе? Құдайын ұмытқанды Құдай да ұмытады дей ме? «Менің Раббым жаңылмайды да, ұмытпайды» («Таһа» сүресі, 52 – аят) Сондықтан, Алла тағала ешқашан да ештеңені ұмытпайды. Алланың қаһарына сенеміз бе, мүмкін Оның барына жүрегімізде күмән бар шығар? Өмірдің ақыры өлім болса, сол өлімді соңғы рет қашан немесе күніге еске аламыз ба? Мұсылман бола тұрып, күнәға неге селсоқ қараймыз?  Жүрек, тіл, дене, мал ғибадатымен соңғы рет қашан Раббыны еске алдық? Имам Ғазали «Күнәға оңай барудың себебі өткен күнәні ұмытқандығы» деген. Кеудедегі  жүректі соңғы рет қашан ақтарды? Онда ғибадат бар ма, тәубе мен қанағат ше, иман мен сабыр, тыныштық бар ма? Мүмкін өсек, құнсыз әңгіме, ғайбатқа толды ма? Оны соңғы рет қашан тыңдады, не тілейді, нені қалайды, неге ұмтылады, біледі ме? Нәпсіге соңғы рет қашан тегеурін қойылды, жалғаннан сүрінгенде ме әлде біреу аяқтан шалғанда ма? Соңғы рет қашан ұзын көйлекпен етек – жең босады, басына орамал жауып не тақия киіп, Аллаға қолын жайып, сәжде ете дұға тілеп, құран оқыды ма? Соңғы рет қашан тағдырына көндікті, оған ризашылық етті ме? Жұт дегенді білді ме, аштықты сезді ме? Қарғыс естіді ме, жоқтықтың қадіріне жетті ме? Соңғы рет қашан әркім өзін есепке алды, Хақ алдындағы сұрақтарға дайын ба? Құрығанда, өзінің мұсылмандығын дәлелдейтін кәлиманы айтты ма, баласына үйретті ме? Біреулер, мүміндікке мұсылман болса жеткілікті, ал мұсылман болуға көп нәрсе қажет емес, оның құлшылығы жетеді дейді. Діні мұсылман еместің тілі мұсылман болғаны керек пе Аллаға, біз осы шынайы мұсылманбыз ба? Оның бейнесі қандай, амал жасайды ма, өмірі қандай болу керек дегенді ойлаймыз ба бір сәт? Жарқын ел жалпылдаған тілімен ішімдіктен қашып, темекісін тастаған, бес уақыт намазын бастаған мұсылманға «Құдайға берілген!» деген айдар тағатын болды. Ол сөзге ой салмаймыз да. Құдайға берілмесек, бәріміз қайдан келдік? Сол сөзді айтқан адамның кеудесінде мұсылман болуға қадамды талпынысы, тырмысуы бар ма? Оның майын тамыза әңгімелейміз. Қазіргі заманның озық үлгісінде сол мұсылман сақалсыз бірінші орында. «Сақалы құрсын, тіпті өсірме де, жұрт уахабист санайтын болады» деп, Алланың нақты тыйымына мән бермей, ел көзіне жарбау болғандар «Шашы ұзынның ақылы қысқа» дегенді ұмытып, «Сақалы бардың діні басқа» дейтін болды. О замандағы шашы ұзынның ақылы қысқарса, бұ заманда сақалы ұзынның балағы қысқарған. Ата дініміздің жанына күйе жаққандардың діні бөтен болмағанымен, ділі басқа. Ата сақалы аузына жеткен көнекөз қарттарымның көзі алтын, сөзі маржан еді. Анадайдан ағарған қаба сақалын көргенде сөзден тиылатынбыз. Қазір ақсақалды құрметтемек түгілі, қариялар қалмады арамызда, сорақысы сақал таба алмай қалдық. Судың да сұрауы бар, дәретте де ысырап бар дегенге құлақ аспаған мұсылман қышқыра дәрет алғаны бір басқа, үстіне шелектеп су құяды. Намазын бастап, сосын оқымай кеткен бәтшағар «Қиын болды, жұмысыма кедергі, кіріге алмай, тастап кеттім» дейді. Ол намазды тастаған жоқ, естеріңізде болсын, қасиетті намаз оны  тастап кетті. Ертеңгі күні Жәннатқа апаратын сол намаз!
Бүгінде, халқымызда жақсы адам азайғандай. Шетінен бәрі түкке тұрғысыз «шірік» болды. Әйтеуір, дамыл таппаған ауыздардың көзіне көрінген анау да, мынау да, үлкен де, кіші де, билік те, биші де жаман. Сонда жақсы адам бар ма өзі арамызда, жақсылықты кімнен іздейік? Жақсыға шақырып, жаманнан тыйғанды келек етеді. Халқын жек көрген батырдың дауасы болады ма немесе елі сүймеген ұлының басар тауы бар ма? Бірде сахабаларымен Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз ұлы дінді насихаттау сапарында бөгде бір елдің маңайына жетеді. Ал, ол елдің жұрты Оның (с.ғ.с.) жолына таудай тас үйіп, жапа – тармағай лағынетпен қарсы тас шөкелейді. Бүтіндей бір елдің бұл ісіне сахабалары үнсіз тұра алмапты. Қайтарым жауап ретінде көздеріне тиген тасты кері өздеріне  лақтырады. Бұған асқан сабырлықпен үнсіз, жауап қайырмаған (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз, жолынан кері қайтпастан, Алладан дұға тілеген екен. Ал, сахабалары «Неге жауап қайырмайсыз, бұл атқан тастары дінімізге атылған тас емес пе?» дегеніне «Олардың жүректерін Алла мекендемеген, әлі ештеңе түсінбей отыр» деген еді. Мөлшерсіз деңгейде санасы әбден уланған бір нашақор адамды осы әдетінен тоқтатып, өмірін аман ету үшін, оны жүз күнге қамап ұстаған ғылыми тәжірибе көрсеткіші әлсіздік танытқан. Нәтижесінде қасиетті дініміз  оған тоқтам қойған. Сондықтан, «Бұл дүниеде бір Жәннат бар. Кім ол Жәннатқа кірмеген болса, онда ақыреттегі Жәннатқа да кіре алмайды» деген бар. Екі дүниенің де Жәннаты хақ дінімізге байланған имани жүректегі сенім. Дінсіз адам өмірден мақрұм, бәрінен ада болады. Ендеше, дін еріккеннің ермегі, көшкен жерде талқылайтын, әр бұрышта қалдыра салатын ойыншық емес! Ерте ме, кеш пе әркімнің жүрегіне Алланың құдіреті қонады. Сонда, сол бақты әрқайсымыз ұшырып алмай, жүрегімізбен аялап, ниетімізбен қорғай білейік. Ал, дүниеде сұрақтардың жауабын тапсақ, шынайы мұсылман боламыз. Екі дүние сұрағымыз жеңіл болсын. Әумин!

Нұрлан Байжігітұлы Асанов,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Өскемен аймақтық өкіл имамы.