ҚАЛДЫҚТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ КӨРСЕТКІШІ ҚАНДАЙ?
Былтыр Түркістан облысында орта есеппен 110 мың тонна қоқыс жиналған. Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтардың 17 мың тоннадан астамы қайта өңделді. Осылайша жергілікті билік қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үлесін 16 пайызға жеткізген. Облыс әкімдігі 2022 жылы жиналған қатты тұрмыстық қалдықтардың кәдеге жарату үлесін 19 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысын жалғастыруды да назарда ұстайды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 158 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Өкінішке орай олардың 20 пайызы ғана тиісті стандарттарға сәйкес келеді. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Сондықтан да мәселе еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экология комитетінде күн тәртібіндегі мәселе болып тұр.
Оның үстіне тұрмыстық қатты қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастау, айналаны ластау жығылғанға жұдырық болуда. Алайда мәселеге араша түсіп жатқандар бар. Қоғам белсенділерінің экологиялық заң бұзушылық фактілерін жедел түрде хабардар етуі аймақтық экология департаменттеріне қоршаған ортаның ластану жағдайларын жедел анықтауға және жолын кесуге, ал жергілікті атқарушы органдарға нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Жаңа экологиялық кодекске сәйкес қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратумен, қайта өңдеумен және жоюмен тек осы қызметке лицензиясы бар мекемелер ғана айналыса алады және тасымалдаушы жүк көліктеріне GPS-датчиктерін орнату талаптардың бірі болып табылады.
Бұдан басқа, қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу саласымен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны жайлы хабарлама беруге міндетті.
Қазіргі таңда, Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен және өңдеумен айналысатын 22 мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 19 мекеме қалдықтарды бөлек жинаумен және сұрыптаумен, 3 мекеме қалдықтарды өңдеумен айналысады.
Былтыр Түркістан облысының әкімдігі Қазығұрт ауданында бес жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салды. Созақ және Ордабасы аудандарында сегіз полигонның жобалық-сметалық құжаттары дайын. Кентау, Арыс қалаларында, сондай-ақ Қазығұрт, Бәйдібек, Келес аудандарында 37 полигон салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.