СПОРТ ПЕН БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫНЫҢ САНЫ КӨБЕЮДЕ
Айта кету керек, «Халық қатысатын бюджет» жобасының ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынғаны белгілі. Күні бүгінге дейін шымкентте бірқатар нысандар аталған жоба аясында пайдалануға берілді. Нақтырағы, тұрғындар ұсынысымен өткен жылы 41 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылған. Биыл ІІ кезеңмен 73 көпқабатты және жеке сектор бойынша 6 мекенжай абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы тұрғызылуда. Жобаға енген Базарқақпа тұрғын алабы, Ю.Сареми көшесінде орналасқан 7 көпқабатты үйдің ауласындағы жұмыстар барысымен танысуға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Абаттандыру жұмыстарымен қоса балалар ойын және тренажер алаңшасы салынатын аула жұмыстары қараша айының соңына дейін толық аяқталады.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. 2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады. Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.