ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ТӨРАҒАЛАРҒА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУДЫ ТҮСІНДІРДІ
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері қала аумағындағы сайлау учаскелерінің төрағалары, хатшылары мен қызметкерлеріне «Өрт қауіпсіздігі» бойынша түсіндіру жүргізді,-деп хабарлайды uakit.kz.
Түсіндіру кезінде төтеншеліктер ҚР «Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» Заңына сәйкес сайлау учаскелерін ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі туралы айтты.
Аталған заң аясында әрбір сайлау учаскесінде оның жұмысы басталғанға дейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей ұйым басшысы төмендегідей қағидаларды сақтауды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, сыртқы және ішкі өртке қарсы су құбырларының (міндетті түрде су жібере отырып), жарықтандыру және күштік желілерінің, түтінге қарсы желдеткіштің және автоматты өрт дабылы жүйелерінің жарамдылығы тексеріледі. Сондай-ақ, тексеру еркін нысанда акт жасау арқылы жүргізіледі. Барлық кемшіліктерді ұйым басшысы сайлау учаскесінің жұмысы басталғанға дейін жояды. Анықталған кемшіліктерді жою нәтижелері бойынша немесе олардың болмауы бойынша сайлау учаскесінің жұмысқа дайындығы туралы акт жасалады (актілер сайлау учаскесінің жұмысы аяқталғанға дейін объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты адамда сақталады).
Өртке қарсы қорғау құралдарының болуы, жарамдылығы және қолдануға тұрақты әзірлігі қамтамасыз етіледі. Сайлау комиссиясының мүшелерімен және қызмет көрсету үшін тартылған персоналмен қол қойғызып, өрт қауіпсіздігі шаралары және өрт кезіндегі іс-қимылдар туралы нұсқама жүргізіледі.
Тамақ дайындауға арналған орындар белгіленеді және қыздыру аспаптарын пайдалану айқындалады.
Темекі шегуге арналған орындар анықталады және жабдықталады.
Сайлау учаскелері ғимараттарда екінші қабаттан жоғары орналастырылмайды. Ғимарат ішінде уақытша сауда, буфеттер ұйымдастыруға, кино және бейнефильмдер көрсетуге жол берілмейді.
Дауыс беруге арналған үстелдерді, кабиналарды, жәшіктер мен жабдықтарды орналастыру адамдар мен материалдық құндылықтарды қауіпсіз эвакуациялауды қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылады.
Сайлау учаскелерінің үй-жайларында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын қоспағанда, ашық отты пайдалануға байланысты құрылыс, жөндеу және басқа да жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ от жағуға, қоқысты, қалдықтарды, ыдыстарды жағуға және электрмен-газбен дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді. Көрсетілген жұмыстар қызмет көрсетуші персоналдың тұрақты бақылауымен жүргізіледі.
Сайлаушыларды тіркеу, бюллетеньдерді беру орындары, дауыс беруге арналған кабиналар әр жерге орналасқан кемінде екі эвакуациялау жолмен қамтамасыз етілген үй-жайларда орналастырылады.
Сайлаушылардың қозғалысы адамдарды қауіпсіз эвакуациялауды ескере отырып ұйымдастырылады. Адам ағындарының қозғалыс бағыты көрсеткіштермен белгіленеді.