ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА 160 АЯЛДАМА ОРНАТЫЛДЫ

120
0

Шымкент қаласының  орталық көшелеріне ағымдағы жылы заманауи үлгідегі жаңа 160 аялдама орнатылды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қалған аялдамаларды қазан айының соңына дейін толығымен аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, жаңа типтегі шыны барлық аялдамалар жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат, елді мекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру. Сала мамандарының айтуынша, аялдамалардың ұзақ сақталып қаламызды көркейтіп тұруы тек сапасына ғана емес, қала тұрғындарының жауапкершілікпен қарауына да байланысты.

Ал, қолданысқа жарамды ескі аялдамалар қала аумағына қосылған елдімекендер аумағына орналастырылуда. Атап айтқанда, Жыланбұзған, Маятас, Қарабастау тұрғын алаптарының аялдама орны белгіленген жерлеріне орнатылуда.  Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны бар, қалғаны аялдама белгілері орнатылған.

Жалпы Шымкент қаласында қоғамдық көліктерге бақылау күшейген. Тиісті шаралар да көріліп келеді. Енді алдағы уақытта жаңа бағыттар ашылып, жолаушылар тасымалы жеңілдей түспек. Бұдан бөлек, бұрыннан бар бағыттардың өзі жаңа автобустармен толығып жатыр. Әлеуметтік мәні бар қалалық нөмірі №55 және №149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Қыркүйек айынан бастап аталған бағыттағы жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметіне кіріседі. №149 автобус маршрутына 4 бірлік қосылып, жалпы саны 10 автобусқа артты. Ал, №55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады. Айта кетейік, жаңалау жұмыстары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісімшарттар негізінде атқарылды. Жалпы бүгінде қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер саны 1000-ға жуық. 78 тұрақты қалалық маршрут бойынша күнделікті маршруттарға 843 автобус шығады. Жекеменшік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрайды.