ЭКОНОМИКА — ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Бүгін ақпарат-насихат тобының мүшелері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы Шымкент химия компаниясының жұмыскерлерімен жүздесті.
Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Баршагүл Исабек Президент Жолдауында көтерілген тақырыптарды атап өтіп, қарапайым еңбек адамына тиер пайдасына тоқталды. «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының біріккен отырысында жасаған Жолдауында негізгі бес тақырыпты көтерді. Соның ішінде ел өмірінің экономикалық-әлеуметтік саласына баса назар аударылып отыр. Мысалы, қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзарту сияқты жаңашылдықтар оралады. Мұның барлығы ел игілігі үшін орындалатын тапсырмалар» – деді Баршагүл Қашқынқызы. Жалпы Шымкент химия компаниясында метил-трет-бутил эфир өнімдерін шығарады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 57 мың тонна өнімді құрайды.
Бұған дейін құрамына қоғамдық кеңестің мүшелері кіретін ақпарат-насихат тобының өкілдері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Lux shoes» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездескен еді. Онда ел президентінің Жолдауда тілге тиек еткен бастамалары мен міндеттері сөз болды. «Биылғы 5 маусымда жалпы халықтық референдум өтіп, еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ал жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында президент сайлауы мен парламент сайлауы өтетініне тоқталды. Бұл – елімізде соңғы жылдары орын алып жатқан саяси реформалардың жалғасы іспетті оқиғалар. Өздеріңізге белгілі болғандай, ел Президенті 7 жыл мерзімге бір рет сайланады, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді. Мұны айтып отырған себебіміз, «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Сондықтан, еліміздің әр азаматы қоғамдағы өзгерістерден хабардар болып отырғаны да дұрыс. Көбіңіз ұл-қыз өсіріп отырған боларсыздар, Президент Жолдауында айтылған маңызды жаңалықтың бірі – Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы еліміздегі кәмелет жасқа толмаған балалардың арнайы шотына 18 жасқа дейін аударылып отыратын жаңалық та бұрын-соңды елімізде болмаған. Бұл да болса халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі деп санаймын» деді өз сөзінде Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Шалатай Мырзахметов.