ЖОЛДАУДАҒЫ НАҚТЫ ҚАДАМДАР ҚОҒАМҒА ТҮСІНДІРІЛДІ

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жұмыстары Қаратау ауданы «Нұрсәт» өнер мектебінде жалғасты. Кездесуге AMANAT партиясы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Талғат Балтабаев, Айжан Наимбекова және Қаратау ауданының тұрғындары қатысты.
Іс-шара аясында мәслихат депутаты Талғат Балтабаев Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шешімдердің жиынтығы. Мемлекет басшысы өзінің бес бағыттан тұратын Жолдауында экономиканың өсуіне қатысты бірқатар реформаларды ұсынды. Ұлттық қордың пайдасы қарапайым халық үшін қызмет ететіні көпшілікті қуантқан жәйт. Сонымен қатар, әйелдердің зейнетке шығу жасы 61-ге төмендегені де жағымды жаңалық болды. Бала күтіміндегі аналардың ақылы демалысы бір жарым жылға дейін ұзартылатын болды. Бұл да декреттік демалыстағы аналардың пайдасына шешілген мәселе» — деп атап өтті Т.Балтабаев. Жиын соңында тұрғындар әлеуметтік салада мазалаған бірқатар сұрақтарына жауап алды. Жолдау жүктеген міндеттер туралы өз ойларымен бөліскен тұрғындар өзгерістер жолындағы барлық реформаларын қолдайтындарын да жеткізді.

Айта кету керек, ҚР Президентінің биылғы Жолдауын іске асыру бойынша «Петроказахстан» компаниясының қызметкерлерімен жиын өтті. Жиында қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер Ербол Жолбарысов Жолдаудың мән-маңызына тоқталып өтті.  «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік салаға көңіл аударды.  Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшері 2023 жылдан бастап 70 мың теңге болады. Қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды.  Бұл ел игілігі үшін жасалып отырған нақты қадамдар» — деді жиын барысында Е.Жолбарысов. Аталған компания еліміздегі ірі мұнай өңдеуші зауыттың бірі. Жақында ғана Президент Шымкентке жасаған сапарында аталған компанияның жұмысшыларымен кездескен болатын. Жиын соңында компания қызметкерлері Мемлекет басшысының Жолдауын бірауыздан қолдайтынын жеткізді.