МЕГАПОЛИС БАСШЫСЫ ДІНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов діни бірлестік өкілдерімен кездесіп, Рухани келісім күнімен құттықтады, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қазақстан — зайырлы мемлекет, сол себепті дәстүрлі діни конфессиялардың жұмыс істеуіне ешқандай шектеу жоқтығын тілге тиек еткен шаһар басшысы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты — бейбітшілік пен келісімді нығайту. Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Адамзат өмір бойы үнемі тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруі тиіс екенін атап өтті.
«Конституция барлық азаматтарға, оларды наным сенімдері бойынша тең құқық берді. Биыл қыркүйек айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың басшылығымен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі» өтті. Сонымен қатар, Рим Папасы Францисктің елімізге жасаған тарихи сапарын атап өткен жөн. Мемлекеттік саясат біздің діни бірлестіктеріміздің бейбітшілігі мен рухани келісімі негізінде дами түседі»,-деді М.Әйтенов.
Айтып өтейік, Шымкент қаласы аумағында 12 конфессияны білдіретін 121 діни бірлестік тіркелген, 9 миссионер бар.
Кездесуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының бірінші орынбасары Ақтамберді Мұсабек, «Свято-Никольский кафедральный собор приходы» жергілікті діни бірлестігінің протоиерейі Могилевский Александр Валерьевич, «Шымкент Евангелдік христиандық «Сун Бок Ым» шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің пасторы Тен Михаил Валерьевич, «Сәби Исаның — Әулие Терезасы атындағы Рим-католик приходы» діни бірлестігі жетекшісінің орынбасары Риварола Хернан Рикардо және т.б. дін өкілдері қатысып, діндегі ахуал, тұрақтылық туралы сөз етті.
Жиын соңында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов мерекеге орай, конфессия басшыларына алғыс хаттар табыстады.