КҮЙІК АЛҒАНДА АЛҒАШҚЫ КӨМЕК
Өрт – тілсіз жау. Одан келер зардап көп. Жалын материалдық құндылықтардан бөлек, адам шығынын әкеліп жатады. Көп жағдайда шарпыған оттан адамдар түрлі дәрежедегі жарақат алады. Қызыл жалыннан зардап шеккен адамға алғашқы көмекті дұрыс әрі дер кезінде көрсете алсаңыз көп ұзамай аяқтан тұрып кетеді. Ал алғашқы медициналық көмек шаралары неғұрлым ұзақ қабылданбаса, адамның жарақаты соғұрлым ауыр болады.
Осы ретте Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері күйік шалған кезде алғашқы көмек туралы түсіндіру жасайды,-деп хабарлайды uakit.kz.
Күйіктің төрт дәрежесі бар. Атап айтқанда терінің қызаруы, ісіну; көпіршіктердің пайда болуы, күйік орнында қабыршақтың пайда болуы және тіннің күюі.
Бірінші және екінші дәрежелі күйіктер кезінде зардап шеккен бетті ағынды сумен 10-15 минут салқындату керек. Содан кейін таза шүберекпен жабу керек. Ал үшінші және төртінші дәрежелі күйік кезінде күйдірілген бөлікті таза дымқыл таңғышпен жабу қажет. Алғашқы медициналық көмек шаралары неғұрлым ұзақ қабылданбаса, адамның жарақаты соғұрлым ауыр болып, баяу жазылады.
Қандай да бір өрт болған кезде зардап шегушіге жоғары температураның әсерін тоқтату, жалынды сөндіру, оның киіміндегі отты өшіру және оны зақымдану аймағынан алып шығу керек. Сондай-ақ ауданы мен тереңдігін нақтылаңыз. Зардап шегушіні таза жаймаға орап, шұғыл түрде медициналық-санитарлық бөлімге жеткізу керек. Аздап күйген жағдайда, күйдірілген аймақты суық су ағынының астына 10-15 минутқа қоюға болады. Бірақ бұл әдісті кең күйіктерге жасауға болмайды. Күйік орнындағы киімді кесіп, күйіктің айналасына асептикалық таңғыш салған дұрыс, ал мақтаны қолдануға болмайды. Егер күйік алу кезінде саусақтарыңыз зақымдалған кезде оларды таңғышпен ораған абзал.
Күйікке түсіп жараланған адамды емдеу мекемесіне тасымалдау кезінде оған тыныштықты қамтамасыз ету қажет.
Ауруханада қарқынды ем алып жатқан кезде зардап шегушіні жалғыз қалдыруға, күйдірілген жерге жақпа май, өсімдік майын жағуға, ұнтақтарды себуге, көпіршіктерді тесуге, киімнің қалдықтарын күйік бетінен алып тастауға, ауыз қуысының күйіп қалуы кезінде сұйықтық ішу және тамақтануға болмайды.
Күйіктің сипаты әртүрлі болады. Жалынмен күю, ыстық суға түсу, химиялық заттардан және т.б. күйік алу.